Барлық ел БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті – Президент

162

Астана мен Никосияның әлемдегі көптеген түйткілге қатысты ұстанымы ұқсас екені белгілі болды.  

Барлық ел БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті – Президент Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентімен өткен келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік мәселелер де талқыланғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Екі ел басшылары БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

"Келіссөз барысында халықаралық және өңірлік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Біз БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келістік", – деді Президент.

Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп уағдаластық, деді Мемлекет басшысы.

"Қазақстанның ұстанымы бойынша барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақырады. Екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Достығымыз әрдайым берік болсын! Қазақстан мен Кипрдің қарым-қатынасы нығая берсін!", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан және Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазғанбыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Президент кипрлық серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу