Бас ауруға айналған бас киім

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4939

Қыздарын мектепке хиджаппен жіберетін ата-аналарға айыппұл салынады.

Бас ауруға айналған бас киім

Айыппұл көлемі – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). Бұл дегеніңіз – 22 690 теңге. Аталған ереже ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 409-бабы 2-тармағында тайға таңба басқандай жазылған. Дәлірек айтсақ, онда "Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады", - делінген. Ал міндетті мектеп формасы заңмен бекітілген. Яғни, Білім туралы заңның 47-бабының 15-1-тармағында "Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті" деген ереже бар.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан облыстағы білім саласын бақылау департаментінің бөлім басшысы Аманбай Хұсыновтың айтуынша, бір жыл ішінде кодекс талабы екінші рет бұзылған жайдайда уәкілетті органдар сотқа жүгіну арқылы айыппұлдың көлемін екі есеге өсіре алады.

Аманбай Хұсынов департаментте әзірге мұндай факті тіркелмегенін алға тартты. Десек те, бұл мекемеде Ы.Алтынсарин, Т.Амандосов атындағы және №1, 8, 10 мектептерде білім алатын оқушылардың ата-аналарына айыппұл салуға қатысты бес материал қаралып жатқанын жазды, "Ақ Жайық" апталық газеті (azh.kz). Бұл мәселе жайында бөлім басшысы былай деді:

"Қазіргі уақытта аталған мектептерде ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүруде. Егер бұл қадам нәтижесін бермесе, яғни ата-аналар мұғалімдердің жарғыға сүйеніп қойған талабына бағынбаса, мектеп жарғысына сәйкес, айыппұл салынатын болады".

Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев 2011 жылдың 11 қазанында шыққан "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңның 3-бабы 7-тармағына ("Ешкімнің де өзінің діни нанымдары мен себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқарудан бас тартуға құқығы жоқ") тоқталды.

"Былтырдан бастап жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 136 ата-ананың 96-сы мектеп талаптарына келісті. Қыздары орамалдарын шешті. Ал талапқа бағынбағандарға білім беруді бақылау департаменті мен дін істері басқармасы шара қолданады", – деді Қайролла Көшқалиев.

Басқарма басшысы мына бір мәліметке назар аудартты. Деструтивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін "Шапағат" және ақпараттық-талдау орталықтарының мамандары мектептерге сараптама жүргізген, оқушылармен тілдескен. Оқушылар: "Орамал таққым келмейді. Бірақ, ата-анам мәжбүрлейді" деп жауап берген.

"Жақында орталық мешітте болған кездесуде бір жігіт былай деді: "Біз бүгін орамал тағуды сақтап қалсақ, ертең міндетті түрде пән мәселесін қозғаймыз". Бұл жерде балаларды сабаққа қатыстырмау туралы айтылып отыр. Демек, олардың мақсаты – мемлекет ішінен мемлекет құру. Егер біз бүгін орамал мәселесінде солқылдақтық танытсақ, ертең одан да зорына тап болуымыз мүмкін", – деді Қайролла Көшқалиев.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, қыз балалардың мектепке орамал тағып келгені былай тұрсын, харам деп әнұранға қосылмайтындар, сурет салмайтындар, дене шынықтыру сабағынан қатыспайтындар да көбейіп келеді екен.  

"Бірде дене шынықтырудан кейін келесі сабаққа қатысқан 9-сынып оқушысының басы мен мойны терлеп, шылқып отырғанын көрдім. "Ауыстыратын басқа орамалың бар ма?" деп сұрағанымда, оқушы орамал таққысы келмейтінін, бұл туралы айтқанын әке-шешесіне жеткізбеуін өтінді. Бұл бір ғана мысал. Ата-анасының мәжбүрлеуімен мектепте орамал тағып жүрген қыздар өте көп", – дейді Нұрсәуле Сайлауова.

Естеріңізге сала кетейік, мектеп жарғысына сәйкес, оқушы қыз баланың мектеп формасы тізеден 10 сантиметр төмен, үсті – ақ, асты – қара киім және бас киімсіз болуы керек.

"Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде "діни атрибутиканың қолданылмауы" деген тіркестің қамтылуына келсек, "мектеп формасын сақтау" дегеннің өзі "басқа ешбір атрибутиканы қолданбау" дегенге саятыны белгілі. Бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. Өйткені "форма" ұғымы соның бәрін реттейді", – деген болатын өз мақаласында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу