Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Негізгі ұлттық тестілеу 18 мамырда басталды, талапкерлер 5 шілдеге дейін білімдерін сынайды. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген.
Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Фото: ОКҚ
"Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасын орындауды жалғастырамыз. Бұл ретте гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарды қамтиды. Сондай-ақ, тығыз орналасқан, жаңа құрылған және батыс аймақтарындағы жастар үшін де арнайы грант бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квота саны артып, 6280 грант бөлінді. Ал "Серпін" бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді", – деді вице-министр.
Бұл ретте Қуаныш Ерғалиев "Серпін" бағдарламасы аясында жұмыс арқылы өтеу мерзімі биыл қысқарғанын атап өтті.
Бұрын түлек 3 жыл бойы грантты өтеуге уағдаласатыны туралы келісімге келсе, қазір бұл мерзім 2 жылға азайды. Аталған жобаға қатысты тағы бір жағымды жайт – грантты жұмыс арқылы өтеуге білім алған аймақта ғана емес, бағдарлама аясында қамтылған басқа өңірлерге баруға болады.
Вице-министрдің айтуынша, биыл бөлінетін білім беру гранттарының жалпы саны 88 мыңға жеткен.
"Оның ішінде бакалавриатта оқу үшін 73 мың грант, магистратураға – 13 мың, докторантураға 1890 грант бөлініп отыр. Биыл грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндеріне қатысты өзгеріс болмайды. Яғни, 13-20 шілде аралығында грантқа құжаттарды қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялауды жоспарлап отырмыз. Жоғары орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады", - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі.
2022-2023 оқу жылынан бастап "Информатика" пәні ҰБТ бейіндік пәндер тізіміне енгізілді.
"Осыған байланысты білім беру бағдарламаларының "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар" топтарына түсетіндер", "Ақпараттық қауіпсіздік" ҰБТ-ны "Математика – информатика" комбинациясы бойынша тапсырады", - деді ОКҚ брифингінде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Сондай-ақ, "Қазақстан тарихы" және "Оқу сауаттылығы" пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді "Қазақстан тарихының" бір нұсқасында 20, "Оқу сауаттылығы" бойынша 15 тест тапсырмасы болады.
"Шекті балл өзгерген жоқ: "Құқық" және "Педагогика ғылымдары" бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)" - кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" , "Ветеринария" – кемінде 60 балл, Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға – 50 балл жинау керек", – деп қосты Ерғалиев.