Баукең атындағы ауылдың былыққа батып жатпағаны жөн

2393

Қоғамдық кеңес мүшесі бүкіл Жамбыл облысының су ресурстарын не ластап жатқанын атады.

Баукең атындағы ауылдың былыққа батып жатпағаны жөн

Осыдан 8 жыл бұрын, 2014 жылғы қаңтарда мемлекеттік ақпараттық тапсырысты игеретін мемлекеттік ақпарат агенттіктері мен басылымдар Жамбыл облысының Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылы аумағында орналасқан "Бурнен ірімшік зауыты" ЖШС туралы жарыса жазды.

Себебі "Жамбыл облысының барлық сауда нүктелері мен еліміздің өзге де өңірлерін жоғары сапалы сүт өнімдерімен қамтып отырған" бұл кәсіпорынға Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен арнайы барып қайтты. Өңір басшысы 2010 жылдан бері қаңтарылып тұрған зауыттың қайта іске қосылып, жоғары сапалы ірімшік пен ақ май шығара бастағанын құптады.

Айта кету керек, өндірістің жандануына мемлекет 2012 жылы "Тараз" ӘКК" ұлттық компаниясы және "ҚазАгроҚаржы" АҚ квазимемлекеттік компаниясы арқылы қаржылай көмектесті. Әкімдік "Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы зауыттың 45 пайыз үлесін иеленді. Ол үлесті компаниядан сатып алу үшін бюджеттен 121,8 млн теңге берілгені де ақпарат құралдарында айтылды.

Өз кезегінде "ҚазАгроның" еншілес кәсіпорны "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы кәсіпорынның сүтті өңдеуге арналған қосымша жабдықтарын сатып алуды қаржыландырыпты. Цех жабдығының құны 61 миллион теңгеге түскен көрінеді.

Бұған қоса, Жамбыл облысының әкімдігі "Бизнестің жол картасы-2020" қаражаты есебінен оған арнап, қазандықты, лас, ағын суларын адалау үшін тазарту имараттарын (очистные сооружения), сондай-ақ "Тетра-Пак" сумен жабдықтау жүйесін салып беруге білек сыбана кірісті. Бұларға бастапқыда жалпы сомасы 154,2 миллион теңге ел қаржысы жұмсалатыны мәлімделді. Кейін ол сома өсіпті.

Кәсіпорынның жұмысын қайта қалпына келтіруі арқасында 28 жұмыс орны құрылғаны да жаһанға жария етілді.

Әрине, ауылда бизнестің жанданғаны маңызды. Алайда жергілікті тұрғындар біраз жылдан бері кәсіпорынға қатысты жоғарыға шағымданумен келеді.

Оларды қолдап, Жуалы ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Қуатбеков мәселе көтерді. Оның түсіндіруінше, төрт жыл бұрын, 2018 жылы аталған ауылдың шетінде тазалау имараттары тұрғызылды.

"Осы тазалау имараттарына Бурнен ірімшік зауытынан құбыр тартылып, соған қосылды. Тапсырыс беруші – Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппараты. Тек осы объектінің құрылысына бюджеттен 192 миллион теңге бөлінді. Имарат зауыттан шығатын өндірістік, сондай-ақ тұрмыстық ағын суларды тазалауға арналған болатын. Алайда осы тазалау имараты салынған кезден бері жұмыс істемейді. Жабдықтары қазір жоқ, бары – жұмысқа жарамсыз", – деді Қоғамдық кеңес мүшесі.

Лас, улы сулар жинақталып, тазалануға тиіс имарат аумағы осы жылдар бойы текке бос жатқандықтан, ауылдықтар ол жерге мал жаяды.

"Біз тапсырыс беруші мен мердігер аталған тазалау имаратын салу кезінде ымыраласып, бюджет қаражаттарын ұрлады және қалтасына басты деп ойлаймыз. Бұған қоса, аталған өндірістік имарат үшін ешкім салық төлемейді", – деді Талғат Қуатбеков.

Әрине, шенеуніктердің жемқорлығына кәсіпорынның кінәсі жоқтығы сөзсіз. Алайда зауыттан шығатын "сарысу-сыворотка" аралас лас судың ауыл маңына жайылып, күлімсі иіс таратқаны жергілікті жұртшылықты алаңдатуда.

"Құбырмен далаға төгілген, құрамында "сывороткасы" бар өндірістік және тұрмыстық ағын сулар сай қуалап, жылдар бойы Теріс өзеніне құйылуда. Әрі қарай лас су "Теріс-Ащыбұлақ" су қоймасына ағады. Одан әрі Күркіреусу және Аса өзендерін ластайды. Яғни, Жамбыл облысының өзендері мен су қоймаларына жылдар бойы салмақты экологиялық залал келтірілген", – дейді Қоғамдық кеңес мүшесі.

Талғат Қуатбекұлы елордаға, Үкімет мүшелеріне сұрауында "облыстың су ресурстарын ластауға қатысты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға тапсырма беруді" сұрады.

Билік не дейді?

Бір қызығы, орталықта қоршаған ортаның тазалығына жауапты шенеуніктер бұл проблеманы енді біліп отырғандай. Сондықтан әзірге мәселенің мән-жайын білмейді. Оның бүге-шігесін анықтау үшін тексеріске кірісіпті.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы ауылында су ресурстарының өндірістік және ағын сулармен ластануына қатысты шағымды қарады. Өтініште баяндалған жағдайларды объективті және жан-жақты зерттеу үшін Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының және Жамбыл облысының Экология департаментінің қызметкерлері "Бурнен ірімшік зауыты" ЖШС орналасқан жерге бірлесе сапар жасады. Қазіргі кезде Экология департаменті аталған зауытқа қатысты жоспардан тыс тексеруді жүзеге асырып жатыр. Оның барысында кәсіпорынның экологиялық заңнама талаптарын қаншалықты сақтап отырғаны анықталады", – деді Экология министрі Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, Бурнен ірімшік зауыты Мұстафа өзеніне тек "тазартылған өнеркәсіптік ағын суларын" төгуге рұқсат алған. Осыған қатысты арнайы су пайдалануға рұқсатнаманы Шу-Талас бассейндік инспекциясы 2020 жылғы 29 сәуірде беріпті.

Министр С.Брекешев сонымен бірге инспекцияға Қоғамдық кеңес мүшесі келтірген дәйектемелерді жеке зерделеуге және су заңнамасының талаптарына сәйкес, тиісті шаралар қабылдауға тапсырма бергенін жеткізді.

Дегенмен бюджеттің қыруар қаражатының қайда кеткенін, кімнің қалтасында "тұнып", заңсыз байытқанын Антикор анықтап жатса, артық болмас еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу