Шетелдік онлайн-казинолар Қазақстанда наразылық шараларына ықпал етуі мүмкін

1903

Қазақстандықтар ойын-сауықтың жанданғанын қалайды. 

 Шетелдік онлайн-казинолар Қазақстанда наразылық шараларына ықпал етуі мүмкін

Пандемияның кең таралуы және төтенше жағдайдың енгізілуі салдарынан еліміздегі барлық ойын-сауық орталығының жабылғаны мәлім. Үйде отырып, іші пысқан азаматтар биліктен интернет пен телеарналарда көңіл көтеруге және ойнауға арналған бағдарлама-жобаларды көбейтуді талап етіп жатыр. Мысалы, "көгілдір экраннан" бұқараға арналған лото ойынын іске қосуды, ал ғаламторда мемлекеттік онлайн-казинолар және букмекерлік портал ашуды ұсынады.

Індет әкелген дағдарыс сонымен бірге мүмкіндіктер де ұсынады. Мысалы, заңгер Бақтияр Қойбақов Үкіметке осы мүмкіндікті пайдаланып, қалай табыс табуға, бюджетті толықтыруға болатынын айтады. Ол қолданыстағы заңнама бойынша казино және ойын автоматтары залдарын тек Қапшағайда және Щучинск шипажай аймағында ашуға ғана рұқсат етілгенін еске салды. Алайда ол резервацияларда ойын-сауық өркендей алмады. Бүгінде олар мүлдем жабық тұр.  

"Электрондық және интернет казинолар қызметіне қатаң тыйым салынған. Букмекерлік конторалар мен тотализаторларға еліміздің барлық өңірінде бірдей рұқсат етілмеген. Оның үстіне "заңсыз ақшаны жылыстатады" деп қудалануда. Халық ойын-сауықсыз зерігіп барады. Іші пысқан адамнан небір бәлені күтуге болады. Бұл ретте тұйықтан лотерея шығаруы мүмкін. Лотереялық қызмет ойын бизнесіне жатқызылмаған. Қазақстандықтар сонау кеңес кезінен бері бұл ойынды жақсы біледі, "Спортлото-82", "Зигзаг удачи" ескі кинофильмдері есте. Демек, ел тез тартылады, ережесін еш қиналмай түсінеді. Ал қазақстандықтар ежелден ойынқұмар халық. Ендеше мемлекет оған тыйым сала бергенше, жұртшылықтың еңсесін көтеретін құрал ретінде пайдаланғаны жөн", – дейді Бақтияр Қойбақов.

Мысалы, батыста пандемия жағдайында лотерея қызметі өрістеген. Сондай-ақ "бинго" оларда қариялардың қарттық шақты қызықты өткізуіне мүмкіндік беретін жаппай құбылысқа айналған.

"Сұраныс ұсыныс туғызады. Мемлекет жаңа шектеулерді үстемелеп, бұрынғы тыйымдарын да күшіне қалдырғандықтан, ойын-сауыққа деген нарықтың сұранысы толығымен дерлік "көлеңкелі" экономикаға кетіп жатыр. Ол билікке де, халыққа да проблема әкеледі. Сондықтан Үкімет қолайлы, аз шығынды қажет ететін, барлық адамға қолжетімді құмар ойындарын қолға алғаны жөн", – дейді сарапшы.

"Үйде бол!", "Сыртта босқа сенделме!" деп билік барлық арналарынан үгіт айтады. Елбасы да, Президент те соған үндейді. Сарапшының байламынша, егер мемлекет телеарналар не интернет арқылы аз ақшамен мол ұтыс ұтудың заңды тәсіл-жобаларын жаппай ұйымдастырса, қазақстандықтардың басым бөлігі үйлерінде отырар еді.

Заңгер Қазақстанда заңды букмекерлік қызметтің тоқырауына тек құқық қорғау органдарының рейдтері ғана емес, сонымен қатар ауыл-аймақтағы осындай контораларға және тотализаторларға қарақшылық шабуылдардың, оларды тонаудың артуы да ықпал етті дейді. Бұған қоса, жемқор шенеуніктер және ұйымдасқан қылмыстық топтар тарапынан қылмыстық қысым мен "крыша жасау" фактілері өрістеген.

"Әсіресе, заңсыз ойын мекемелері клиенттерінің тағдыры аянышты. Олар тек бизнесінен, барынан айырылып, банкрот болып қана қоймай, рэкетирлердің зорлығына ұшырайды. Ол жақта "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңының күші жүрмейді. Ешкім де көмекке келмейді. Халық сұранысы зңды жолмен қанағаттандырылмауы кесірінен елді ресейлік онлайн-казинолар жаулап барады. Олармен күрестің тиімділігі тіпті төмен: салада кез келген тыйымды айналып өтуге жол ашатын ІТ-технологиялар үздіксіз дамып жатыр. Бұл ретте қазақстандықтардың ақшасы бақылаусыз шетелдік оффшорлық аумақтарға ағып кетуде. Олардың жарнамасы әлеуметтік желілерде агрессивті жүргізіледі, тегін кинофильмдерге, көңіл көтеруші және жаңалық видео-контентіне кіріктірілген. Осылайша, тіпті одан хабары болмаған адамдың өзін қызықтырады", – дейді Б.Қойбақов.

Мемлекетке олардан бес тиын пайда түспейді. Алайда мемлекет енгізген карантин дәл осы заңсыз құмар ойындары үшін бұрын-соңды болмаған сұраныс тудырды. Салаға енді Үкімет, құзырлы органдар назар аудармаса, өз қолына алмаса, бұл "індет" пандемиядан да жаман болуы ықтимал. Яғни, ел коронавирусты жеңген тұста қаншама адам шетелдік онлайн казинолар мен букмекерлік компаниялардың құрбаны болып, тұрмысы күрт төмендеп шыға келуі мүмкін.

Сондай-ақ ол ұлттық мүдделерге жойқын соққы жасай алады. Өйткені шетелде отырған онлайн-казинолар, букмекерлер қожайындары Қазақстан халқының үлкен бөлігіне ықпал ету тетігіне қол жеткізеді, азаматтарды өзіне материалдық және психологиялық тұрғыдан тәуелді етеді, олардың мінез-құлқын басқара алады. Заңгердің айтуынша, осы арқылы сыртқы күштер қазақ жерінде "жат пиғылды топты, өзіндік бір "бесінші колоннаны" қалыптастыруға талап қылуы мүмкін". Мәселен, әлдебір күні қандай да бір үкіметтік ғимарат алдында жиналған барлық ойыншыларға бонус беріледі десе, бонусхантерлер, қалың жұрт сол жаққа лап қоймасына еш кепіл жоқ. Бұл перспективалар "осы саланы гибридтік соғыс үшін тартымды етеді".

Сарапшы құмар ойындар клиенттері арасында мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін шенеуніктердің де болатынына назар аудартады.

Мамандар байламынша, құмар ойындары қызметіне толық тосқауыл қою – беймүмкін шара дейді. Олар тәулік бойы, кез келген жерде және кез келген заманауи дивайс-гаджеттен қолжетімді. Саладан келер теріс факторларды тек оған балама құрау арқылы азайтуға болады.

Бақтияр Қойбақов дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда ойын аймақтарының санын ұлғайтуды ұсынады. Себебі, Ресейде казиноларға тыйым салынғанда одан Беларусь ұтқан: ойынқұмарлар көршінің казиноларына лап қойды. Қазіргі кезде мысалы, қазақ жерінен "қара алтын" өндіретін мұнайшылар салтанатты қонақүйлері мен курорттық аймақтарында казино жүйесі жақсы дамыған Грузияға ұшып жүр.

"Ұсыныс қарапайым: құмар ойындары топтасатын ойын аумақтары әр өңірде құрылады. Жабық аймаққа кіргісі келетіндердің бәрінің берешегі тексеріледі: салығы, айыппұлы, мерзімі өтіп кеткен кредиті және басқасы болса, оны төлеуі талап етілуге тиіс. Содан кейін кіріп ойнай беруіне рұқсат. Бұл ретте осындай ойын аймақтарын ашу үшін депрессивті немесе бос қалған ауылдарды пайдалануға, өркендетуге болады. Тіршілік инфрақұрылымын, жылу, жарықты қалпына келтіру мүмкіндігі болса, жеткілікті. Барлық букмекерлік конторалар мен тотализаторларды қалалардан әкетіп, сол аймақтарға көшіру керек. Жабық аймақтарға автобустың қатынауына тыйым салынса, тек жеке көлікпен келуге рұқсат етілсе, жасөспірімдер, әлеуметтік аз қамтылғандар бара алмайды", – дейді сарапшы.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұндай ұсыныстарды жауапты ведомство – Мәдениет және спорт министрлігі қарастыратынын жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу