Маңғыстаулық компания Жоғарғы соттан әділдік күтеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3229

"Бәсекелестер мемлекеттік органдардың қолымен қысым көрсетіп отыр".

Маңғыстаулық компания Жоғарғы соттан әділдік күтеді

200-ден астам адам жұмыссыз қалмақ

Мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын маңғыстаулық "Экотерра" компаниясының болашағы бұлыңғырлана түскендей. Кәсіпорын мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілген қысым мен кедергілердің салдарынан банкрот болуы ықтимал. Осылайша, мұнда еңбек ететін 200-ден астам адам жұмыссыз қалмақ.

"Соңғы жылдары бізге мемлекеттік органдар тарапынан қысым көрсетіліп келеді. Компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, заңсыз тексерулер көбейді. Бүгінде "Экотерра"-ға салықтық қысым жасалып отыр", – дейді "Экотерра" компаниясының құрылтайшысы Гүлжихан Жақаева.

Компанияның заңгері Игорь Тощановтың айтуынша, өткен жылдың тамыз айында Маңғыстау облыстық экология департаменті "Экотерра"-ға тексеріс жүргізген. Оның қорытындысы бойынша компанияға айыппұл салынып, қоршаған орта эмиссиясы үшін төлем жасау міндеттелген. Бұл ретте, кәсіпорын мемлекетке 4 млрд теңге төлеуі керек екен. Алайда, компания өкілдері мұнымен мүлдем келіспейді.

"Біз мұндай проблемамен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. 2013 жылы да экология департаменті тарапынан тексеру болып, компания көп көлемде айыппұл арқалады. Біз сотқа жүгіндік. Ақыры компания мен департамент арасындағы дау 2015 жылы Жоғарғы сотқа жетті. Жоғарғы сот бұл іске нүкте қойып, біздің пайдамызға шешім шығарды. Мұнай қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындар қоршаған орта үшін эмиссия төлемейді. Себебі, кәсіпорын онсыз да экологияға зиянын тигізетін қалдықтарды кәдеге жаратып отыр. Мұны Жоғарғы сот та өз шешімінде атап көрсетті. Бірақ, бірнеше жылдан кейін тағы да дәл осындай проблемамен ұшырасып отырмыз", – дейді Игорь Тощанов.

Заңгердің сөзінше, қазіргі даудың бұған дейінгіден ешқандай айырмашылығы жоқ. Айырмашылық уақытында ғана дейді. Әйтпесе, дауласушы тараптар да, қаралып отырған мәселе де бірдей. Оның үстіне бұл аралықта қолданыстағы заңнамаға ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Экологиялық кодекс те өзгермеген.

"Алғашқы сот инстанциясында ұтылдық. Аппелациялық сотта да жеңілдік. Ендігі үмітіміз – Жоғарғы сотта. Біз процесс барысында дәл осындай жағдай бойынша шығарылған Жоғарғы соттың шешімін көрсеттік. Алайда, назарға алған ешкім жоқ. Маңғыстау соттары "Экотерра" компаниясын кінәлі деп тапты. Осылайша, Қазақстанның сот жүйесі бірдей іс бойынша екі түрлі шешім шығарып отыр", – дейді заңгер.

 

Үш күннен соң компанияның шоты бұғатталады

Компания өкілдері Жоғарғы сот әділ шешім шығарады деген сенімде. Дей тұрғанмен, Жоғарғы соттың бұл істі қашан қарары белгісіз. Өйткені, өтініш өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған. Ал үш күннен соң, яғни 7 ақпанда салықтық бақылау органдарының хабарламасы күшіне енеді. Осылайша, компанияның шоты, барлық мүлкі бұғатталады. Адамдар жұмыссыз қалады. Олардың дені компания құрылған сәттен бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіби мамандар екен.

"Азаматтық-процестік заңнаманың қолданыстағы нормаларына сәйкес, екі тарап бірдей мәселе бойынша кезекті мәрте дауласатын болса, онда сол іске қатысты бұған дейін шығарылған шешім негізге алынады. Демек, Жоғарғы соттың шешімі талқылауға жатпайды. Біз Жоғарғы соттан 2015 жылы шығарылған шешімді растауын сұраймыз", – дейді Игорь Тощанов.

Заңгердің сөзінше, нарықта қалдықты өңдеу және сақтау деген нормалар бар. Олардың анықтамасы Экологиялық кодекстің 1-бабында көрсетілген. Екеуі екі бөлек дүние. Тиісінше, "Экотерра" компаниясы қалдықты сақтаумен емес, өңдеумен айналысады. Алайда департамент компанияны қалдықты сақтаумен айналысады деп айыптап отырған көрінеді.

"Біз қайта өңдеумен айналысамыз. Бұл деген тұтас бір цикл. Аталған процесс қалдықты автокөлікке тиеп, кәсіпорынға алып келуден басталады. Жалпы, компанияның қызметі өңірдегі экологиялық қауіп-қатерлерді төмендетуге бағытталған. Егер біз мұнай қалдықтарын өңдеп, жоятын болсақ, қызметіміз үшін қоршаған орта эмиссиясын төлеуден босатылуымыз керек. Бұл туралы экологиялық кодексте тайға таңба басқандай көрсетілген. Компания қалдықтарды өңдеп, құрылыс, машина жасау саласына қажетті шикізат алады. Олардың әрқайсысында тиісті сертификат бар. Демек, өңдеуден кейінгі өнімдер қалдық болып саналмайды. Ол – шикізат. Мұнай қалдықтарынан тазаланған бейтарап топырақ пен қиыршық резеңкелер аламыз", – дейді Гүлжихан Жақаева.

Негізі компания өкілдері кімдердің, қандай ниетпен қысым көрсетіп отырғанын жақсы біледі. Бірақ, ашып айта алмайды. Себебі, қолдарында нақты дәлел жоқ.

 

"Қысым көрсетіп отырғандардың кім екенін ішіміз сезеді"

"Біз "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамымен 4 жылдық ұзақмерзімді келісімшартқа отырдық. Қысым мен кедергінің бәрі осыдан кейін басталған секілді. Келісімшартқа сәйкес, "Экотерра" "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының полигондарын дамытады, топырақтарын тазартады. Бұл міндетті бір жарым жыл бойы орындадық. Оның бәрі біздің компанияның қаражаты есебінен жасалды. Келісімшартқа сәйкес, төлемақы жұмыс толық орындалған соң аударылады. Жұмысты уақытылы аяқтадық. Қабылдап алу актісіне қол қойылды. Тапсырыс беруші 2018 жылдың желтоқсанында немесе осы жылдың қаңтарында төлемақыны аударуға тиіс еді. Алайда 16 қаңтар күні күтпеген хат алдық. Онда экология департаменті қабылдап алу актісіне қойылған қолдың күшін жоятынын жазған. Айтуларынша, актіге қол қойған департамент өкілінің мойнында мұндай құзырет жоқ екен. Енді қазір қызметтік тексеріс жүргізілуде. Ал біз бір жарым жыл бойы атқарылған жұмыстың ақшасын ала алмай жүрміз", – дейді Игорь Тощанов.

Ол аздай, экология департаменті "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына хабарласып, көрсетілген қызметі үшін "Экотерра"-ға ақы төленбесін деп ескерткен.

"Мұны растайтын құжаттар бар. Бірақ, не үшін төленбеуі керектігі ашып айтылмаған. Маңғыстау облысы бойынша қалдық өңдеумен айналысатын 30 шақты компания бар. Біздің компаниямен қатар таңғы екі-үш кәсіпорынға да тексеру жүргізілді. Алайда, оларға қомақты айыппұл салынған жоқ, қысым да көрсетілмеді. Ал барлық компанияның қалдықты өңдеу процесі бірдей. Бізге қысым көрсетіп отырғандардың кім екенін ішіміз сезеді. Бірақ, дөп басып айту үшін айғақ керек. Мұның бәрін бәсекелестеріміз мемлекеттік органдардың қолымен істеп отыр", – дейді Гүлжихан Жақаева.

 

Бұл істен Бас прокуратура да хабардар

"Экотерра" компаниясы 2007 жылы құрылған. Қалдықты өңдеу нарығында 10 жылдан астам уақыт бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Маңғыстау облысындағы "Маңғыстаумұнайгаз", "Өзенмұнайгаз", "Oil Services Company" секілді ірі компаниялармен тығыз байланыста.

"Экотерра" мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысатын облыстағы, жалпы Қазақстандағы ең ірі және үздік компаниялардың бірі деп толық айта аламын. Мұнда 200-ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған. Құрылғылар қалдықтарды 100 пайызға дейін өңдей алады. Бүгінде Маңғыстаудың бірнеше ауданында компанияның қалдықтарды өңдеуге арналған 4 кешені жұмыс істейді. Облыста 10 жылдық тәжірибесі бар мұндай компания жоқ. Тапсырысты тендер арқылы аламыз. Жұмысшылар ға 150-300 мың теңге аралығында еңбекақы төленеді. Олардың көбі осы жалақыға қарап отыр. Оның үстінде біразында кредит бар. Біз 10 жылда жинаған дүниемізбен күн көрерміз-ау, ал бір жалақыға қарап отырған адамдардың жағдайы не болмақ?! Осы мәселе алаңдатады" – дейді "Экотерра" компаниясының құрылтайшысы.

Деректерге сүйенсек, "Экотерра"-ның жылдық табысы 2-3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 200 мың тонна қалдық өңдейді. Ал компанияның  жалпы қуаттылығы 1 млн тоннаны құрайды. Өңделетін қалдықтың 60-70 пайызынан өнім алынады екен.

"Сот процесі жүріп жатқандықтан, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап бармадық. Өйткені, мұндай жағдайда ешқандай ұйым бізге көмектесе алмайды. Бұл сот процесіне жасалған қысым боп есептеледі. Дегенмен, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов "Атамекенде" өткен жиындардың бірінде мемлекеттік органдардың "Экотерра" компаниясына қатысты заңсыз тексерулер жүргізгенін мысал ретінде айтқан болатын. Сондай-ақ ол бұл жерде әлдекімдердің мүддесі барын да ашып айтты. Біз де дәл солай топшылап отырмыз", – дейді Игорь Тощанов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу