Банкоматтарды айналсоқтаған алаяқтар қарапайым адамдарды қылмыскерге айналдыруда

11851

Қазақстандықтар қайырымдылық жасаудан қорқып, көмек қолын созудан бас тарта бастады.

Банкоматтарды айналсоқтаған алаяқтар қарапайым адамдарды қылмыскерге айналдыруда Фото: canva.com

Белгілі заңгер Анна Чернова Алматыда және өзге өңірлерде банкоматтармен байланысты алаяқтықтың бір схемасы таралып жатқаны туралы ескертті.

Ол әсіресе, ірі сауда ойын-сауық орталықтарындағы түрлі банктің банкоматтары жинақталған секторда әртүрлі себеп-сылтаумен келушілердің аяғына оралып, өтінішпен жүгінушілердің қаптап кеткеніне назар аудартты.

"Олар ақша аударуда, картадан қаржы шешіп алуда немесе қолма-қол ақшаны қолма-қолсыз ақшаға айналдыруда көмектесуді өтінеді. Сомалары да салмақты, он-жиырма мың теңге емес. Олардың басым көпшілігі алаяқтар болуы мүмкін. Басыңыз бәлеге қалғанын қаламасаңыз, оларға көмектеспеңіз. Өзіңізді сананы сарсаңға салып, жүйкені жұқартатын қиыншылықтан, сотқа сүйреулерден, іс қозғалудан құтқарасыз", – деді Анна Чернова.

Ол заңгерлік тәжірибеден мынадай мысал келтірді. Сауда ойын-сауық орталығында бір қызға бейтаныс жігіт кезігіп, көмектесуді сұрайды. Ол картасын жоғалтып алыпты, шотының нөмірін де білмейді екен. Ал, оған шұғыл ақша аударылуы керек.

"Сіздің картаңызға ақшаны аударады, сіз соны өз картаңыздан шешіп алып бересіз бе?" деп сұраған. Мұндай "қызмет" үшін көбіне азды-кем ақы ұсынылатын көрінеді.

"Қыз келісіпті. 2 миллион теңге ақша түседі. Қыз оны шешіп алып, сол жерде жігітке табыстаған. Ары қарай оның үстінен сотқа талап-арыздар түскен. Төлемдері бұғатталған. Мазалаушы қоңыраулар соғыла бастаған. Мен де кейде банкоматтың алдындағы кезекте тұрғанда әлдебіреулер таяп келіп, ұсыныс жасайды: "Біз сізге қолма-қол ақша береміз, сіз оны өзге картаға аударып беріңізші?" дейді. Ешқашан олай жасамаңыз! Өйткені оның теріс салдарлары болуы мүмкін. 90 пайыз жағдайда ол адам енді табылмайды. Барлық салдары үшін сізге жауап беруге тура келеді", – деді заңгер Чернова.

Кәсіпкер Кристина Елина бұл схеманың бір ұштығы қайда жатқанын түсіндірді.

"Алаяқтың сыбайласы осы кезде басқа бір құрбанын алдап жатады. Ол құрбаны аңқаулығы және сауатсыздығы кесірінен сол алаяққа банктің серверінен смартфонына келіп түскен смс-хабарламадағы кодты айтып қояды. Осылайша, сыбайласы құрбанның жинағын және оның үстінен рәсімделген несие қаражатын банкомат жанында алданған жаңа құрбанның картасына аударады. Одан ары алаяқтық жолмен табылған қаражат сол картадан Ресейдің не басқа шет мемлекеттің азаматының картасына асырылады. Немесе банкоматтан дереу қолма-қол қаржыға айналдырылады. Ақыр соңында бірінші құрбанды алдаған екінші құрбан болып шығады", – деді кәсіпкер.

Бірінші құрбан полицияға шағыммен жүгінсе, олар банктен деректерін алғызады. Онда ақшаның кімге аударылғаны және оны кімнің шешіп алғаны немесе ары қарай аударғаны көрініп тұрады.

Тиісінше, банкомат жанында "өмірлік қиын жағдайда қалған" өзге адамға мейірімінің шуағын төгуге ұмтылған кісінің үстінен қылмыстық іс қозғалады, азаматтық сот өндірісі ашылады.

Сауда орталығында бөгде адамға көмектескеніңізді тіпті сол СОО-лардағы (ТРЦ) видеожазбалармен де дәлелдей алмауыңыз мүмкін. Өйткені оның бейтаныс адам екеніне, "сыбайласыңыз" еместігіне еш дәйектемеңіз жоқ.

Ақтөбедегі "KeruenCity" сауда орталығының қызметкері таяуда белгісіз біреулердің банкоматтарды жағалап, адамдарға қолқа салып жүргенін көріп, полиция шақыртыпты. Келіп жеткен тәртіп сақшылары сұрау сала келе, ешқандай қылмыстық құрамды таппаған екен.

Мұндай оқиғалар және одан сақтандыратын кеңестер қазақстандықтардың "тасжүректене" бастауына соқтырды.

"Осындай кеңестердің қаптауы кесірінен банкоматтың жанында маған ешкім көмектеспей қойды. Мен ақша шешіп алғандардан жаңа 5 мың теңгелік купюраны ескі нұсқасына айырбастап беруді ғана сұраған едім. Алаяқ көріп, алая қарады бәрі. Қорланғаннан кірерге тесік таппадым", – деді алматылық Әділхан Құсманов.

Бірақ сақтықта қорлық жоқ деген. Осының алдында Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарына жазбаша жауабында қарапайым қазақстандықтардың еріксіз немесе ақыға "дропперге" айналып жатқанын айтқан болатын.

Ол ұзақ жылдар бойы ұлттық заңнамада дропперлер үшін жауапкершілік болмағанын еске салды. Жағдай енді ғана өзгеруде: Азаматтық кодекстің 953-бабына сəйкес, алаяқтардан зардап шегушілердің ақшасын "дропперлерден" азаматтық тəртіппен, яғни, азаматтық іс аясындағы сот үкімімен өндіріп алудың оң практикасы қолданылды. Жоғарғы сот бұл əрекеттерді заңды деп таныды.

Бас прокурор алаяқтардың дропперлердің банк карталарын, интернет-банкингтерін пайдаланатынын жəне дропперлерді мекен-жайларға бағыттайтынын айтты.

"Соңғы кездері көбінесе, жастар мен зейнеткерлер оңай табыс табамын деп, қасақана, мақсатты түрде немесе келеңсіз салдары болатынын толық түсінбей, алаяқтық схемаларға тартылуда. Олар алаяқтар ұрлаған қаражатты ары қарай шетелге шығарып әкету немесе транзиттеу үшін өз аттарынан банк карталары мен шот-фактураларды ашып береді. Аталған схемаға қатысатын және ұрланған ақшаны манипуляциялау тізбегінде делдалдық қызмет көрсететін адамды "дроппер" деп атайды. Мұндай адамдардың жауапкершілігі күмәнсіз және ондай әрекеттер қылмыстық, материалдық жазаға әкеп соғады. Алаяқтыққа қасақана қатысқаны үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 28, 190-баптарына сәйкес туындайды және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді", – деп қаперге салды Бас прокуратура.

Материалдық жазаға келетін болсақ, қазірдің өзінде Азаматтық кодекстің 953-бабы бойынша қолма-қол ақшаның толық сомасын дропперлерден өндіріп алу фактілері тіркелуде.

Бір мысал: Т. деген азамат сотқа жүгініп, алаяқтар алып кеткен 20 миллион теңгеден астам соманы соларға банктік есепшоты арқылы көмектескен қазақстандықтардан – дропперлерден өндіруді талап етті. Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Т-ның талап-арызы қанағаттандырылған.

Сот анықтағандай, алаяқтар Т.-ны алдап, жаңылыстыра отырып, 20 миллионды төрт қазақстандықтың есепшоттары мен карталарына аудартқызған. Соңғылары, өз кезегінде, шоттарына түскен ақшаны бұрын қол жеткізілген келісім бойынша ары қарай белгісіз тұлғаларға аудара қойған. Дроппер рөлін атқарған қазақстандықтар сотта оның қылмыстық жолмен табылған қаражат екенін толық түсінбегенін, білмегенін айтып, ақталды. Бірақ бұл оларды жазадан құтқармады. Алаяқтар әкеткен қаражатты енді солар өз қалтасын төлейді.

Сот дропперге айналған азаматтардың "ақшаны алу негіздерін анықтау шараларын қолданбағанын және оны басқа тұлғаларға аударғанын" ескере отырып, бұл әрекеттерді "өзгенің мүлкіне өз қалауы бойынша билік ету" деп таныды. Сондықтан оларды алған негізсіз сыйақыны зардап шегушіге қайтаруға міндеттеді. Қаражат олардан мәжбүрлі түрде өндіріп алынады.

Осыған орай, Бас прокуратура азаматтардың назарын "алаяқтыққа қатысуға жол берілмейтіндігіне және алаяқтықтың кез келген түрлеріне қатысқаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығына" аударды.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенатқа хатында "дропперлер" енді ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде де қудалануы мүмкін екенін хабарлады.

"Қылмыстық заңнаманың қолданыстағы санкциялары алаяқтық келтіретін қоғамдық қауіп дәрежесіне сәйкес келеді. Ең ұзақ мерзім 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде уәкілетті органдар заңсыз ақшалай қаражатты "жылыстату" және шығару жөніндегі негізгі фигуранттар болып табылатын "дропперлер" деп аталатын топтың қылмыстық жауапкершілігін енгізуді пысықтауда", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу