2024 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензиялаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы туралы ақпарат тарағаны сол-ақ еді жекеменшік балабақшалар құрылтайшылары бұған күмәнмен қарап, сынға алды.
Алайда ведомство мұны бөбекжайларда жиілеп кеткен оқыс оқиғалардың алдын алып, білім сапасын арттыру мақсатында қабылданған шара екенін жеткізді.
Мәселен, 2022 жылдың басынан бері Нұр-Сұлтандағы жекеменшік бөбекжайларда балаларды қорлауға қатысты 17 факті тіркелді. Бүлдіршіндердің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 9 әкімшілік іс қозғалды. Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының басшысы Лейла Күленова тереңірек зерттесек мұндай жағдайлар мемлекеттік ұйымдарда да орын алатынын айтады.
Оның ойынша, бұл шара көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға әсер етпейді, тек шағын және орта бизнеске қосымша кедергі келтіреді. Бұған қоса бірқатар жекеменшік мектепке дейінгі ұйымның жабылуына және балабақшалардың көлеңкеде жұмыс істеуіне әкеп соғуы мүмкін.
"Жеке балабақшалардың өкілдері мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасын бақылау механизмдері керек деген пікірмен келіседі. Бірақ лицензиялауды қайтару балабақшалар жұмысының сапасын қамтамасыз етпейді. Қазіргі кезде қауымдастық құрамына 2 817 балабақша немесе жұмыс істеп тұрған барлық 4 973 балабақшаның 43%-ы кіреді. Олардың көбі мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр, яғни олар ҚР БҒМ 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығына сәйкес қойылатын нормаларға сай келеді", – деген Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының басшысы.
Спикердің айтуынша, лицензиялау енгізілсе жекеменшік балабақшалардың басым бөлігі жабылуға мәжбүр болады. Осылайша, мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемі азаяды. Кәсіпкерлердің осы жүйеге 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 280 млрд теңгеден астам сомада салған инвестициялары зая кетеді.
Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пікір білдірді. Оның сөзінше мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыруға кешенді түрде қарау керек.
"Лицензия беру – мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болғанымен жалғыз тетігі емес. Біз педагогтердің біліктілігін арттыру, жан басына қаржыландыруды дамыту, бағдарламаларды жетілдіру және басқа да жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары деңгейі бойынша лицензия беру бар. Мысалы, соңғы үш жылда жекеменшік мектептердің саны бірнеше есе өсті. Ол нені білдіреді? Ол лицензия берудің жекеменшік мектептер ашу үшін ешқандай да кедергісі жоқ екенін және талапты орындауға болатынын білдіреді", – деді министр.
Сондықтан біз дәл осы тәртіп енді балабақшаларға қайтадан енгізілмек. "Балабақшалардың құрылтайшылары мен иелеріне дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ. Себебі еліміздегі барлық балабақша бір күнде немесе бір айда лицензия беру тәртібіне өтеді деп айтып жатқан жоқпыз. Бірінші кезекте жаңадан ашылып жатқан жекеменшік, мемлекеттік балабақшалар лицензия алады. Келесі кезеңде тәуекелі көп ұйымдарға лицензия беру жұмысы жүргізіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр балабақша құрылтайшылары балалардың мүддесін бірінші орынға қойып, барынша ашық, әділ жұмыс істеуі керек деп есептейді. Сонымен қатар ол лицензия талаптары жоғары болмайтынын айтады.
"Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келетін болса, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен мәселе туғызбайды. Біздің мүддеміз балаларды сапалы балабақшамен қамту", – деді Оқу-ағарту министрі.
Лицензия алу үшін балабақшаларға қайтпек керек? Министрлік таратқан деректерге сүйенсек, ұйым ең төменгі біліктілік талаптарына сай болуы шарт. Олардың ішінде бүлдіршіндерге жайлы жағдай жасап, кәсіби кадрларды іріктеп, бейнекамералар орнату деген талаптар бар. Әйтсе де, жекеменшік ұйымдар жалпы ережелерді емес, нақты талаптар күтеді.
"Министрлікте сапа критерийлері де, мұғалімдердің біліктілігін арттыру стратегиясы да, созылмалы мәселелерді шешудің жүйелі шаралары да жоқ... Бірақ лицензиялауды іске қосу кестесі бар. Алдымен кешенді шараларды ұсыныңыз және талқылаңыздар", – деп жазды Лейла Күленова Фейсбук желісіндегі парақшасында.
Құралай Құдайберген