Баспананың бұрынғысы құпия болып қалмайды

2751

Қазақстанда баспанаға қатысты келісімдер тарихын тексеру институтын құру ұсынылып отыр.

Баспананың бұрынғысы құпия болып қалмайды

ҚР әділет министрлігі баспана сатып алушыларға сатып алатын баспанасының тарихымен толығырақ танысуға мүмкіндік жасамақшы.

"Яғни баспана кімге сатылған, оның заңды иесі кім болды, баспанаға қандай салықтар салынды, баспанаға қатысты сот бойынша қандай да бір дау қаралған жоқ па деген  сұрақтың барлығын нотариус мәліметтер базасы арқылы тексеретін болады. Баспана сатып алу кезінде көптеген даулы мәселелер туындап жатады. Әсіресе, сатушы мен сатып алушы келісім жасағанда қиындықтар көп. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты көрінгенмен, кейін басқа адам келіп, пәтердің заңсыз сатылғандығын даулап жатады. Мұндай жағдай көбінесе сатып алушы зардап шегеді", – деп атап көрсетті ҚР әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина.

Тексерісті нотариустарға тапсыру ұсынылып отыр. Олар осы мәселе бойынша мүдделі тұлғалардың ерікті түрде жасаған өтініштері бойынша қызмет көрсететін болады. Бұл қызмет түрі 10 АЕК жоғары болмау керек деп есептейді идея авторлары.

"Тексеріс  нәтижесі бойынша нотариус баспананы сатып алу барысындағы құқықтық қауіп және оларды жою бойынша ұсыныс туралы ақпар беретін қорытынды шығарады. Бірақ нотариустың қорытындысы міндетті емес екенін ескерген жөн. Тараптар нақты бір қауіп болғанына қарамастан, баспанаға қатысты келісімшарт жасай алады. Мұндай жағдайда қауіпті келісім  жасаушы тараптар өз мойнына алады", – деді вице-министр.

Баспанаға қатысты мүліктік құқықтың  көшу адалдығын осыған қажетті басқа да мәліметтер базасымен бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйе  интеграциясы арқылы қадағалауға болды. Вице-министр бұл мәселе ақпарат және коммуникация министрлігінде  қаралып жатқанын айтты. 

Ұсыныс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасына қосылған. Әділет министрлігі құжатты әзірлеп бітіріп, қыркүйек айында парламент қарауына бермекші. 

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу