Батыс Ресейден санкцияларды алып тастай бастады

2470

Сарапшылар мұның астарында Батыстың агрессор елмен жасырын бәтауаласуы жатуы мүмкін деп тұспалдайды. 

Батыс Ресейден санкцияларды алып тастай бастады Фото: topnews.ru

Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей Херсон қаласынан тәжірибелі әскери құрылымдарын, соққы беруші топтарын және басты ұрыс техникаларын 22 қазаннан әкете бастапты. Олардың орнына жаңа мобилизацияланғандарды жіберген. Ал РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу шапқыншылықтың алғашқы күндері оккупацияланған Херсон қаласынан ресейлік әскерді әкету туралы бұйрықты тек 9 қарашада ғана жария түрде берді.

Бұл ретте В.Путиннің өзі қазан айында: "Херсон Ресеймен мәңгілік бірге" деп жариялаған болатын. Тиісті жарлыққа да қол қойды. Херсон формальды түрде РФ құрамында 41 күн ғана болды. Ізінше Мәскеудің оны тәрк етуі халықаралық сарапшылар арасында пікірталас туғызды: олардың бір бөлігі Кремльдің бұл тосын қадамын РФ пен Батыс арасындағы әлдебір құпия келісімнің бір шарты болуы мүмкін деген жорамал жасады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ресей банктеріне санкция әлсіреген бе?

Осы мәселеге алғашқылар қатарында әзербайжандық саяси шолушы Назым Мәмедханлы (Nazim Mammadkhanli) назар аударды.

"Херсон жасырын мәміле нәтижесінде кері табысталды ма?" деген сауал ашық қалды. Қалай болғанда, Мәскеудің Украинаға зымырандық соққыларының үдегеніне қарамастан, Херсоннан ресейлік әскер әкетілгелі АҚШ бастаған батыс елдері коалициясы Ресейге қарсы санкциялық қыспақты бұрын-соңды болмаған көлемде босаңсытып жатыр. Вашингтон ірі ресейлік банктермен, сондай-ақ РФ Орталық банкімен арасындағы энергия көздері бойынша барлық мәмілелерге қатысты рұқсаттарды түпкілікті доғару орнына, тосыннан ұзартып берді. 14024 атқару жарлығымен тыйым салынған, аталған ұйымдардың біреуімен немесе бірнешеуімен арада жасалған және энергетикалық сектормен байланысты барлық транзакциялар 2023 жылғы 15 мамырға дейін ұзартылып отыр", – деді Назым Мәмедханлы.

Бұл шынында, фейк емес, АҚШ Шетелдік активтерді бақылау басқармасының     (OFAC, Office of Foreign Assets Control) ресми мәлімдемесі.

РФ үшін валюта ағынының көзі ашылды

Швейцариядағы Женевада, РФ делегациясымен кездесу қорытындысында БҰҰ Ресейден шығатын барлық азық-түлік пен тыңайтқыштар экспортына қатысты бүкіл шектеулерді алып тастауды тездету керектігін мәлімдеді. Батыс бұған еш қарсылық танытпады. Нәтижесінде, БҰҰ Бас хатшысы кеңсесінің хабарлауынша, еуропалық теңіз порттарында бірнеше ай бойы бұғатталып тұрған ресейлік тыңайтқыштардың алғашқы партиясы алдағы аптада Африкадағы Малави мемлекетіне аттанатын болды. Осы орайда алғашқы болып, Нидерланды Үкіметі Роттердам портынан шыға алмаған 20 мың тонна ресейлік тыңайтқыштарды БҰҰ сұрауына орай бұғаттан босататынын мәлімдеді. Егістік егуге қажетті бұл өнім БҰҰ World Food бағдарламасы аясында жөнелтіледі.

Жалпы, Ресейдің азық-түлік пен тыңайтқыштар экспортына АҚШ та, Еуропа да сол бойы санкция енгізген жоқ, бұл кейінгі санкциялық топтамаларда қарастырылуы ықтимал еді. Оған дейін ұжымдық Еуропа ресейлік тыңайтқыштар тиелген кемелерді төл порттарынан шығармай, бұғаттап келді. Себебі, А.Лукашенконың өз елінде диктатура орнатып, демократияға шабуыл жасауына байланысты Батыс былтыр Беларустің калий, тыңайтқыштар экспортына тыйым салды. Содан бері Минск бұл өнімін Ресейге жеткізіп, РФ шикізаты түрінде сатып жатқан.

Өз кезегінде Ресей де жаһандық тыңайтқыштар нарығының аса ірі экспорттаушысы болды. Тек 2021 жылы бұл елде 58,6 млн тонна тыңайтқыш өндіріліп, оның 64%-ы немесе 37,6 млн тоннасы шетелге өткізілген. Мәскеу қайтадан осы экспорттық тауарының халықаралық нарықта еркін саудалануына қол жеткізіп отыр. Демек, оған осы қайнардан экспорттық валюта ағыла бастамақ.

АҚШ Ресей мұнайының экспортына жол ашты ма?

Америкалық санкциялардың орындалуын қадағалайтын басты орган –АҚШ Қаржы министрлігі Үндістанның ресейлік мұнайды "баға шегінен" де қымбатқа сатып алуына рұқсат етілетінін жариялады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Агенттіктің жазуынша, егер Үндістан РФ қара алтынын бағалық межеден жоғары құнға сатып алса, АҚШ қарсы болмайды.

"Үндістан үкіметі мен жеке компаниялары егер батыстық қызметтерді пайдаланбаса, оларға балама таба алса, онда мұнайды кез келген бағада сатып ала алады", – деген америкалық Қаржы министрі Джанет Йелленнің сөзін келтірді Рейтер агенттігі.

Агенттіктің нақтылауынша, батыстық қызметтер дегені сақтандыруды, танкерлер мен тасымалдау құралдарын, қаржылық қызметтерді білдіреді. Йелленнің мәлімдеуінше, егер Үндістан, Қытай және Африка елдері мұнай бағасы туралы Ресеймен жеке саудаласқысы келсе, бұған Құрама Штаттар тосқауыл қоюға тырыспайды.

Бұл бұған дейінгі Вашингтонның мәлімдемелеріне қайшы келеді. Себебі, санкцияларды ауырлату мақсатында келесі жылдан бастап Ресей мұнайына "баға шектеуін" енгізу мақсат тұтылған болатын. Нақты шегі әзірге белгісіз, АҚШ пен Еуропадағы келіссөздер жалғасуда. Бірақ шетелдік сарапшылар жазғандай, егер ресейлік қара алтынның әр барреліне 40–60 доллар көлемінде меже белгіленсе, әлемдегі бірде бір ел оны содан қымбатқа сатып алмауға тиіс болады. Сатып алса, не делдал фирмаларды қолданса, ол ел, не компания қайталама санкцияға ілігеді.

Нәтижесінде, РФ мұнайының экспортын бұғаттау қажет болмайды, ол онсыз да Новороссийск портынан шығып, мұхиттардағы бейтарап аумақтарда басқа танкерлерге қайта құйылып, өзге елдердің өнімі ретінде жаһандық нарыққа жол тартып жатыр. Бірақ баға шектеуі мұнай сатуды Ресейге тиімсіз етуге тиіс еді. Ал егер орыстың осы шикізатының ең ірі тұтынушысы Үндістан мен Қытайға оны бұдан қымбатқа сатып алуға рұқсат етілсе, баға шектеуінен еш мән қалмайды. Оның үстіне осы қараша басында ғана АҚШ қаржы министрі Үндістанды орыс мұнайына баға шектеуін қолдауға шақырған.

Ресей металының экспорты еркіндік алды

Украинаға жақ болған дамыған елдердің арасында Мәскеуді қаһарлы қарумен ғана емес, санкциямен төмпештеуде Ұлыбритания алдыңғы қатардан табылып келді. Алайда таяуда Лондон метал биржасы Ресейден металдың барлық түрін жеткізуге тыйым енгізілмейтінін жариялады. Бұл туралы Financial Times мәлім етті.

Ендеше бұл экспорттан да валюталық дария тасқындайтын сыңайлы. Басылымның жазуынша, Ресей металының саудасына тыйым салуды Украина ғана емес, өзге өндірушілер мен трейдерлер де сұрап, үндеумен жүгініпті. Себебі, Мәскеу бұл өнімін қасақана арзандау сатып, демпинг жасап, өзге жеткізушілерді нарықтан ысырып шығаруда және бәсекелестерінің банкрот болуына ықпал етуде. Әрине, жаһандық нарықта өз үлесін шектен тыс арттырып, монополистке айналған соң ол бағасын шарықтатып жібереді. РФ газ нарығында дәл осылай жасады: біраз жыл бұрын көгілдір отынның 1 мың текше метрін 65 доллардан сата бастады. Ал 2022 жылы оны 2700 долларға дейін шарықтатты. Яғни, 41 есеге қымбаттатқан.

"Лондон метал биржасы ресейлік металға тыйым енгізуден ақыры бас тартты. Бұл шешім өндірушілерді де, жеткізуші-трейдерлерді де, сондай-ақ тұтынушыларды да жабырқатты. Өйткені ресейлік арзан өнімнің тасқыны кесірінен қоймалар толып тұр, бұл нарықтағы бейберекетсіздікке соқтыруы мүмкін. Ал әлемдегі металдардың аса ірі сауда алаңының дәйектеуінше, ресейлік жеткізілімдер үшін бұрынғыдай биржаға жол ашық болады, себебі әлемде металға деген сұраныс артты және тұтынушылардың үлкен көлемі оны сатып алуды жалғастыруға ниетті", – деп жеткізді Файнэншл Таймс.

"Ресейлік металдың жаһандық саудасына тосқауыл қою этикалық тұрғыдан ақылға қонымды болатыны сөзсіз. Алайда біздің байламымызша, LME (Лондон метал биржасы) үлкен нарыққа қандай да бір моральдық пайымдарды тықпалап, таңбауға немесе соны өзц қабылдамауға тиіс", – деген мәлімдеме таратты биржа. 

Сарапшылар бұл дәйектеменің еш сын көтермейтініне назар аудартты. Себебі, әлем "коронакризистің" салдарларынан арыла алмады, жаһандық экономика еңсе тіктемек түгіл, рецессияға кіруде. Бұл жағдайда ардан безген ресейлік демпинг халықаралық нарыққа соққы жасамақ. 

LME металдың әлемдік эталондық бағаларын белгілеуде шешуші рөл ойнайды. Егер ол өз биржасында ресейлік металдардың сатылуына тыйым салғанда, оның соңынан өзге биржалар мен жеткізушілер де ресейлік металдан жаппай бас тартуы мүмкін еді. Өйткені, бұл жағдайда Лондон биржасы өзінің қоймаларына ресейлік металдарды қабылдамайды. Ал металды әсіресе, осы биржаның қоймаларына жеткізу – өндірушілер мен трейдерлерге қаржы, несие беру кезінде банктер қоятын басты шарт болып табылады.

Бірақ бұл жерде Лондон метал биржасы "аузы күйген үрлеп ішедінің" күйін кешіп отырса керек: LME бұған дейін, биылғы наурызда никельге қатысты бұғаттаулар енгізіп, миллиардтаған доллардың мәмілелерін жойды. Салдарынан, никель бағасы бірнеше күн ішінде 250%-ға шарықтап шыға келді. Мұның соңы сақтандырушы компанияларының, атап айтқанда Elliott Management хедж-қорының, Jane Street маркет-мейкерінің оны сотқа беруіне соқтырды.

Херсонның азат етілуі ЗСУ-дың, күн-түн көз ілмей, жанқиярлықпен шайқасқан украиналық Отан қорғаушылардың ерлігі екені даусыз. Олар айла-шарғы қолданып, жауды қару мен техника тасымалдайтын логистикасынан айырып, ақыры қаланы тастап шығуға мәжбүрлемегенде, Ресей шынында онда ұзаққа қалатын еді.

Дегенмен тісқаққан, әккі Кремль Батысқа мұны өзінің тырқырай қашуы емес, "ізгілік ерік-жігері" ретінде ұсынып, әлдебір жеңілдіктерге айырбасқа өткізіп жіберуі де кәдік. Украина өзінің дұшпан қолындағы ірі қаласын шабуылдамай азат ете алды.

Сондықтан сарапшылардың бір бөлігі Батыстың санкцияны босаңсыту саясатының астарынан Кремльге берілген белгіні байқапты: Украинаның ірі аумақтарын өз еркімен босатса, ол үшін жеңілдік алады.

Әскери сарапшы, америкалық саясаттану профессоры Бранислав Сланчевтің түсіндіруінше, Батыс санкцияларды күнібұрын алып тастауға емес, ымыраға жол ашуға ұмтылуда.

"Бұл энергетикалық санкцияларда әу бастан қарастырылды. Ресейлік банктерге қатысты рұқсат алдымен 24 маусымға дейін берілді, соңынан 5 желтоқсанға ұзартылды, енді 2023 жылғы 15 мамырға ысырылып отыр. Бірақ бұл рұқсат тек энергетикалық сектормен ғана байланысты. РФ банктеріне қатысты барлық басқа санкция күшінде қалады. Егер санкцияларды бірден қатайтса, Батыс әлемдегі барлық өзге елдерді өзіне қарсы қойып алады. Батыс мысалы, Үндістанның белсенді түрді өзіне қарсы ойнағанын қаламайды. Біз Үндістанды ресейлік мұнайды сатып алмауға көндіре алмадық. Қаржы министрі Йеллен ханым тек осы фактіні жария етті. Ол Үндістан баға шектеуін пайдаланады және РФ мұнайын қымбатқа сатып алудан бас тартады деп ары қарай үміттенеміз деді. Ал ресейлік тыңайтқыштарға келсек, бұл БҰҰ мен Түркия Ресеймен және Украинамен уағдаласқан "Астық келісімінің" бір шарты", – деді Бранислав Сланчев.

Яғни, "Батыс Украинаны сатып кетті, шаршап, Ресейдің ығына жығылып, шағын елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын одан ары қорғамайды" деп байбалам салуға ерте. Тыңайтқыштарды, металды, азық-түлікті сатудан түсетін түсімдер Ресейдің еуропалық энергетикалық нарықтарын жоғалтуы салдарынан айырылып жатқан орасан зор табысының орнын толтыра алмайды.

The Wall Street Journal таратқандай, АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Ресейге қарсы енгізілген қаптаған санкциялардың үлкен бөлігі тіпті Мәскеу Киевпен бейбіт келісімге қол қойса да күшінде қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Соған қарағанда Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт жеңілген Ресейді ары қарай да ауыздықтап ұстауды жоспарлап отырса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу