Балалар да инфекция таратушы болуы мүмкін

12139

"Коронавирустың екінші толқынында балалар ауырады екен" деген дақпырт желдей есіп, тез тарап кеткелі көпшіліктің үрейге бой алдырғаны рас.  

Балалар да инфекция таратушы болуы мүмкін

Осы қауіптің алдын алу үшін ата-аналар қандай сақтық шараларын жасағаны дұрыс? Ауруды асқындырмас үшін не істеу керек? Көптің көкейіндегі осы және өзге де сұрақтарды Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжановқа қойғанбыз.  

– Азат Бекенұлы, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы екінші толқынға дайын ба, дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті ме?

– Қоймамызда екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Бүгінде бұл мәселе атқарушы биліктің қатаң бақылауында болғандықтан, тиісті сала мамандары үнемі тексеріп тұрады. Өзіміз де коронавирустық инфекцияға қажетті препараттар бойынша күн сайын есеп береміз. Сонымен қатар "СҚ-Фармацияға" ай сайын тапсырыс береміз, олар дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізіп тұр. Негізі ең дұрысы – ауыра қалсам қалай емдеймін деп бас қатырғанша, сақтық шараларын қатаң сақтау. Егер ауруыңыз асқынып, жағдайыңыз күрт нашарлап кетсе, қандай мықты дәрігер, барлық дәрі-дәрмек болса да, оның бәрі көмектеспей қалуы мүмкін. Жаз айларындағы қиын кезеңде осыны байқадық. Себебі бірінші толқын кезінде байқағанымыз, вирустың өзінің мутациялары болады.

– Балаларды коронавирустық инфекциядан қалай қорғаған жөн?

– Вирустан қорғану жолдары балаларда да, ересектерде де бірдей. Ең бастысы, карантин талаптары мен санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын қатаң түрде сақтау керек. Адамдар көп шоғырланған жерге бармаған дұрыс. Арақашықтық сақтау да маңызды. Санитарлық арақашықтықты сақтау арқылы вирустан қорғана аламыз. Бетперде тағып жүру керек. Дәріханаларда сатылатын оксалинді жақпамайды балалардың мұрнына жағып, "Дыши" спрейін киіміне сеуіп қойса, жергілікті иммунитетті қалыптастырып, қорғаныш пердесін түзіп тұрады. Осы сақтық шараларын сақтағанның өзінде бала ауырып қалса, ол жеңіл түрде өтеді. 

– "Жас жеткіншектер індет жұқтырса, жеңіл өтеді" деген қаншалықты рас?

– Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының зерделеу қорытындысы балаларда ауру тіркеліп, бірақ жеңіл түрде өткенін көрсеткен. Ауыр жағдайда реанимацияға түскен немесе қандай да бір қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Әйтсе де балғындар ауруды жеңіл түрде өткізеді екен деп арқаны кеңге салып, немқұрайлылық танытуға болмайды. 6-7 жастан асқан балалар инфекцияны таратушы болуы да мүмкін. Себебі олар көп жүреді, көшеге шығады, есік алдында ойнайды. Осындай байланыс арқылы да бір үйден екінші үйге тасымалдайды.

Қазір еліміз бойынша тұмауға қарсы вакцинация науқаны жүріп жатыр. Сондықтан балаларға екпені дер кезінде, уақтылы алған жөн. Күз, көктем айлары жедел респираторлық вирустық инфекциялардың өршитін кезеңі болғандықтан, алдын ала екпе алса, балада басқа аурулар болмайды. Емдеу кезінде дәрігерлер тек коронавирусты емдейтін болады.  

– Бетпердені неше сағат киюге болады, зиянды жақтары бар ма?

– Бетпердені үш сағат сайын ауыстырып тұрған жөн. Егер сіз сыртта жүргенде ауырып қалам деп күмәндансаңыз, бетперденің көк түсін сыртқа қаратып киіңіз. Ал өзіңіз ауырып тұрып, сырттағы адамдарға жұқтырып алам деп ойласаңыз, бетперденің ақ жағын сыртқа қаратып киген жөн. Көк түс жағы – фильтр, яғни қорғаныш. Кейбір азаматтарда ешқандай ауру белгілері болмай, яғни симптомсыз өтуі мүмкін. Сондықтан айналасындағыларға ауру жұқтырып алмас үшін бетпердемен жүрген дұрыс. Балаларды емханаларға дәрігердің қабылдауына апарғанда да міндетті түрде арақашықтықты сақтап, науқастармен байланыста болмаған жөн.

Бетперденің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Алғашында бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы бетпердені аса қажет емес деп тапқан. Бірақ көп ұзамай ол көзқарастарын өзгертті. Кейбіреулерде бұл ауру симптомсыз өтуде. Әсіресе, жастарда.

– Балалардан коронавирустық инфекцияның симптомдарын қалай анықтауға болады?

– Бұл індет респираторлық вирусты инфекциялар сияқты баланың дене қызуын көтеріп, мазасыздық пайда болуы мүмкін. Ал кейбірінің мұрнынан су ағып, жұтынғанда тамағы ауырады. Іші өтуі де мүмкін. Егер баланың қызуы көтеріліп, әлсірегенін байқасаңыз, аталған симптомдар үдей түссе, онда жедел жәрдем шақыру керек.

– Осы кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту шаралары үзіліп қалса, не болады?

– Бұл кезең осы топтағы балаларға өте ауыр болып тұрғанын жасырмаймыз. Біраз уақыт оңалту шаралары үзіліп қалды. Олар белгілі бір дағдыны өз бетінше істеп үйрену үшін ұзақ жылдар кетті. Ал осы уақытта балғындар оңалту нәтижесін бірнеше айда жоғалтып алуы мүмкін. Далаға шықпаса да, үйде отырып та керекті жаттығуларды жасауға болады. Біздің ауруханамызда "Ата-аналар мектебі" бар. Онда ата-аналарды үйретеміз. Бірақ ауруды да емдеуіміз керек. Мүгедектігіне байланысты оңалту шараларын үйде жалғастырмай, реабилитациялық орталықтарға апармасақ, негізгі ауруы асқынып кетуі мүмкін.

– Көптеген адам иіс сезбейтінін, бірақ еш жері ауырмайтынын айтады. Бұл қалай?

– Иіс сезбеу – коронавирустық инфекцияның ең басты симптомы. Еш жеріңіз ауырмағанымен, шамалы әлсіздікті сезіп, бір жеріңіз ауырып тұрғандай болады. Қимылдаған кезде тершеңдік байқалады. Өзіңіздің ауырып тұрғаныңызды сезсеңіз, адамдар көп шоғырланған жерге бармай, оқшауланыңыз. Үй жағдайында емделіп шықсаңыз да болады. Бірақ асқындырып алмаңыз.

 – Коронавирустық инфекциямен бір рет ауырған адам қайта ауыруы мүмкін бе?

– Қайта ауыру әлем бойынша тіркелген. Әртүрлі штамдар бар. Мысалы, еуропалық, азиялық, қытайлық штамдар бар. Бұл – вирустың түрлері. Егер науқас бастапқыда азиялық штамды жұқтырған болса, екінші толқында басқа штамы таралса, қайта ауырып қалуы мүмкін. Қазір көп азаматтар бір рет ауырдық, қанымызда антиденелер азайып жатыр екен деп қорқып жүр. Одан қорқудың қажеті жоқ, себебі бұл жерде клеткалық иммунитет, моральді иммунитет бар. Дегенмен бір рет ауырдық деп, сақтық шараларын ұмытпау керек. Коронавирус бізге тазалықтың не екенін түсіндірді ғой. Бұл бәрімізге үлкен сынақ болып отыр.

– Аспиринді жиі ішіп тұруға бола ма?

– Бұл дәріні егде жастағы адамдарға дәрігерлер тағайындайды. Себебі үлкен жастағы кісілерде қан қоюлана түседі. Қанды сұйылтатын аспириннен де басқа дәрі түрлері бар. Мысалы, "кардиомагнил", "тромбо АСС" деген сияқты. Вирусқа қарсы профилактика ретінде аспиринді өзіне-өзі тағайындап ішу дұрыс емес. Міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Балаларға қолданбаған дұрыс. Жанама әсері болуы ықтимал. Бұл коронавирустың ерекшелігі – қан ұйығыш келеді. Қан қоюланып, тромбоздар пайда болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу