Басталмай жатып, "Жайлы мектеп" саны мен қаржыландыруы күрт азайтылмақ

2686

Қазақстанда апатты және үшауысымды мектептер саны артып барады. Бұл тұрғыда республика Африка елдерінен артта қала бастады.

Басталмай жатып, "Жайлы мектеп" саны мен қаржыландыруы күрт азайтылмақ Фото: inbusiness.kz

Былтырғы жыл соңына қарай қабылданған ұлттық жоба өзекті болмай қалып, оған салмақты түзету енгізілетін болды. Мұны Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Ведомство Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны бекіту туралы" №963 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізетін жаңа үкіметтік қаулы жобасын әзірлеп шықты.

Құжат қабылданған соң, былтыр Президенттің бастамасымен әзірленген "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына бөлінген қаражат биыл 300 миллиард теңгеге жуық көлемде күрт қысқартылады.

Атап айтқанда, қолданыстағы ұлттық жоба аясында "Жалпы алғанда, жайлы жағдайлар жасалған жаңа мектептерді салуға және ашуға 2 трлн 606 млрд 596 млн теңге, оның ішінде: 646 535 206 000 теңге – Ұлттық қордың қаражаты есебінен; 1 960 060 849 000 теңге – республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінеді" делінді.

Жаңа қаулы жобасында осы сома 2 трлн 309 млрд 326,3 млн теңгеге дейін қысқартылады. Соның ішінде: Ұлттық қордан – тек 461 334 267 000 теңге, республикалық бюджет қаражаты есебінен – 1 847 992 062 000 теңге бөлінеді.

Яғни, президенттік жобаға берілетін Ұлттық қордың да, бюджеттің де қаржысы азайтылып отыр.

Нәтижесінде, жайлы мектептер салуға:

  • 2023 жылы – 499,99 миллиард емес, 455,5 млрд теңге;
  • 2024 жылы – 1 трлн 38,4 млрд емес, 968,7 млрд теңге;
  • 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд емес, 885 млрд теңге ғана бағытталады.

Яғни, барлық жылдарда жаппай секвестр, қысқарту жүргізілмек.

Бұл не себепті жасалуда?

Неге екені белгісіз, қаулы жобасына түсініктемесінде, министр Ғани Бейсембаевтың командасы мұны "редакциялық түзету" деп үстірт бағалай салыпты.

Тағы бір түсініксіз тұсы сол, президенттік ұлттық жобаның қаражаты бірден 300 миллиардқа жуық азайтылып отыр. Министрлік ол ақша жемқорлардан кәмпескеленген байлық, актив есебінен өтелетінін жеткізді. Бұл ретте 2022 жылдың күзінде Үкімет сыбайлас жемқорлардан тартып алынған 120 млрд теңгеден астам сома Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына құйылатынын және сол ақша есебінен мектептер салынатынын жариялады.

Негізі, бұл қорда да ашықтық жоқ: дәл қазір қанша қаражат жиналғаны белгісіз. Үкіметтегілер тек ескі соманы атаумен келеді. Сонда жемқорлардан қаражатын тәркілеу тыйылған ба? Ол жағы беймәлім. Егер шынымен ол қорда 120 миллиард қана жиналса, қысқартылған 300 миллиардтың қалған миллиардтарын билік кімнен тартып алмақ?  

"Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында  айтылған тапсырмасы бойынша Үкімет былтыр Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорын құрды. Осы қордың қаражаты мектеп құрылысына жұмсалады. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қор қаражаты есебінен 96,5 миллиард теңге сомаға 78 мың оқушыға арналған 61 мектеп салынды. Құрылған қор есебінен мектеп құрылысын қаржыландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескеріп, әрі бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында Оқу-ағарту министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, қайта талдау жүргізді. Оның барысында апатты объектілерді жою, үшауысымды оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы үшін өңірлер бөлінісінде жаңа оқушы орындарын енгізу бойынша қажеттіліктер қарастырылды", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы 17 сәуірде Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жабық кеңес өткен. Сонда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде енгізілетін мектептер санын қысқарту және құрылысқа жоспарланған мектептердің жобалық қуаттарын оңтайландыру туралы шешім қабылданыпты.

"Нәтижесінде, ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар саны енді 368 мектепті ғана құрайды. Былтыр ұлттық жобада 401 мектеп салынатыны бекітілген. Сөйтіп, 33 мектепке азайтылып отыр. 369 мектепте екі ауысымда 738,2 мың оқушы ғана оқиды. Ұлттық жобаның бұрынғы нұқасында 842 мың оқушы орны қарастырылған еді. Осылайша, 104 мың оқушы орнына азайтылады. Ұлттық жобаны іске асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі 2 трлн 606,6 млрд теңге орнына 2 трлн 544,8 млрд теңгені құрайды. Яғни 61,8 млрд теңгеге кемиді", – деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің қаулы жобасына түсініктемесінде.

Бұл жерде түсініктеменің мемлекеттік тілдегі мәтінінде қаражатқа қатысты қате өріп жүр. Орыс тілді мәтінінде: "Объемы расходов бюджета на реализацию национального проекта составят 2 309,3 млрд тенге (в утвержденном  нацпроекте 2 606,6 млрд тенге), т.е. снижение на 297,3 млрд тенге" деп дұрыс жазылған.

Ұлтты ағартумен айналысуға жауапты министрлік осылай қазақтілділерге қате ақпарат ұсынып отырғаны қынжылтады.

Қалай болғанда, қаражатты қысқарту салдарынан "Жайлы мектеп" аясында құрылатын жұмыс орындарының саны да айтарлықтай азайып қалғалы тұр. Бұған дейін 2026 жылға қарай орта білім беру объектілерін салу есебінен кемінде 60 мың уақытша жұмыс орнын, 41,2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жаңа қаулы жобасында бұл көрсеткіштер 53,6 мың уақытша және 41,7 мың тұрақты жұмыс орнын ғана құрайды.

Олқылығы көп ұлттық жоба

Былтыр қабылданған ұлттық жобаның кінәраты көп екенін кәсіпкерлер бірден айта бастады. Мысалы, онда "35 жобалық-сметалық құжаттаманы (5 климаттық аймаққа арналған мектептердің 7 жобалық қуаты бойынша) әзірлеу" белгіленген. Жер сілкінісі қаупі ескерілмеген.

Жаңа түзетулер арқылы ЖСҚ саны арттырылмақ.

"7 типті және 5 климаттық аймақ бойынша құрылысқа жоспарланған мектептердің тізбесін егжей-тегжейлі пысықтау кезінде "Samruk-Kazyna Construction" АҚ дирекциясы енді бірыңғай стандарт бойынша 37 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін болады. Атап айтқанда, 2 климаттық және 3 сейсмикалық аймақтар үшін 300, 600, 900, 1 200, 1 500 оқушылық орынға арналған мектептер. 2 климаттық және 2 сейсмикалық аймақтар үшін 2000 оқушылық орынға арналған мектептер. 1 сейсмикалық аймақ, Алматы қаласы үшін 2500 оқушылық орынға арналған мектеп. Жобалау және құрылыс мақсаттары үшін бөлінген жер учаскелерінің тар жағдайларына байланысты жалпы тұжырымдамадан ерекшеленетін 7 жеке жоба жасалады", – деп түсініктеме берді министрлік.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, "Жайлы мектеп" аясында салынатын білім ордаларының саны Қазақстанда үшауысымды оқуды жоя алмауы мүмкін.

"Білім саласында елде 2022 жылы 136 мың орындық 247 жаңа мектеп іске қосылған еді. Жаңа мектептердің салынғанына қарамастан жаңа анықталған үш ауысымды және апатты мектептердің саны 162-ден 201-ге дейін өсіп кетті. Осы себепті Оқу-ағарту министрлігінің "Күндізгі мемлекеттік мектептердің жалпы санынан апатты және үш ауысымды мектептердің үлесі" көрсеткіші орындалмады. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер санының ұлғаюынан және 60 мектептің уақытылы іске қосылмауынан орын алған. Бүгінде 59 апатты және 137 үш ауысымды мектеп бар", – дейді сенатор, білім саласының маманы Руслан Рүстемов.

Ол Қазақстанның африкалық елден қалып қойғанына назар аудартты. Біздің шенділер әлі күнге үшауысымды мектептерді жоя алмай отырғанда, әлемдік озық тәжірибе тіпті екі ауысымды мектептің өзі балаға сапалы білім алуға мүмкіндік бермейтінін айтуда. Дамыған елдер ғана кіретін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы мемлекеттерінде екінші ауысым төтенше жағдайларда ғана қолданылады. Тіпті ең кедей елдер тиімсіз және проблемалы екі ауысымды білім беруден бас тартуда. Мысалы, Намибия 2019 жылдан бері бастауыш сыныптарда екі ауысымды оқытудан бас тартқан.

Ал Қазақстан Үкіметі әрнені сылтауратып, балалардан жайлы мектептерін тартып алғалы тұрғанға ұсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу