Үндеу тек ата-аналарға ғана емес, оқушылар мен ұстаздарға да арналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шыны керек, оқу жылы басталған соң балалардың үйден тыс жерде өткізетін уақыты көбейе түседі. Олар мектепке өзі барып-қайтып, түрлі үйірме мен спорт секциясына қатысады. Осы себепті ІІМ жолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын еске салған.
Министрлік жаңа оқу жылына дайындық барысында мектептердің маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілгенін мәлім етті. Балаларды тасымалдайтын автобустар да толық тексеруден өткен. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, олар оқу жылы басталғанға дейін толық жойылуы тиіс.
ІІМ ата-аналарға балаларға мына қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді ұсынды:
- жолды тек белгіленген жерден кесіп өту;
- жолдан өтер кезде телефон пайдаланбау;
- құлаққапты шешіп, айналаға мұқият қарау;
- велосипед, мопед және электросамокат мінгенде Жолда жүру қағидаларын сақтау;
- баланың қайда жүргенін және кіммен араласатынын біліп отыру;
- балалармен қауіпсіздік мәселелері туралы жиі сөйлесу.
Полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған бала ата-анасынан көмек сұрай алатынына сенімді болуы маңызды екенін ескертті.
Егер балаға қауіп төнсе, 102 нөміріне немесе 111 байланыс орталығына хабарласу керек.