Баланың туыстарымен қарым-қатынас жасау тәртібі заңмен реттелмеген

2330

Бұл тұрғыдағы заңнама олқылыққа толы. 

Баланың туыстарымен қарым-қатынас жасау тәртібі заңмен реттелмеген

Қазақстанда балаларға қатысты ата-аналар мен туысқандар арасындағы жанжалдар көбейіп барады. Тек құзырлы органдардың өзі осындай 7 мыңға жуық тайталастың түйінін тарқатуға араласыпты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аяқталуға таяды. Алайда осы жылы балалардың құқығын қорғау және оларға қатысты түйткілді мәселелерді шешу бағытында ірі өзгерістер болды деп айту қиын.

Оқу-ағарту министрлігі балалардың туыстарымен қарым-қатынас жасау құқығы жаппай бұзылып жатқанын анықтады. Әрине, бұл проблема бұрыннан бар. Билік соған енді назар аударып отырғандай. Мәселен, Павлодар тұрғыны Маржан Е. ұлты орыс жігіті Вадиммен көңіл қосып, бірге тұрыпты. Қатынастарын заңдастырмаған, біраз жыл азаматтық некеде болған. Ортақ қызы бар.

"Пандемия кезінде іші пысқаннан, құмар ойындарға әуес болып кетті. Ортақ бюджетімізден жымқырып, соған сала бастады. Қарсыласқанымда, қол көтеретінді шығарды. Әке-шешесі Ресейдің Новосібір облысына көшіп кеткен. Солар да қаржы жіберіп тұрады. Олар мені ұнатпайды. Кілең шовинистер, биылғы жазда мысалы, "Z" әрпі жапсырылған көліктерімен келіп, қаланы аралап, көзге шыққан сүйелдей болды. Ұялып, жексұрын жапсырманы алып тастауға талаптанғаным үшін жабыла ұрысты. Содан қызымды жолдас қызыма апарып тастап, Теміртауға іссапармен кетіп қалғанмын. Оралсам, қызымызды алдап сұрап алып, Ресейге тайып тұрыпты. Әрине, құжаты бар, бірақ анасының рұқсатынсыз, бөбекті шекарадан қалай өткізгенін түсінбедім", – деп қапаланады Маржан.

Қызының соңынан барайын десе, бұрынғы нақсүйерінің ата-анасының нақты қайда тұратынын, мекенжайын білмейді. Ол ақпарат беруді және қайтаруға көмектесуді өтініп, қазақстандық және ресейлік қорғаншылық органдарына жүгініпті. Әзірге пәрменді шара қабылданбай тұрған көрінеді. Украинаның өзі оккупациялаған аумақтарынан мыңдаған баланы заңсыз әкетіп жатқан Ресейде шенеуніктер балалар құқығына қатысты шетелдік азаматтардың шағымына шекеден қарайды.

Ал қазақстандық тараптың неге қауқар таныта алмайтынын Оқу-ағарту министрлігі түсіндірді.

"Баланың қарым-қатынас құқығы туылған сәттен пайда болады, дегенмен өмірде бұл әрдайым мүмкін бола бермейді. Баланың араласудағы проблемалары баланың ата-аналары немесе туыстары арасында жанжал туындаған, ата-аналары некені бұзған немесе бөлек тұрған жағдайларда орын алады. Бұл ретте Қазақстанда баланың әкесімен не шешесімен, сондай-ақ жақын туыстарымен қарым-қатынас жасау тәртібін реттейтін заңнамалық тетік жоқ. Осыны пайдаланып, анасы не әкесі баланың басқа туыстармен араласуына тосқауыл қойып, кедергі жасап бағатын деректер жетерлік", – деп түсіндірді ведомство.

Меморган дерегінше, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының қызметіне жасалған функционалдық шолу көрсеткендей, осы органдар 2021 жылы, бір жыл ішінде балаларды тәрбиелеуге байланысты осындай 6 871 дауды шешуге атсалысты. Соның ішінде баланың туысқандарымен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындауға тырысты.

Министрлік елімізде жалпы саны 6 млн 474 мыңнан астам бала барын еске салды. Олардың бәрін қолдаумен, мүдделерін және құқығын қорғаумен қамтуға қорғаншылық және қамқоршылық органдарының әлеует-күші жетпейді.  

Оқу-ағарту министрлігі жағдайды түзету үшін Неке және отбасы туралы кодекске өзгерістер дайындады. Жаңа заң жобасы баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға "балалардың туыстарымен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы дауларды қарау рәсімін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актіні қабылдау құзыретін" бермек.

Бұған қоса, мәселені реттеу, баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін "Баланың құқықтары туралы" заңына да түзетулер енгізіледі.

Кодекс пен заңнамаға түзетулер енгізетін жаңа заң қабылданса, онда Балалардың туыстарымен қарым-қатынас жасау тәртібі айқындалып, Дауларды қарау тәртібі жөніндегі қағидалар қабылданады. Сондай-ақ әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.

Қарағандыда осы саладағы жанжал мүлік бөлістегі дау-дамайға ұласыпты. 2022 жылғы сәуірде Қарағандыда белгілі бизнесмен Александр Гиляев қаза тапты. Осыдан кейін Қарағанды облысының Нотариалдық палатасы "Мұрагерлерге іздеу" жариялады. Ол туыстарымен жақын араласа қоймаса керек. Содан сот оның дүние-мүлкін одан некесіз туылған балаларына табыстаған. Атап айтқанда, Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының, Қарағанды облыстық сотының судьялары Анастасия Рябованың барлық талап арыздарын заңды деп танып, қанағаттандырды.

Бұған кәсіпкердің әкесі Андрей Гиляев түбегейлі қарсы. Ол өзін "ұлының барлық мүлкінің жалғыз заңды мұрагері" деп санайды. Қазір сот үкімдерінің күшін жойғызу үшін шағымданып жүр.

Сонымен бірге Қазақстанда балаларға қатысты туысқандар арасындағы жанжал өрті де қаулай беретінге ұқсайды. Себебі бұл тұрғыдағы заңнама олқылыққа толы. Оны реттеуге тиіс заң жедел дегенде, келесі жылы ғана қабылдануы мүмкін.

Сурет: psy-files.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу