Балалар омбудсмені институтына жыл сайын 60 миллион теңге бөлу ұсынылды

1698

Институттың жеке аппараты пайда болмақ.

Балалар омбудсмені институтына жыл сайын 60 миллион теңге бөлу ұсынылды

Қазақстанның балалар омбудсмені институтының өкілеттігі халықаралық талаптарға сәйкес келмейді деп танылды.

Сондықтан бұл институтқа қатысты "революциялық" өзгерістер дайындалуда.

Қазіргі кезде елімізде бұл лауазымды депутаттардың бірі қоса алып жүретіні мәлім. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 12 маусымдағы өкімімен сенатор Сәуле Айтпаева "бала құқықтары жөніндегі уәкіл" болып тағайындалғаны белгілі. Оған дейін бұл қызметті Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева атқарды. Бұлардың барлығы – биліктің адамдары.

Ал халықаралық стандарттар бойынша омбудсмен – тәуелсіз адам болуы шарт көрінеді.

Сол себепті мемлекет енді бұл лауазымды өзге істерден босатылған тұлғаға тапсыруы ықтимал.

Бұған қоса, енді балалар омбудсменінің төл кеңсесі, аппараты және әкімшілігі пайда болмақ.

"БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетінің Париждік қағидаттары мен ұсынымдарына сай, бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты Үкіметтен тәуелсіз болуға тиіс. Ол өз қарауына жататын кез келген мәселені еркін қарауы, аталған институттың үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін тиісті инфрақұрылымына, кадрлық және қаржылық ресурстарға ие болуы керек. Қазақстандағы қолданыстағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының өкілеттіктері халықаралық талаптарға жауап бермейді. Осыған байланысты жаңа заң жобасында аппарат құру ұсынылады. Бұл ретте бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы – босатылған негізде болады", – деп мәлім етті білім және ғылым министрлігі.

Бұл туралы "Қазақстандағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы заңға өзгерістер  мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасында айтылған.

Атап өтер жайт, бүгінде балалар омбудсмені институты мемлекеттен жалақы алмайды. Тек Үкімет балалар құқықтарын қорғауға бөлетін гранттық қаражаттарды игереді.

Кезінде, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 10 ақпандағы №192 жарлығымен елімізде бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты "қоғамдық негіздерде" құрылған болатын. Артынша "Қазақстандағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы заңға түзетулер енгізіліп, осы қағидат бекітілді. Атап айтқанда, заңда "Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты ...өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады" деп белгіленді. Яғни, еңбекақысыз қызмет атқарады.

Енді БҒМ әзірлеген жаңа заң жобасы арқылы сол "өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады" деген сөздер алынып тасталатын болады.

Осы құжаттың тұжырымдамасында заң қабылданған жағдайда, балалар омбудсменінің қызметін қамтамасыз ету үшін 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен жыл сайын қосымша 60 миллион теңгедей қаржылық шығындар талап етілетіні көрсетілген.

"Осы арқылы аталған институт халықаралық стандарттарға және бала құқықтары жөніндегі тәуелсіз ұлттық құқық қорғау мекемелерін құрудың және олардың жұмыс істеуінің үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес келетін болады. Бұл шаралар бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін қаржымен, кадрлық ресурстармен, персоналмен, үй-жаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп түсіндіреді Үкімет.

Әзірленген осы өзгерістерге сәйкес, омбудсменнің құзыры да күрт күшейтілмек.

Қолданыстағы 2002 жылғы заң бойынша балалар омбудсмені "баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты өтініштерді және баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, кәсіпорындардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды". Бұдан бөлек, баланың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін кедергісіз іске асыруға және қалпына келтіруге жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеп, Үкіметке енгізеді.

Ал жаңа заң жобасы бойынша бұдан былай балалар омбудсмені ұнамаған шенеунікті тіпті қылмыстық жазалап, темір тордың ар жағына отырғызу туралы ұсыным енгізе алады. Өз бетінше тексеріс жүргізу құқығына ие болады.

Бұл жайында құжатта шешімдерінде немесе әрекеттерінде (әрекетсіздіктерінде) баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзу көрінісі бар адамдарды "тәртіптік, әкімшіліктік, қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынымдар жібереді" делінген.

Ол қоғамдық кеңестер құра алатын болады: "сараптамалық, консультативтік және қоғамдық кеңестер, жұмыс топтары мен өзге де кеңесші органдар құрады, олардың жұмысына қатысу үшін меморгандардың лауазымды адамдарын, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тартады".

БҒМ түсіндіруінше, жаңа заң балалар омбудсмені қызметінің қағидаттарын, міндеттері мен функцияларын, құқықтық бағдарларын барынша толық және жан-жақты анықтап бермек. Бұл "осы институттың тиімді жұмыс жасауының шарттарын түзеді".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу