Үкіметтің бүгінгі отырысында Министрлер кабинеті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін жеке қарағаны мәлім. Қазақстанда тұтынушыларды қорғау неге екені белгісіз, "саудагерлердің серіктесіне" – Сауда және интеграция министрлігіне жүктелген. Тиісінше, әріптестері алдында сөз сөйлеген сауда ведомствосының басшысы Бақыт Сұлтанов халықты қалай қорғайтынын сөздің майын тамыза әңгімелеп берді. Бұл жерде "халық" деп бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі министрлің өзі тұтыну мәртебесіне Қазақстандағы 18,7 млн-нан астам адамның бәрі ие екенін мәлімдеді.
Қазақстандықтар күн сайын 6 миллионнан аса тауар мен қызметті сатып алады. Осы сан аспаннан алынбаған, ол кассалық-бақылау аппараттары арқылы өткен транзакциялардың және бөлшек саудадағы операциялардың саны. Жыл басталғалы тұтынушылар 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алған. Сондай-ақ оларға 4 трлн теңгенің қызметі көрсетілген.
Бұдан бөлек, жеке тұлғаларға мемлекеттік органдар, білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс және басқа салалардағы квазимемлекеттік сектор нысандары барлығы 574 түрлі қызметті көрсетеді екен.
"Бұл ретте осы жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесін сақтауға толық көңіл аудармайды. Сондықтан тұтынушы құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және "қайталанатын қателермен жұмыс істеуге" деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады. Статистика тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. Тұтынушыларды мазалайтын сұрақтар жылдан-жылға қайталанып отырады, әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларында. Нәтижесінде, 2017 жылы мемлекеттік органдарға 23 мың, 2018 жылы – 21 мыңнан астам, ал 2019 жылы – 30 мыңға жуық шағым түскен", – дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның мәліметінше, 2020 жылы тек министрліктің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал бүкіл мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады.
Алайда сөзі әдемі болғанымен, министр Б.Сұлтановтың ведомствосы өзіне жүгінген азаматтардың мәселелерін шешпей, тіпті әр тұтынушының құқығы үшін білек сыбана күресу орнына, жауапкершілікті өзге мемлекеттік органдарға сырғыта салып, адамды сергелдеңге салудан да ұялмайтын көрінеді.
Мысалы, СИМ-нің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне косметолиялық және сән орталықтары алдап соққан азаматтар көп жүгінуде. Бұл да "қайталанатын қате". Мысалы, сұлуларға арналған орталық-клиникалар жылда тұтынушыларға жас қалпыңызды сақтап қаласыз, тіптен сұлу бола түсесіз деп, әртүрлі қызметтерін тықпалайды. Әсіресе, инъекциялық пластика, ерінді ұлғайту, әжімдерді тарту, артық салмақтан арылту секілді қызметтер аса танымал. Бірақ оның көбі нәтиже әпермейді.
Мәселен, қыз-келіншектер "World Med Plaza" компаниясына өкпелі.
"Мен "World Med Plaza" ЖШС-мен өзгелер қатарлы 2019 жылғы сәуірде келісім жасағанмын. Оған сәйкес, компания 2 жыл бойы маған косметология қызметтерін көрсетіп тұруға міндеттеме алды. Компания мені "Еуразиялық банктен" осы мақсатта жарты миллион теңгедей сомаға тауарлық кредит алуға көндірді. Орталықтан қызметтерді биылғы наурызға дейін алып тұрдым. Сонымен бірге тауарлық несие бойынша да банкке ай сайын тұрақты төлем төлеп келемін. Алайда елде төтенше жағдай жариялана салысымен, жағдайды пайдаланған орталық есіктерін тарс жауып, қызмет көрсетуін тоқтатты", – дейді зардап шеккендердің бірі Гүлжан Бижанова.
Әрине, мұндай ахуалға елдегі барлық шағын және орта бизнес тап болды. Олар енді карантин және шектеу шараларының жұмсартылғанын пайдаланып, қайта ашылуда.
"Ал біздің косметологиялық орталық болса, бізге берген барлық байланыс нөмірлерінөшіріп тастаған. Тіпті мекенжайын да өзгертіп жіберді. Қазіргі кезде оның салондары қайда орналасқаны белгісіз. Бұрынғы адресі – Қабанбай батыр көшесіндегі ғимаратта енді ондай орталық жоқ. Қызметті толыққанды және мерзімнің соңына дейін көрсетпеді. Оның орнына бізде тек алған кредитіміз ғана қалды. Косметология орталығы борышқа батырып кеткен мен сияқты адамдар аз емес", – дейді тұтынушы.
Ол әділдік іздеп, тұтынушы ретінде құқығын қорғау жөнінен жәрдем сұрап, СИМ-нің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хат жолдапты. Жауап та алды.
"Сіз шағымыңызда айтып отырған мәселелер Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзырына кірмейді. Осыған байланысты комитет Денсаулық сақтау министрлігіне бағыттайды", – дейді комитет төрағасы Азамат Ахметов.
Ол осы ведомство тізгінін 2019 жылғы 13 қыркүйекте ғана қолына алған болатын. Сәйкесінше, мемлекеттік орган басшылығы өзгерді. Алайда бүгінде бір жыл өте комитетте қайтадан ауыс-түйіс жүруде. Өткен аптада, 15 қыркүйекте Алмас Әбжаппаров комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал Әсел Әбубәкірова Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып бекітілді. Осы салаға жауапты мемлекеттік органға басшылық тұрақтамаған соң тұтынушылар құқығын тұрақты қорғауға жауап берер жан табу да қиын.
Жанат Ардақ
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!