Баспананы жалға алу тағы қымбаттауы мүмкін

1202

Қыркүйек-қазан айларында 3 немесе 5 пайызға өсім болады деп күтіліп отыр. 

Баспананы жалға алу тағы қымбаттауы мүмкін Фото: canva.com

Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Бұл мегаполистерге республиканың түкпір-түкпірінен студенттер ағылады деген сөз. Осы фактор жыл сайын пәтерлерді жалға беру нарығына өзгерістер әкеліп, бағаның қымбаттауына әкеледі. Сарапшылар алдағы айларда баспананы жалға алу құны қанша пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғын үйді жалға алу құны Қазақстан бойынша орта есеппен 5 пайызға өсті. Алдымызда жаңа оқу жылы тұр, қыркүйекте баспананы жалға алу құнының маусымдық өсуі жүреді. Қыркүйек-қазан айларында 3 немесе 5 пайызға өсім болады деп күтіліп отыр. Бұл бірінші кезекте тұрғындар саны бір миллионнан асатын Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қатысты. Әрине, бұл колледждердегі, ЖОО-лардағы және басқа да оқу орындарындағы білім алушылардың үлкен көлемі мегаполистерге қоныс аударып, жалға берілетін тұрғын үйге деген сұраныстың өсуіне ықпал ететініне байланысты", - деді инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин.

Сөзінше, тамыз айында мегаполистерде жалға берілетін тұрғын үй бағасы орташа алғанда 3-5 пайызға өсім көрсетеді. Өңірлерде мұндай өсім болмайды, алайда баға 1-3 пайызға қымбаттауы мүмкін, дейді спикер.

Лев Тетиннен пәтерлерді жалға алу құны қалпына келе ме деп анықтап білдік.

"Өкінішке қарай, баға тұрақтауы күтілмейді. Себебі тұрғын үйді сату құны жыл аяғына дейін және келесі жылы да өсе береді. Бұл тұрғын үйге деген сұраныстың қалпына келуіне байланысты. 2021 жылы зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану есебінен баспана сатып алуға деген сұраныс артты. Соңғы екі жылда сұраныс төмендеді, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша сұраныстың өскенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бойынша мәмілелер саны 15 пайызға өскен. Бұл сұраныстың қалпына келгенін көрсетеді. Әрине, сұраныстың бағаның өсуіне ықпалы бар. Бұдан басқа қазір Астана, Алматыда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің төмендеуі байқалады. Бұл сұраныстың өсуіне, ұсыныстың төмендеуіне және бағаның артуына әкеледі", - деп атап өтті ол.

Сарапшы баға арзандамайды деп отыр. Бұдан басқа республикада жатақхана тапшылығы мәселесі өзекті. Бұл фактордың баспананы жалға алу бағасына тікелей әсері бар деп есептейді маман.

"Жалпы жатақхананың студенттерге тұрғын үй мәселесін шешуде көмегі бар. Студенттер олардың жеткіліксіздігінен тұрғын үйді жалға алуға мәжбүр. Сәйкесінше бұл ірі оқу орындары орналасқан қалаларда жалға берілетін баспана сегментіне деген сұраныстың өсуіне әкеледі", - деді инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бірде-бір жоғары оқу орны студенттерді жатақханалармен 100 пайыз қамтамасыз ете алмайды.

"Бұл мүмкін емес. Бұдан бөлек көп студент екінші және үшінші курстан бастап пәтер жалдап тұрады. Бұл қалыпты тәжірибе. Сол себептен біз қазір бірінші курс студенттерін, әлеуметтік осал топқа жататындарды 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз ету міндетін қойдық", - деп атап өтті ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Елімізде жыл сайын 10 мың орынға арналған жатақханалар пайдалануға беріледі. Сондай-ақ ведомство басшысы биылғы ақпан айында жатақханаларда 20 мың орын тапшы екенін айтқан болатын.

Жылда қайталанып жатқан жағдай

Экономист Ләззат Нұрғалиқызы пәтерлерді жалға алу құны жатақхананың тапшылығына тікелей байланысты деген пікірде.

"Әсіресе, ірі ЖОО-лар орналасқан қалаларда, сұраныс көп жерлерде міндетті түрде пәтердің бағасы жоғары болады. Себебі оқуға келген студенттердің барлығы бірдей жатақханамен қамтамасыз етілмегендіктен, олар жалдамалы пәтер іздейді. Арасында жағдайы бар студенттер жақсы ауданнан не болмаса оқу орнына жақын жерлерден баспана іздейді, бұл кезде оны жалға алу құны жоқ дегенде 5-10 пайызға қымбаттайтыны белгілі. Бұл жылда қайталанып жатқан мәселе", - деді ол.

Сарапшының айтуынша, құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы билік осы мәселенің шешімі ретінде қосымша мемлекеттік механизмдерді қолдануы керек.

"Тамыз, қыркүйектің басында баға өседі де, жылдың аяғына қарай баға біршама тұрақтала бастайды. Ақпан айынан бастап мамыр айының аяғына дейін немесе студенттер оқуын аяқтағанша баспананы жалға алу бағасының көтерілуі өзекті болады", - деді экономист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу