Батыс тарапы Қазақстанды Ресейдің "антисанкциялық делдалы" атады

3554

Украинадағы соғыстың барысы қалай өрбісе де, Батыс солтүстік көршімізге қарсы санкцияларын биыл тек күшейте бермек. Сонда отпен ойнап жүрген Қазақстан да санкцияға ілігуі мүмкін. 

Батыс тарапы Қазақстанды Ресейдің "антисанкциялық делдалы" атады Фото: hvylya.net

2021 жылы ұжымдық Батыс соғыс бастауға оқталған Кремльді райынан қайтару үшін оған қарсы "экономиканы жайратып салатын алапат санкциялар" енгізетінін айтып, қорқытпақ болды. 2022 жылдың ақпанында Мәскеу Украинаға сұрапыл шапқыншылығын бастады. Оған жауап ретінде Батыс РФ-қа жойқын санкциялық соққы беру орнына "су пистолетімен" атқылады. Financial Times осындай теңеу келтіріп отыр.

Яғни, бастапқыда АҚШ пен Еуропаның санкциялары ойыншық қарумен атқылаған сияқты Мәскеуге мазақ болды, ол оны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Уәде етілген күйретуші салдарлар болмады. Одан көпті күткендер былтыр Ресейге қатысты санкциялардың тегеурінсіздігінен түңіліп те үлгерді. Санкциялардың В.Путинді тежейтін құрал еместігі әшкереленді.

Оның үстіне РФ одақтас елдер арқылы өзіне қажетті санкциялық өнімдерді айналма жолдармен тасудың тәсілдерін тапты, параллельді импорт, реимпорт сияқты түрлі схемасын жолға қойды.

Дегенмен, биыл Батыс санкциялық қыспақты қатайтуда. Сонымен бірге Вашингтон мен Брюссель экономистер тілінде "прокладка" деп аталған елдерден санкциялық тыйымды сақтауды талап етуге кірісті. 

"Санкциялармен қорқыту Владимир Путиннің Украинаға басып кіруіне бөгеу бола алмады. Ал соғыстың алғашқы кезеңінде санкцияларды енгізудегі сылбырлық және батылсыздық олар беруі мүмкін қайтарым мен әсер-эффектіні жоққа теңестірді. Батыс лидерлері алғашында осы арқылы қандай мақсатқа жететіндерін нақты анықтап алмады. Бірі осы арқылы Ресейге жеткізілімдердің тізбегін үзу көзделгенін алға тартса, енді бірі соның көмегімен, РФ экономикасын жүрелетіп тастауға болатынын жеткізді. Тек енді ғана Мәскеудің әлемдік валюталық жүйеге қол жеткізуі қиындатылып, барынша салмақты сауда шектеулері енгізіле бастады", – деп жазады Financial Times.

Оның тұжырымдауынша, санкциялардың пәрменді болмауының басты бір себебі – оны қолдаған және мүлтіксіз сақтаған елдер саны аз болды. Ол қатарды арттыруға Батыс баса мән бермеді. Батыс Ресейге: "Біз енді сенімен сауда-саттықты күрт азайтамыз және саған стратегиялық маңызды өнімдерді сатпаймыз" деп жариялады. Бұған шімірікпеген Ресей санкция енгізген елдерге тауарларын өзге, делдал елдер арқылы өткізіп, олардың құнды өнімдерін де солар арқылы сатып алып жатыр.

Financial Times пен Royal United Solutions Institute талдау орталығы санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған елдер қатарында Қазақстанды, Түркияны, Арменияны, Біріккен араб әмірліктерін және Оңтүстік Африканы атады. Олардың пікірінше, осы сияқты елдер санкцияларды бұзудан табыс тауып отыр.

Батыс делдал елдерге шүйлікті.

"Құрама Штаттар Ресейдің батыстық экспорттық бақылауды орағыта өтіп, әскери мақсаттағы коммерциялық жеткізілімдерді жолға қоюға тырысып жатқанына қатысты көптен күтілген қатаң ескертуін жасады. Қаражат саласындағы қылмыстарға барғандарды халықаралық деңгейде індетіп, қудалайтын Қаржылық қылмыстармен күрес тобы (Financial Action Task Force on Money Laundering, FATF) да өзінің күш-жігерін Ресейден қаржы жүйелеріне төнген қауіппен күреске шоғырландыруда. ФАТФ санкцияларды аяқасты еткен елдерге санкция енгізе алады", – деп хабарлады Royal United Solutions Institute сарапшылары.

Қазақстан Президенті республиканың Батыс санкцияларына қатыспайтынын, бірақ оларды айналып өтуге жол бермейтінін бірнеше рет айтты.

"Санкцияның аты санкция, біз оларды бұзбауға міндеттіміз. Оның үстіне санкцияны бұзсақ, Батыс тарапынан экономикамызға қатысты қосарлама санкциялар енгізілетіні туралы хабарламалар келіп түсуде", — деді Қ.Тоқаев 2022 жылғы маусымда "Россия 24" телеарнасына сұхбатында.

Ал биылғы сәуір айынан бастап, Ресейге қарсы санкцияларды бұзып, тыйым салынған өнімдер тасылмауы үшін Қазақстанда тауарларды қадағалаудың онлайн жүйесі іске қосылды. Яғни, Астана Батыстың ескертуін түсінді.

Батыс сарапшыларының айтуынша, Қазақстан ресми түрде санкцияны айналып өтуде делдал болып отырған жоқ, бірақ мұны қазақстандық фирмалар жасайды. Мысалы, Мемлекеттік кірістер органдарында өзі өнім өндірмейтін, бірақ Батыс елдерінен белгілі бір тауарларды Қазақстан үшін деп үлкен көлемде сатып алып, артынша ресейлік серіктесіне асыра салудан табыс тауып отырған компаниялар тіркелген көрінеді. Осы тірлігі үшін қандай да бір заңды не жеке тұлғаның жазаланғаны әзірге жарияланған жоқ.

Файнэншл Таймс әлгі аталған елдер әлемдік экономикаға қатты кіріккенін, сол себепті халықаралық сауда және қаржы жүйесінен ағытылып қалса, бұлардың экономикасына ауыр нұқсан, өлшеусіз зиян келетінін қаперге салады.  

Сонымен бірге Royal United Solutions Institute санкцияларды қауқарсыз етуге батыстық ұйымдар да үлес қосатынын ескертті. Демек, олардан да санкциялардың сақталуын талап еткен жөн.

"Қарау схемаларда Ресейге арағайын болып, қаржылық қызмет көрсетіп жүрген үшінші елдердің банктері ақша аударымдарын жасау үшін бүкіләлемдік қаржы жүйесіне жүгінеді. Олардың осы жүйеге шығуына жаһандық ірі банктер мүмкіндік береді. Ал олар әдетте АҚШ-та, Еуропалық Одақта немесе Ұлыбританияда орналасқан. Олай болса, бірінші кезекте дәл осы корреспондент-банктер өзіне жүгінетін клиент банктерді талдауын, іріктеуін жөнге салуы, бұл жұмысын күшейтуі қажет. Егер заңсыз схемаларға, санкцияларға қайшы аударымдарға қызмет етіп жатқанын байқаса, құзырлы органдардың нұсқауын күтпей, дереу онымен барлық қатынасты үзуі шарт", – деген рекомендация берді аталған талдау орталығы.

Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, онда Ресейге қарсы санкциялардың тиімділігі күрт артуы мүмкін. Сонда бүгінде осыдан табыс тауып отырған бірнеше қазақстандық қаржылық ұйым дәрменсіз жағдайға жетуі ғажап емес. 

"Үшінші елдердің банктерімен тікелей қарым-қатынас жасау сыртында, халықаралық алпауыт банктер делдал компаниялардың сауда қызметін қаржыландыруға, несие беруге де жанама қатысады. Сондықтан олар бизнес клиенттерінің қызметіндегі өзгерістерге жіті назар аударуы қажет. Мысалы, егер олардың клиенттері, санкцияға іліккен тауарларды жеткізуші компаниялар Қазақстан, Армения, Түркия сияқты Ресейге санкциядан құтылуда "делдал" болып отырған елдермен ынтымақтастығын күрт кеңейтсе, бұл күдік тудырғаны жөн. Ресейге ирандық қаруды жеткізуге көмектесетін компаниялар да жұмысын жалғастыруда, олар қара тізімге енгізіліп, батыс нарықтарынан қол үзуі керек", – деп жазады Financial Times.

Қалай болғанда, халықаралық сарапшылар Батыс Кремльдің соғыс машинасын тоқтатуға алда барын салатынын топшылап отыр. Өйткені Мәскеу тықпалаған бірнеше жылға ұзайтын "созылмалы әскери қақтығыс" бірінші кезекте дамыған елдердің ауқаттан ықылық атқан қоғамына жайсыз. Сонымен қатар ондай соғыс әлемдік экономикалық дағдарысты өршітуі ықтимал. Орыс елі ғасырлар бойы төзген тауқыметке Батыс қоғамдастығы көп шыдай алмайды. Салдарынан, дамыған елдердің билік басына жаппай популистер, Кремльді жақтайтын күштер келуі ғажап емес. Путиннің көксегені де сол. 

Сарапшылардың байламынша, агрессорды тоқтату үшін Батыс санкцияларды "су шашатын қарудан" нағыз қаруға айналдыратын рәсімдерді қарқынды жүзеге асыруда. Сонымен бір мезгілде Ресей де санкциялардың алдын орап кетудің небір қитұрқы амалдарын табуға жанталасуда. Сөйтіп, Батыс пен Мәскеу бақталастығы, өзара қақтығысы жаңа деңгейге көтерілмек.  

Қазақстан сонда "екі оттың" арасында қалмаудың қамын қазірден ойластырғаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу