Банк ісіне қатысты даулар судьяларды мезі етті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2723

Елімізде банк ісіне қатысты 84 мың дау қаралады.  

Банк ісіне қатысты даулар судьяларды мезі етті

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың деректеріне сүйенсек, осыдан бес жыл бұрын отандық судьялар бір жылда 1,4 миллион істі қараса, қазір бұл көрсеткіш 2,7 миллионға жеткен. Яғни, екі есе өскен.

"Бұл дұрыс емес. Мұндай жүктемеден кейін қалайша олардан жұмыстың сапалы болуын талап ете аламыз?! Ал Алматы мен Астанадағы судьялар бір күнде 15-20 шешім шығарамыз деп зар жылап жүр", – деді Жақып Асанов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өткен судьялардың кеңейтілген отырысында.

Жақып Асановтың сөзінше, мемлекеттік органдарда функциялар тұрақты түрде қысқартылып тұрады немесе оңтайландырылады. Ал штат саны сол күйі қалады. Яғни, жұмыс жүктемесі азайғандықтан, оның сапасын арттыруға мүмкіндік туады. Өкінішке қарай, сот жүйесіндегі жағдай басқаша. Судьялар саны көбеймейді. Ол аздай жұмыс көлемі еселеп артады. Мәселен, биылдың өзінде жұмыс көлемі 30%-ға ұлғайған екен.

Сондықтан, Жақып Асанов аудандық және қалалық соттардың басшыларын қол астындағы қызметкерлерді сот төрелігіне қатысы жоқ жұмыстардан босатуды сұрап отыр.

"Судьялардың жүктемесінің көбеюіне қаралатын істер санының артуы ғана емес, сондай-ақ олардың сот төрелігіне қатысы жоқ жұмыстармен айналысуы да себеп болып отыр. Біз мемлекетке де, қоғамға да, адамдарға да пайдасы шамалы басы артық жұмыстан арылуымыз керек. Ол үшін ішкі процедураларды ретке келтіру қажет", – деді Жоғарғы соттың төрағасы.

Мәселен, біздің елде банк ісіне қатысты даулар жиі тіркеледі. Жақып Асановтың сөзіне сенсек, жыл сайын банк ісіне қатысты 84 мың дау қаралады екен. Ал мұның барлығы судьяларға айтарлықтай салмақ салады. Сондықтан, Жоғарғы сот Ұлттық банктен кредиттік келісімдерге қойылатын талаптардың сақталуын қатаң бақылауды сұрап отыр. 

"Банк ісіне қатысты даулар неліктен көп? Банктер келісімшартты береді. Бірақ, адамдар оны оқымайды. Тек, ай сайын қанша төлейтінін, несиенің қанша уақытқа берілгенін және қолына қанша ақша тиетінін ғана оқиды. Бітті. Ал келісімшарттар ұсақ шрифтпен жазылған әрі түсініксіз. Осыдан кейін дау басталады. Мұндай жағдайда судьялар қандай шешім қабылдауы керек?!" – дейді Жақып Асанов. 

Бұл ретте, ол мұндай істерді Жоғарғы сот деңгейінде қарамас үшін Ұлттық банк пен барлық банктердің басын қосып, ортақ келісімге келу керек деп есептейді.

"Банктер өз жұмысы арқылы қоғамда дау тудырып отыр. Өз кезегінде бұл тұрғындардың мемлекеттік саясатқа деген ренішін тудырады. 84 мың дау деген үлкен жүктеме. Бұл дегеніңіз – бірнеше сот отырысы. Мұның бәрі көп уақытты алады", – дейді Жоғарғы соттың төрағасы.

Сот жұмысындағы қағазбастылық пен бюрократиялықты азайту үшін елімізде бірқатар пилоттық жобалар қолға алынбақ. Мәселен, отбасылық даулар бойынша міндетті медиация қызметін енгізу жоспарланып отыр.

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, мұндай жаңашылдық адам құқығын толық қорғауға мүмкіндік береді. Ең бастысы қоғамдағы дау-жанжалдың деңгейін төмендетпек.

"Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация туралы заң жобасы дайын. Енді парламентке жіберіледі. Жалпы, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, отбасылық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешкен әлдеқайда жедел әрі тиімді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл категорияға жататын істердің басым бөлігі сотпен қаралады", – дейді Сағатбек Сүлеймен.

Төраға кеңесшісінің сөзінше, отбасылық және еңбек даулары халықтың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді.

"Өкінішке қарай, біздің елде әрбір үшінші отбасының шаңырағы құлап, әрбір үшінші неке бұзылады. Орташа есеппен алсақ, әрбір отбасыда шамамен екі баладан болады. Демек, жылына 100 мыңнан астам бала әке тәрбиесінен, ана мейірімінен айырылады. Ал олардың бәрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жетім балалар категориясына жатқызылады", – дейді Сағатбек Сүлеймен.

Оның айтуынша, бұдан бөлек халық арасындағы дауларды шешудің баламалы әдістерінің артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте, билер институты қайта жаңданбақ. Билер институты дауларды шешудің баламалы әдістерінің бірі ретінде қарастырып отыр.

Осы орайда, Жақып Асанов судьялардың басты міндеті кінәлі мен кінәсізді анықтау емес, тараптарды бітістіру екенін еске салды.

"Кінәлі мен кінәсізді анықтау – судьяның басты міндеті емес. Басты міндет – тараптарға тиімді шешім қабылдауға көмектесу. Бұл – қалпына келтіру сот төрелігі деп аталады. Біз айтып жүргендей қазір әлемдік құқықтанудағы негізгі тренд жарыспалылық емес. Басты тренд – азаматтық және ауыр емес қылмыстық істер бойынша қалпына келтіру сот төрелігі", – деді Жақып Асанов.

Сондықтан, медиация құралдарын мейлінше көп пайдалану керек. Яғни, дау-жанжалдар сотқа дейін шешімін табуға тиіс.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу