"Балабақшадан бастап үш тіл оқытуға қандай қажеттілік бар?"

9133

Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір елінде кішкентай балаға үш тіл оқытпайды, деп мәлімдеді сенатор Мұрат Бақтиярұлы бейсенбі күні пленарлық отырыс барысында.

"Балабақшадан бастап үш тіл оқытуға қандай қажеттілік бар?"

Оның пікірінше, балаларды өмірлік қажеттіліктерге дағдыландыру керек. Ол Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында Білім және ғылым министрлігіне жүктеме көп екенін айтып, ведомствоның басқару жүйесін оңтайландыруды сұрады.

"Үлкен мәселе үштілділікке қатысты. Әрине, ағылшын тілін білуі – уақыт талабы. Бірақ ойлау мен сана жүйесі әлі толық қалыптаспаған бірінші сыныптағы, балабақшадағы қазақ бүлдіршіндеріне бірден үш тіл оқытуға қандай қажеттілік бар?", – деп сұрады Бақтиярұлы.

Оның мәліметтері бойынша, әлемдегі ең мықты отыз елдің ішінде екі тіл бірінші сыныпта тек екі мемлекетте, екінші сыныпта – бес, ал төртінші сыныпта – тек 12 мемлекетте оқытылады. Ал үш тіл "Қазақстаннан басқа әлемнің ешбір мемлекетінде мүлдем оқытылмайды. Демек сенатордың пікірінше, шет тілін білу "сауаттылықтың басты көрсеткіші емес, тек әлемдік ғылымның биіктерін игеруге қажетті құрал".

"Шынайы сауаттылық – бұл өмірді білу, таңдаған мамандықты терең меңгеру, өмірлік сұраныстарға жауап бере алатын дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру. Сондықтан ел Президенті Тоқаев шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауы бойынша бесінші сыныптан бастаған дұрыс және тиімді деген пікір білдірді", – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол қолданыстағы ережелерге сәйкес екі жүзден астам қызмет көрсететін Білім және ғылым министрлігіне жүктеме көп екеніне алаңдайды.

Атап айтқанда, ведомство 10 300 балабақша, 7 500 орта мектеп, 820 колледж, 120 ЖОО жұмысын үйлестіреді.

"Бұл бір министрлік үшін үлкен жүктеме. Сондықтан АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Ресей сияқты елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған жөн деп санаймыз", – деп ұсынды Бақтиярұлы.

Сонымен бірге Қазақстан білім беру стандарттарын тым жиі өзгертетінін сынады. Мысалы, кейінгі бес жылда "Білім туралы" заң 29 өзгерістер мен толықтырулардан өтті, 2000-2017 жылдар аралығында білім беру стандарты 7 рет өзгерді және әр өзгерісте оқулықтардың мазмұны да өзгеріп отырды. Ал дамыған елдерде, мысалы, Жапонияда мемлекеттік стандарт бірнеше жыл бойы талқыланды, соңғы рет 2010 жылы өзгерді.

"Біз орта мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауға тым асығып кеттік. Бірақ қазір бұл реформаның біз үшін қаншалықты тиімді болғанына ешкім жауап бере алмайды. Біздің балаларымыз шексіз реформалардың экспериментіне айналып кетті", – деді сенатор.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу