Бас прокуратура санкция мәселесін пысықтауда

1457

Құқық қорғау жүйесін рефомалау аясында қылмыстық заңнаманы оңтайландыру және тиісті кодекстерді қайта қарау жұмысы жүргізілуде. Мысалы, ұқсас қылмыстар үшін айыптылардың біріне ауыр жаза белгіленеді, екіншісі жеңілімен құтылады. Бұл практика жойылуға тиіс.

Бас прокуратура санкция мәселесін пысықтауда

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында Қ.Тоқаев: "Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет" деп сендірді. "Ескі Қазақстаннан" мұраға қалған ескі кодекстер бұған мүмкіндік бермес еді.

Салдары бірдей, санкциясы – саналуан

Бас прокуратураның түсіндіруінше, қоғам үшін қауіпті салдарлары бірдей қылмыстар үшін көзделген жазалардың мерзімдері әртүрлі болып келеді және айырмашылық – айтарлықтай.

Қазақстанда құқық бұзушылықтардың әлеуметке келтіретін қауіп-қатерінің дәрежесін анықтаудың жүйелі тәсілі мен ғылыми негізделген критерийлерінің болмауы осыған әкеп соқтырған.

"Атап өтетін жайт, қазіргі уақытта санкциялардың жан-жаққа шашырап, бытырап кеткені байқалады. Бұл адамның денсаулығына ауыр зиян әкелген абайсыз әрекеттер үшін жазаға да қатысты. Мысалы, денсаулыққа абайсызда ауыр зиян келтіру деген (Қылмыстық кодекстің 114-бабының 3-бөлімі) жалпы норма бар. Ол үшін ең жоғары дегенде 1 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Ал жүргізушінің көлік құралдарын пайдалану немесе жол жүрісі ережелерін бұзуы абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқса (ҚК-нің 345-бабының 2-бөлімі), ол адам 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деген мысал келтірді Бас прокуратура.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару" деп аталатын 348-бабының 2-бөлігіне сәйкес (абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқса), айыпты адам 2 жылға дейін түрмеге қамалып, максималды жазалануы ықтимал. 

2 жылға абақтыға қамау кодекстің 349-бабы 2-бөлігінде де көзделген. Егер "темір тұлпар" иесі "басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол берсе", мысалы, машинасын оқушы баласына берсе, солай жаза тартады.

Ұқсас жазалар 353-бабының 2-бөлігінде (Көлiкте қолданылатын қағидаларды бұзу), 354-бабының 2-бөлігінде (Магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу), 359-бабы 2-бөлігінде (Басқаруға құқығы жоқ адамның әуе, теңіз немесе өзен кемесін басқаруына жол беру) белгіленген.

Соттардың "түсініксіз тірліктеріне" соқтыратын мұндай қайшылық кодекстің өне бойында жетіп артылады. Мәселен, ең ауыр жазаны дәрігерлер тартады. Өйткені Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-бөлігі бойынша егер медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан науқастың немесе басқаның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірілсе, жауапты денсаулық сақтау маманы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айтқандай, егер нашақорлар есірткі табу үшін есiрткi немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілердi немесе өзге де құжаттарды қолдан жасаса, осынша мерзімге темір торға қамалады. Оларды аяп, осындай рецептті заңсыз берген ақ халатты да соның соңынан сонша мерзімге аттанады.

Сол сияқты кодекстің 276-бабы 2-бөлігіне сәйкес, атом энергиясы пайдаланатын объектiлерді орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан алып тастау кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, сонда да 3 жасқа дейін еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Бірақ елімізде әзірге АЭС салынбағандықтан, бұл бап қолданылмайды деуге болады.

Біреуге шектен тыс қатал қарайтын Фемида тағы біреулерге шамадан тыс жұмсақтық танытады. Қылмыстық кодекстің "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" деп аталатын 156-бабының 2-бөлімі бойынша "осы іс-әрекеттер абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірсе", жұмыс орнында қауіпсіздік техникасы, өнеркәсіптік санитария қағидаларын немесе еңбекті қорғаудың өзге қағидаларын ұйымдастыру, қамтамасыз ету міндеттері жүктелген тұлға ең көп дегенде, 50 тәулікке дейін қамаққа алынады. Әйтпесе, 200 АЕК (636 000 теңге) айыппұлмен құтылады.

Бұған қоса, Қылмыстық кодекстің 351-бабының 1-бөліміне сәйкес, жолаушының, жаяу жүргіншінің жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қауiпсiздiгi ережелерін бұзуы абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтiрсе, максималды дегенде 40 тәулікке дейін қамаққа алынады немесе 100 АЕК айыппұл төлесе, жеткілікті көрінеді.

Бұл ретте осы әрекеттердің барлығы адам денсаулығына ауыр зиян келтіретінін, яғни жәбірленуші мертігетінін немесе өмір-бойға мүгедек болып қалатынын ескерген жөн. Сондықтан Бас прокуратура реформа аясында осы баптардың бәрін бірдейлендіру мәселесін пысықтап жатыр.

Мұнай ұрлығы үшін жаза жеңілдемек

Қазақстанда мұнай және жанар-жағар май ұрлығы үшін ауыр жазалайтыны мәлім. Өйткені "қара алтын" ұрлаумен ұзақ жылдар бойы деструктивті діни ағымдардың өкілдері айналысып келгені жасырын емес. Алайда осы қатал күреске қоймадан бір-екі бөшке "солярка", бензин жымқырған ұсақ ұрлықшылар да ілігіп кетеді. Олардың біразы кәнігі қылмыскер емес, тұрмысы төмен ауылдықтар, жұмыссыздар. Қаңтар оқиғалары кезінде де кейбір адам жабық ЖҚС-терден бензинді заңсыз ағызып алған. 

Сондықтан билік бұл тұрғыда қылмыстық заңнаманы ізгілендіріп, мұнай мен мұнай өнімдерінің аз мөлшердегі заңсыз айналымы үшін қылмыстық жазаны жеңілдетуге ниетті.

Құзырлы органдар мұнай өнімдерін ұрлаушыларды ұстағанын ақпарат құралдары арқылы дүркін-дүркін жариялап тұрады. Шынында олардың көбі ұсақ ұрылар екені анықталуда.

"Соттардың үкім шығару практикасын зерделеу көрсеткендей, тәркіленген мұнай өнімінің құны, әдетте, 200 АЕК-тен аспайтын болып шықты. Ал мұндай әрекеттер қоғамға үлкен қауіп төндірмейді. Сол себепті Қылмыстық кодекстің "Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу" атты 197-бабының 1-бөліміне 200 АЕК-тен жоғары көлемді қамтитын "елеулі залал" дегенді енгізу ұсынылады. Әйтпесе, қазіргі уақытта бұл құрам тек формальды болып табылады", – деген байламға келді Бас прокуратура.

Ресми мәліметке жүгінсек, Қылмыстық кодекстің 197-бабы бойынша 2016 жылы – жалпы саны 69, 2017 жылы – 96, 2018 жылы – 140, 2019 жылы – 95, 2020 жылы – 51 адам сотталды. Оның ішінде көбісі – шағын ұрлықтар. сонысы үшін 2016 жылы – 50, 2017 жылы – 61, 2018 жылы – 85, 2019 жылы – 83, 2020 жылы – 38 адам түрмеге қамалды.

Жалпы 2015 жылға дейін бұл құрам әкімшілік құқық бұзушылықтарға жататын, яғни мұнай ұрлағандарға көбіне айыппұл салынатын. Ұсақ-түйек санап, құзырлы органдар онымен күреске баса мән бермеді, статистиканы өсіруге құмартпады. Нәтижесінде, Әкімшілік кодекстің тиісті 141-1-бабы бойынша 2010, 2011 жылдары бірде бір іс ашылмады. 2012 жылы – 13, 2013 жылы – 14, 2014 жылы – 26 іс қана қозғалған.

Республикада ең көп ұрланатыны – дизель отыны, үлесі – 76%. Қалған 24%-ы – бензин, мұнай, газ және мазут. Яғни, құбырларға заңсыз тесіп кіріп, мұнай ағызу деректері тым сирек.

Бас прокуратураның дерегінше, сотталғандардың басым көпшілігі автоцистерналарды жүргізуге жалданған жұмыссыздар, сондай-ақ ЖШС директорлары, жеке кәсіпкерлер.

2016 жылы: 200 АЕК-тен арзан мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы үшін 44 адам немесе 64%-ы, 200-ден 1000 АЕК-ке дейін – 19 адам (27%), 1000 АЕК-тен жоғары, яғни ірі көлемде мұнай өнімдерін ұрлағаны үшін 6 немесе 9%-ы ғана сотталды.

2017 жылы: 200 АЕК-ке дейін – 60 адам (62%), 200-ден 1000 АЕК-ке дейін – 17 адам (18%), 1000-нан жоғары – 19 адам (20%) сотталды.

2018 жылы: 200 АЕК-ке дейін – 108 (77%), 200-ден 1000 АЕК-ке дейін – 24 (17%), 1 мыңнан жоғары – 8 адам (6%) сотталды.

2019 жылы: 200 АЕК-ке дейін – 77 (81%), 200-ден 1000 АЕК-ке дейін – 11 (12%), 1 мыңнан жоғары – 7 адам (7%) сотталды.

2020 жылы: 200 АЕК-ке дейін – 38 (74%), 200-ден 1000 АЕК-ке дейін – 8 (16%), 1 мыңнан қымбат ұрлығы үшін – 5 адам (10%) сотталған. Жыл сайын мұнай және мұнай өнімдерін аса ірі көлемде заңсыз иеленгендер аз ұсталатыны аңғарылады. 

Қылмыстық істерді зерттеу көрсеткендей, құқық қорғау органдары мұнай өнімдерінің аз көлемдегі заңсыз айналымымен күреске бар күшін шығындайды. Оның орнына бүкіл жұмысты әлі күнге әрекет ететін мафиялардың, қылмыстық топтардың және заңсыз трансшекаралық айналымның жолын кесуге бағыттау қажет деген байлам жасалды.

Осыған байланысты, мұнай өнімдерінің құны 200 АЕК-ке (636 мың теңгеге) дейінгі заңсыз айналымын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 283-1-бабының 5-бөлігіне ауыстыру ұсынылады. Бұл баппен жеке тұлғаларға – 5 АЕК (15 900 теңге), шағын кәсіпкерлікке – 10 АЕК (31 800 теңге), орта кәсіпорындарға – 20 АЕК (63 600 теңге) ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК (95 400 теңге) айыппұл салынады.

Демек егер заңнамалық түзету қабылданса, автоцистернадан амалын тауып, жолай бірер бөшкені заңсыз құйып алған ұрлықшылар аяусыз жазаланбайтын болады.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу