Қарағанды тұрғыны облыс әкімінен құмар ойындарынан құтқаруды өтінді

2030

Соңғы уақытта Қарағанды және оған серіктес қалаларда заңсыз ойын автоматтарының саны көбейіп кеткен.

Қарағанды тұрғыны облыс әкімінен құмар ойындарынан құтқаруды өтінді

Мәселенің шектен шығып бара жатқанына дабыл қаққан облыс тұрғындары ойын автоматтарына қатысты аймақ басшысының әлеуметтік желідегі парақшасына көп хат жолдаған. Осыдан соң облыс әкімі Ерлан Қошанов экономикалық тергеу департаментіне бұл жайтқа қатысты дереу іске кірісуді тапсырды.

"Бірнеше уақыт бұрын маған твиттерде бір тұрғын қаламыздағы ойын залдары жиі ашылатынын және дүкендерде ойын аппараттарының саны көп екенін айтып назар аударуды өтінді. Барлығымыз "ойынқұмарлық" қауіпті дерт екенін жақсы білеміз, сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды", – деді облыс әкімі аппараттық жиында.

Аймақ басшысының    тапсырмасынан кейін, экономикалық тергеу департаменті Қарағанды қаласында дереу рейдтік шарасын ұйымдастыруға кіріскен болатын.

Айтпақшы, облыс әкімінің твиттерінде аты аталып, шағым жасалған лотоклубқа мамандар салып ұрып жетіп келгенде, мекемеден ешбір заңсыздық, яғни ойын автоматтарын таппай қайтты. Бизнес иесі өзінің құжаттары талапқа сай екенін, лоторея билеттерін сатуға рұқсаты барын көрсеткен.

Дегенмен Қарағанды мен онымен серіктес қалалардағы сауда үйлері мен басқа да қоғамдық демалыс орындарында сары, жасыл түсті ойын автоматтары самсап тұрмаса да, жиі көзге шалынады. Осындай құрылғыларға үйірсек жандар бірте-бірте ойынқұмарға айналып, тапқан-таянғанын соңғы тиынына дейін жұмсап жатады. Тіпті бар ақшасынан ұтылған соң, жүйке ауруына шалдыққандар да бар. Рейдтік шара барысында жедел уәкілдер орталық базарда осындай төрт ойын автоматы қойылған контейнерді тапты.
"Бұл заңсыз кәсіп жүргізу болып табылады. Қазір ғимараттың әкімшісін шақырып, оның қолына ескертуді табыс етеміз. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалады, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деп мәлімдеді экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі Сәбит Рысқұлов.

Бізге мәлім болғандай, Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз жұмыс істеп келген 125 ойын терминалы тәркіленіп, 3 қылмыстық іс қозғалған. Ойын автоматын ұйымдастырушының біріне 2,5 млн теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ сәуір айында Қарағанды мен Шахтинск қалаларында онлайн-казино жүйесін іске қосып, ойын бизнесімен айналысқан қылмыстық топ құрықталған болатын. Қазақстанда құмар ойындары бизнесін тек Бурабай мен Қапшағайда ғана ұйымдастыруға рұқсат етілгені баршаға мәлім. Ал лоторея ойыны мен букмекерлік кеңсе ісін жүргізуге тыйым салынбайды, олардың жұмысы заңмен қадағаланады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу