Бауыржан Исабеков: Ірі бизнесті орта және шағын бизнеспен құрамдастыру қажет

3223

Қазіргі реформалар ел экономикасын түбегейлі өзгертпейді және шикізатқа тәуелділіктен құтқармайды. Себебі біздің елде өндіріс жолға қойылмаған.  

Бауыржан Исабеков: Ірі бизнесті орта және шағын бизнеспен құрамдастыру қажет

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Исабеков inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.

Маманның мәлімдеуінше, экономиканы толық әрі терең трансформациялауға кем дегенде 30 жылға жуық уақыт қажет.

– Ел экономикасын қысқа мерзімде өзгерту мүмкін бе?

– Жоқ, мүмкін емес. Бүгінгі таңда экономикамызда тұтыну нарығы бар, ал өндірістік мақсаттағы тауар нарығы жоқ. Жалпы ішкі өнімнің 60% – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына, 25-27% – халықаралық менеджментке, 15-17% – шағын және орта бизнеске тиесілі. Әлемдік тәжірибенің орнықты даму формуласында жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 50% шағын және орта бизнестің еншісінде болуға тиіс екені нақтыланған.

Бізге шикізатты тек экспортқа шығару саясатын қайта қарау қажет. Шикізатты тауарға айналдыру, яғни өңдеу 6 технологиялық тәсілден тұрады.

Біз кеңес заманынан бері терең өңдеуге жеткізбей, өңдеудің 4 деңгейін ғана пайдаланып келеміз. Шын мәнісінде терең өңдеу ғана тауар өндірісін және оған қойылатын жоғары қосымша құнды қалыптастырады. Темір немесе мыс кенін мысалға келтіріп көрейік: барлау, өндіру, байыту, балқыту, қайта өңдеу және терең қайта өңдеу. Нәтижесінде ұшақ, тепловоз, теледидар пайда болады. Біз өңдеудің 4 кезеңінен қарғып өтіп, бірден алтыншы кезеңге өткіміз келеді. Мұндай бастама нәтиже бермейді. Бұл жерде заңнамалық қамтамасыз етуден бастап, инфрақұрылым мен мықты кадрға дейінгі аралықтағы мәселе жүйелі түрде шешілуге тиіс. Осы үдеріс 25-27 жылға созылуы мүмкін. Бір немесе екі жылда экономикада қысқа мерзімді косметикалық өзгеріс қана жасауға болады. Менің ойымша, жалғыз және сенімді жол – материалдық өндіріс ұйымдастыру. Қалғанының барлығы уақытша шара.

– Уақытша шаралардан бас тарту үшін не істеу керек?

Бізге жабдықтарды жаңғыртқан жөн. Себебі қолданыстағының барлығы физикалық, моральдық тұрғыдан ескірген.  

Ірі бизнесті орта және шағын бизнеспен құрамдастыру қажет. Бұл үшін 20-30 жылға шарт жасап, тараптарға кепілдік берілуі керек. Орта және шағын компанияларға шикізат өндірісін жабдықтау мен ұйымдастыру ісін жүктеуге болады. Олар экономика күшейгенге дейін осы істі толық атқара алады.

– Ел экономикасын оңалту үшін қандай шара қажет?

– Шаралар кешенін біртіндеп жүзеге асыру керек. Бұған күш-жігер, құзырет, білім мен білік қажет. Инвестиция тапшылығын болдырмау үшін оффшорлық аймақтағы ақшаны айналымға шығарып, крипто валютадан табыс табуға тырысу тиімді болады. Президент отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескенде дипломатиялық жолды таңдағанын түсіндіріп, бизнесті жекешелендіру, ұлттандыру болмайтынын, елде жайлы бизнес-ахуал қалыптасатынын мәлімдеді. Дегенмен бізге өндірістік маңызы бар тауар нарығы мен материалдық өндіріс қажет. Бизнесмендер өндіріске қаржы құя ма, мәселе осында. Өйткені бұл олар үшін тиімсіз іс. Мысалы, Қытайда кәсіпкер экспортқа тауар шығарса, оған шағын және орта бизнес субъектісі ретінде қосылған құн салығының 12%-ы қайтарылады. Ірі бизнес субъектісі болса, ешнәрсе қайтарылмайды. Бізде керісінше, мұнай, газ, астық экспорттайтындарға қосылған құн салығы қайтарылады, ал шикізатты өңдейтіндерге қосылған құн салығы қайтарылмайды. Яғни қайта өңдеумен айналысу тиімсіз. Сондықтан бізде шикізат экономикасы қалыптасып, өз маржамызды сату арқылы табу саясаты жүрді. 90-шы жылдары биік мінберлерден "бізге қайта өңдеу қажет емес, совхоз, колхоз қажет емес" деген сөз айтылды. Бидай мен азық-түлікті шетелден арзан бағаға сатып алу туралы бастама көтерілді. Экономикамыз құлдырап, импортқа тәуелді болып қалды. Тауардың 90%-ы сырттан келетін болды. Осы жағдайдан шығу үшін бізге инновациялық тетік пен адам капиталы қажет.

– Қалай ойлайсыз, Президент "Болашақ" халықаралық бағдарламасын реформалау туралы айтқанда кадр сапасын меңзеді ме?

– Біз "Болашақ" бағдарламасымен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алған студенттер Қазақстанға пайдасын тигізе ме, тигізбей ме деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Шетелде оқып, елде ештеңеге жарамсыз болып жүретін кадр қоғамда қадірсіз болады.

Шетелдің экономикасы әртараптандырылған. Бізде мұндай экономика жоқ. Олар оқытудың англо-саксондық моделіне, біз кредиттік технологияға жүгінеміз.

Қазақстанға шетелде алған білім жарамай қалуы немесе алған білім тиісінше қолданылмай қалуы мүмкін. Президент бағдарламаны осындай олқылыққа жол берудің алдын алу үшін тапсырды деп ойлаймын. Біз зияткер ұлт ретінде адам капиталының сапасын сақтап қалдық. Ақыл-ойдың жемісін жеу үшін адамдардың интеллектуалдық мүмкіндігін экономиканы дамытуға пайдалану қажет. Осыны жүзеге асырғанда еліміздің тең жартысы байлығы

162 адамның қолында ғана болмайды. Бізде мықты кадрлар бар. Көп емес, бірақ бар.

 – Елде экономиканы дамытуға қатысты түрлі бағдарламалар іске қосылады, алайда нәтижесі ойдағыдай бола бермейді. Осының себебі бар ма?

– Атауы әдемі бағдарламалар, жобалар шынымен көп болды. Олардың басым бөлігі түпкілікті нәтижеге қол жеткізбеді. Себебі орындаушыларға жауапкершілік жүктелмеді. Жарға жығылған жобалардың сұрауы болмады.

Атқарылған істің дені әлеуметтік наразылық деңгейін төмендету үшін ғана жасалды. Бастамалардың барлығы қысқа мерзімді немесе уақытша шара болды. Бұдан құтылу үшін адамдардың санасын өзгерту қажет. Сана өзгерсе, экономика да өзгереді. Басқалар алдымен жоспарлап, одан кейін іске кіріседі. Біз іске кіріскеннен кейін жоспар құрамыз. Сондықтан өзгелерде нақты нәтиже, ал бізде бюджет қаражатын шығындау ғана болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу