Балаларға қатысты қылмыстар саны жыл сайын мың фактіге төмендеп келеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк онлайн брифинг барысында осындай дерекпен бөлісті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
"2013 жылдан бері мұндай қылмыстар 5 есе, яғни, 9 мыңнан 2020 жылы 1800 фактіге дейін азайды. Баланың денсаулығына ауыр зиян келтіру 12%-ға, қарақшылық 71%-ға, ұрлық 43%, тонау 49%, бұзақылық 27% төмендеді. Сонымен қатар соңғы 5 жылда балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар 1,5 есе азайды", – деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Тәртіп сақшылары жүргізіп жатқан жұмыстар мен заңды қатаңдатуға қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де орын алуда. Ең өкініштісі, мұндай әрекеттер баланың қасындағы адамдар тарапынан, өз үйінде жасалады. Бұл Алексей Милюк бөліскен ресми статистикада көрсетілген.
"Балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасырын жасалады. Кейде тіпті ата-аналардың өзі мұндай факт туралы біраз уақыт өтіп кеткен соң біледі. Аталған қылмыстардың 70%-ы үйде, баланың жақындары тарапынан жасалады. Балаларға қатысты қылмыстарды ашуға қоғамдағы жазғыру сынды әрекеттер кедергі келтіреді. Соның салдарынан ата-аналар болған жайды жасыруға тырысады. Бұған қоса балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әр екінші зорлық-зомбылық полицияға кіруге шектеу қойылған тұрғын үйлерде жасалады", – деді спикер.
Бұрын тасада қалатын тақырып қазір қоғам талқысына түсуде. Ішкі істер министрлігінің дерегінше қазақстандықтар балаға қатысты қылмыстық әрекеттер бойынша полициға жиі жүгіне бастаған. Нәтижесінде мұндай қылмыстардың 30%-ы ерте кезеңдегі жүктілік кезінде анықталған.
"Бұндай қылмыстардың орын алуының негізгі себебі – ата-аналардың бейқамдығы. Сонымен қатар көп жағдайда отбасының тұрмыстың жағдайы мен моральдық қасиеттердің төмендігі, ересектердің ішімдікке салынуы", – деп атап өтті Алексей Милюк.
Қазіргі кезде ішкі істер органдарында 7 мыңнан аса тұрмысы нашар отбасы тіркеуде тұр. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқан "тұрмыстық жағдайы мен моральдық қасиеттер төмен" жанұяларда 11 мыңнан аса бала тәрбиеленуде.
Өкініштісі, жыл сайын 40 мыңнан аса ата-ана мен балалардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылып жатады. Соған қарамастан перзентінің балалық шағы мен болашағын ойлап, түзелуге тырыспайтындар әлі де бар. Полиция органдарының өтінішхаты бойынша сот жыл сайын 1000-ға жуық адамды ата-ана құқығынан айырып немесе құқықтарын шектейді.
"Полиция өкілдері мұндай әрекетке бала қараусыз, далада қалалғандықтан амалсыздан барады", – деп түйіндеді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Құралай Құдайберген