Сарапшылардың айтуынша, ел Парламенті 2026 жылдан бастап банк аударымдарына қосылған құн салығын салу мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл ақпаратты Үкімет өкілдері жоққа шығарды. Бірақ гәп бар. Сарапшылардың байламынша, банктер өзіне салынатын осы салықты бәрібір клиенттерінен өндіріп алады.
"Банктер қызмет көрсеткені үшін клиенттерден комиссия алады, дәл осы комиссияларға салық салуды енгізу пысықталуда. Бұл санатқа мысалы, ақша аударымдары үшін алынатын комиссиялар немесе пластик карта шығару қызметінің төлемі кіреді. Осы мақсатта жаңа Салық кодексінің жобасы аясында екінші деңгейлі банктер жүргізетін қаржы операцияларына берілген қолданыстағы жеңілдіктерді жою ұсынылып отыр", – деп түсіндірді Учёт.kz сарапшылары.
Олардың айтуынша, бұл ретте азаматтардың өздері жасайтын ақша аударымдарынан сол бұрынғыдай ешқандай салық алынбайды.
Сондай-ақ егер банктің өз ішінде, өз клиенттері арасында ақша аудару тегін болса, онда оған да салық қолданылмайтын болады.
Еліміздегі жетекші банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің менеджері Күнсұлудың айтуынша, қазіргі кезде банктер өз клиенттерінің өзге банк клиенттеріне аударған әрбір аударымынан 150-300 теңге аралығында комиссия жинайды. Сондай-ақ картаға жылдық қызмет көрсеткені үшін орта есеппен 2 мың теңге ақы алады.
"Егер Парламент жаңа Салық кодексінде қолданыстағы жеңілдікті алып тастап, комиссия атаулыға салық енгізсе, банктер ол шығысын клиенттерден өндіреді. Соған бола, клиенттер бізден жаппай кетіп қалады деп қорықпаймыз. Өйткені клиенттеріміздің көбісін олардың компанияларымен арамыздағы келісім негізінде, ұжымдық форматта тартқанбыз. Тиісінше, банктік картасы бухгалтериясы аударатын жалақысына бекітілген", – деді фамилиясын атамауды сұраған банк менеджері.
Айта кету керек, бұл бастамаға қатысты ақырғы шешім әзірге қабылданған жоқ. Тікелей Президенттің тапсырмасымен әзірленген жаңа Салық кодексінің жобасын Парламент депутаттары жұмыс топтарында Үкімет өкілдерімен бірге талқылауда. Топ отырыстарына ара-тұра сарапшылар мен бизнес-қауымдастық өкілдері шақырылады.
Жаңа Салық кодексінің ақырғы нұсқасын Мәжіліс пен Сенат жаңа 2025 жылы қабылдайды. Содан соң құжаттың көптеген бабы 2026 жылдан күшіне енуге тиіс.
Бұл ұсынысқа қатысты кодекс жобасын әзірлеуші түсініктеме берді. Ұлттық экономика министрлігі азаматтардың ақша аударымдарына ҚҚС салынбайтынын жеткізді.
"Бұл жерде әңгіме банктердің өз клиенттеріне қызмет көрсеткені үшін жинайтын комиссиясына қосылған құн салығын салу туралы болып отыр. Мысалы, банк ақша аударымынан немесе карта шығарғаннан комиссия алса, одан ҚҚС төлеуге тиіс. Осыған байланысты жаңа Салық кодексінде банктердің қаржылық операцияларына берілген қолданыстағы жеңілдіктерді жоятын норма енгізілді. Дұрыс түсіну керек, азаматтардың ақша аударымына салық салынбайды. Егер одан банк комиссия алса, сол комиссиядан салық жиналады", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсініктемесінде.
Бірақ депутаттар да комиссиядан алынатын салықты айналып келгенде бәрібір азаматтар төлеуге мәжбүр болатынын айтып отыр. Сондықтан мәжілісмен Асхат Аймағамбетов бюджеттің жыртығын жамау үшін министрліктің барлық төлем операцияларына салық сала бастау бастамасын сынға алды.
"Картамнан картаға ақша аудардым. Комиссия 150 теңгені құрады. Бірақ жаңа Салық кодексі жобасындағы норма қабылданып, күшіне енсе, ақша аударымдары бірден 12% қымбаттап шыға келеді. Экономика министрлігі барлық төлем операцияларына ҚҚС салуды жоспарлап отыр. Пластик карта шығарып, жыл бойы қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа ақша аудару, бухгалтерияның жалақыны жіберуі, банктің басқа қызметтері жаппай әрі елеулі қымбаттайды. Министрлік өкілдері "бұл шығыстарды банктердің өздері өтейді" деп сендіреді. Адал болайықшы, бұл – өтірік. Банктер әрдайым өз шығыстарын клиенттердің мойнына жүктейді. Себебі, банк – қайырымдылық ұйымы емес", – деді Асхат Аймағамбетов.
Дегенмен, депутат бұл сынын әдеттегідей, әлеуметтік желіде айтты.
"Кодекс жобасын талай сынадым, жақсарту үшін ұсыныстар енгіздім. Процесс барысында әлденеге қол жетеді, әлденеге жетпейді. Бұл қалыпты. Өйткені саясат – мүмкін болғанға қанағаттану өнері", – деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Айтқандай, Ұлттық экономика министрлігінің бұл бастамасына Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, бизнес қоғамдастық қарсы шықты. Бірақ олардың Үкіметке сөзі сонша өтімді емес.
Салдарынан, Министрлер кабинеті аталған норманы Салық кодексінің жобасына енгізіп қойды. Соңғы сөз – Мәжілісте.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама – мектептегі баладан егде тартқан қарияға, дара кәсіпкерден ірі кәсіпорындар мен холдингтерге дейін, яғни, баршаны қамтиды.
Депутаттар журналистерге сұхбатында бұрын-соңды болмаған тарихи рекордқа жеткен бюджет тапшылығын өтеу үшін бұқара мен бизнеске салықтық жүктемені арттыруды құптамайтындарын айтады.
Олардың пікірінше, бюджетті керісінше, алпауыттарға берілген негізсіз әрі зор жеңілдіктерді жою, имидждік жобалар және басқа да бюджеттің басымдықты емес шығыстарын қысқарту, ел қазынасын, соның ішінде Ұлттық қорды барынша ұтымды пайдалану, шектен тыс табыс тауып отырған салаларға салықты арттыру, банктердің корпоративті табыс салығын көтеру есебінен толтырған жөн.
Мәжілісмендер бұл уәдесінде тұра ма, әлде "әлеуметтік бағдарланған" ұстанымынан теріс айналып кете ме, оны жаңа Салық кодексінің жобасына дауыс беруі арқылы көрсетеді.