"Банк қызметкері" хабарласып, телефоныңызға қосымша жүктеуді сұраса, еш уақытта олай жасаушы болмаңыз!

3387

Қазақстандықтар киберқылмыс кесірінен миллиардтап шығынға отыруда.

"Банк қызметкері" хабарласып, телефоныңызға қосымша жүктеуді сұраса, еш уақытта олай жасаушы болмаңыз! Фото: habr.com

Бүгінде республикада барлық мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн қолжетімді. Олардың 85%-ын eGov mobile арқылы тікелей ұялы телефонмен алуға болады.

Бір жағынан, банк саласындағы, онлайн саудадағы цифрлық сервистердің дамуының сұрапыл серпін алуы, мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа жаппай ауыстырылуы азаматтардың өмірін қолайлы ете түседі. Екінші жағынан, мұның теріс салдарлары да бар. Кредитті онлайн алу, есепшотты смартфоннан лезде ашу, ақшаны көзді ашып-жұмғанша аударып жіберу сияқты мүмкіндіктердің бәрін алаяқтар да пайдаланады.

Жасыратыны жоқ, кибергигиенадан хабары аз, қаржылық сауаты шамалы адамдар өмірдің барлық саласына ақпараттық технологиялардың дендей енуіне дайын болмай шықты. Салдарынан, интернет алаяқтық саны жыл сайын өсуде, оның схемалары күрделенуде, қылмыс жасаудың түрлі тәсілдері ойлап табылып, күн сайын жетілдірілуде. Тиісінше, халықтың шығыны еселеп артты.

Салдарынан, Қазақстанда әрбір екінші киберқылмыс ашылмайды, айыпты жазасыз қалады. Халыққа биылғы жыл басынан интернет-алаяқтар келтірген шығын 7,1 миллиард теңгеге дейін жеткен. Шығынның тек 11%-ын өтеу ғана мүмкін болыпты. Салыстырсақ, 2023 жылы интернет-алаяқтардан келген шығын 4,1 миллиард теңге болған.

"Интернет-алаяқтық – елдегі алаяқтық түрлерінің ішіндегі ең бастысының бірі болып отыр. Биылғы 7 айда Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы ("Алаяқтық") бойынша сараланған, Сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізілімінде тіркелген 26,9 мың қылмыстың 44,4%-ы немесе шамамен 12 мыңы интернет-ресурстарды пайдаланып ақша ұрлауға қатысты болды", – деп хабарлады ресми статистиканы талдаған Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебінше, интернет-алаяқтықпен байланысты, тіркелген құқықбұзушылықтардың саны соңғы бірнеше жылда бірден 40 еседен астамға өсіп шыға келді. Атап айтқанда, егер 2018 жылы небары 500 құқықбұзушылық тіркелсе, 2023 жылдың қорытындысында оның саны 21,8 мыңға жетті.

"Қазақстандықтардың қалтасын қағудың жаңа амал-айласын алаяқтар күн сайын ойлап табады. Оны халыққа ұғынықты түрде түсіндіре алатын маман аз. Мысалы, мен кейде ақпарат құралдарында сөйлеген әлдебір полицейдің: "Банк қызметкерлері сіздерге телефон соқпайды, банктенмін десе, ол – алаяқ!" деп айтып жатқанын естіп, жаға ұстаймын. Банктер қызметкерлері неге қоңырау шалмасын, шалады. Мысалы, банктен кредит алып, өтеуді қойған, карта рәсімдеп, оны пайдаланбайтын, бұрын депозит ұстаған, кейін кетіп қалған клиенттеріне қоңырау соғады, сондай жұмысты бізге басшыларымыз тапсырады. "Кредитті қайтармауыңыздың, картамызды пайдаланбауыңыздың себебі не? Қайтадан депозит ашқыңыз келмей ме?" деп сұрастырамыз", – дейді банк қызметкері Аружан Манапбек.

Оның айтуынша, "банк қызметкерлері сіздерге қоңырау соқпайды" деп емес, "банк қызметкері нақты мына тақырыпта қоңырау соқпайды" деп түсіндірген жөн.

"Мысалы, егер сізге белгісіз біреулер бөтен нөмірден немесе банктің қысқа нөмірінен хабарласып, өзін банк қызметкері немесе қауіпсіздік бөлімінің басшысы деп таныстырса және алаяқтар сіздің атыңызға кредит рәсімдегелі, шотыңыздағы ақшаны шешіп, жинағыңызды ұрлап алғалы жатыр десе, бірден күдіктеніңіз. Алаяқтар адамдарға өз есепшотын қорғау үшін "бірыңғай шот", "сақтандыру ұяшығын" ашуды немесе "айналы (зеркальный) кредит" рәсімдеуді, әлдебір құралға ақшаны инвестициялауды ұсынады. Мұның бәрі алдау. Нағыз банк қызметкерлері ондай ұсыныс жасамайды. Тіпті "кредитіңізді банк жүйесін жойып береміз" деп жалған қызметті ұсынатын алаяқтар шықты. Кредитті жою келісімі деген келісім атымен жоқ", – деді банк қызметкері.

Сондай-ақ банк мамандары смартфоныңызға AnyDesk, TeamViewer, AirDroid сияқты қосымшаларды жүктеп, орнатпауға кеңес береді. Мұндай қосымшалар алаяқтарға сіздің телефоныңызға қашықтан қол жеткізіп, ойына келгенін істеуге мүмкіндік ұсынатын көрінеді.

Құқық қорғау органдары қол қусырып, құр қарап отырған жоқ. Өткен жылы Ішкі істер министрлігі CyberPol пилоттық жобасын іске қосты және елдің әрбір өңірінде оның бөлімшелерін ашты. Биылғы тамызда Ұлттық банк Антифрод-орталықты құрды, ол қаржылық алаяқтық нышандары бар төлем транзакцияларын жолай бұғаттап тастайды.

Соған қарамастан, киберқылмыс күш алып барады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері көрсеткендей, интернет-алаяқтық фактісі бойынша қозғалған істердің көпшілігі "айыпты анықталмады" деген сылтаумен сотқа жетпей, жабыла салады. Өткен жылы осы себеппен доғарылған қылмыстық істердің үлесі 79,2%-ды құраған Биылғы 7 айдың өзінде бұл көрсеткіш 56,3%-ға жетті. 2023 жылдың 12 айында интернет-алаяқтықпен байланысты 23,8 мың қылмыстық іс тергеуде болса, 2024 жылғы 7 айдағы саны 13,7 мыңды құрады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарын киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күресті күшейтуге бағытталған жұмыстар туралы құлағдар етті.

"Киберқауіпсіздікке төнген қауіп-қатер және дербес деректерді қорғау туралы халықтың хабардарлығын арттыру жұмыстары тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Бұл үшін ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, халық көп жиналатын орындарда, сауда орталықтарында, базарларда, ХҚКО-ларда, кинотеатрларда, теміржол вокзалдарында, халықаралық әуежайларда, автобустарда және басқасында тиісті ақпарат орналастырылады. Соның нәтижесінде, 2023 жылы халықтың хабардар болу деңгейі 80,4%-ды құрады", – деді Премьер Олжас Бектенов. Бірақ хабары болса да, халық алданып жатыр.

Үкімет басшысының айтуынша, қаржы нарығы субъектілеріне қатысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары әзірленіп, олар заңдық актілерде бекітілді. Соның ішінде банктер өз клиенттерін биометриялық және қос факторлы аутентификациялаудан өткізуге міндеттеледі. Клиенттің бет-жүзін жүйе нақты, дәл танымайынша, оған онлайн кредит те берілмеуге тиіс.

Дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және қорғау саласында ұсыныстар пысықталуда екен. Бұл тұрғыда қазақстандықтардың дербес деректерінің сыртқа ағып кетуіне шамалы да болса, тосқауыл қою үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді: оған сәйкес, заңда қарастырылған жағдайларды қоспағанда, азаматтардың жеке куәлігі мен паспортының, туу туралы куәлігінің ксерокөшірмесін, сканын жасауға тыйым салынды. Бұл талап бизнес нысандарына да қатысты.

Сонымен қатар, егер әлдебір дерекқорда сақталған азаматтардың деректері сыртқа кетіп қалса, ол туралы азаматтарға хабарлау қарастырылған. Олжас Бектенов қазақстандықтардың банк заемдарын алудан ерікті түрде бас тартуы тетігін енгізу де интернет-алаяқтарға кедергі болады деген пікірде. Бұл қызмет автоматтандырылған. eGov порталы арқылы "Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" сервисіне кіріп, өз атыңызға қашықтан кез келген кредит рәсімдеуге тыйым салып тастай аласыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу