Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қаңтар айына қарағанда 12%-ға жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде бір жылда жаңа тұрғын үйлер бағасы Павлодар (16,3%) мен Көкшетау (15%) қалаларында айтарлықтай қымбаттады. Екінші деңгейлі тұрғын үйлер өсімінің көшін Атырау (18,7%), Қонаев (14,4%) бастап тұр, ал жалға берілетін баспана құны Талдықорған (31,1%), Астана (29,3%), Семей (22%) қалаларында едәуір көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 16,5 пайызға дейін көтерді. Мұндай шешімнің қабылдануына инфляция қарқынының жеделдеуі мен ішкі сұраныстың артуы әсер еткен. Ақпан айында инфляция 9,4 пайыз болған. Реттеушінің хабарлауынша, инфляцияның негізгі компоненттерінде бағаның өсуі байқалған.
Базалық ставканың өсімі бірқатар салаға әсер етеді. Соның бірі – тұрғын үй бағасы. Сарапшылар баспана нарығындағы жағдай бойынша пікір білдірді.
Қаржы маманы Жеңіс Шәріпұлының сөзінше, қазір банктер өзінің ставкаларын қарастырып жатыр.
"Мөлшерлемесі 20 пайыздан жоғары ипотека беретін банктер бар, олар ставканы өзгертпейтін шығар. Өйткені оның алдында ставкалары көп болды. Бірақ мөлшерлемесі 18 пайыз банктер ставкаларын өзгертуі мүмкін. Қазіргі таңда кейбір банктер +1 процентке дейін көбейтіп жатыр. Мысалы, 18 пайыз болса, 19 процентке дейін көбейтіп жатыр. Бірақ қазір қалай болатыны белгісіз", – деді ол.
Сөзінше, келесі жылы базалық мөлшерлеме төмендеуінің ықтималдығы жоғары.
"Өздеріңізге белгілі, Ұлттық банк ставканы азайтуға тырысады. Негізінен болжам бойынша базалық мөлшерлеме келесі жылдары төмендеуі мүмкін. Бірақ осы бірінші жартыжылдықта оның мөлшері төмендемейді. Қазіргі таңда бүкіл банктер қарастырып жатыр", – деп атап өтті сарапшы.
Жеңіс Шәріпұлы базалық ставканың өсуі үйді ипотекаға енді алайын деп жатқандарға әсер ететінін айтады.
Базалық мөлшерлеме негізінен енді ғана несие алатын адамдарға қатысты. Ал осыған дейін төлеп жүргендерге өзгеріссіз қалады, деп атап өтті қаржы маманы.
"Отбасы банк" туралы айтатын болсақ, олар базалық ставкаға бағынбайды. Олардың ставкалары мүлдем өзгермейді. Онда жүйе басқа", – деп түсіндірді ол.
Сөзінше, нарықтағы баға инфляцияға сәйкес қимылдап жатыр.
"Негізінен қазір жаңа ипотекалық бағдарламалар жоқ. Қазақстанда бағалар инфляцияға байланысты жылжып жатыр. Мысалы, өткен жылды алайық, бізде "Отау", "Наурыз" деген бағдарламалар болды. Олар іске қосылды, бірақ бізде үйдің бағасы қымбаттаған жоқ қой. Пәтердің бағасы қымбаттау үшін бізде "Баспана Хит" немесе "7-20-25" деген бағдарламалар болу керек. Ал банктердің ставкаларының көтерілуі сұранысты азайтуы керек", – деді Жеңіс Шәріпұлы.
Қаржы маманы банктердің ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелері бір пайызға дейін көтерілуі немесе өзгеріссіз қалуы мүмкін екенін айтады. Бір пайыздың өзі көп, дейді ол.
"Қазір неге ол қатты қымбаттамайды? Себебі бізде қазірдің өзінде ипотека қымбат болып тұр. Базалық ставка көтерілгеннен кейін әрі қарай оны көбейте бермейді", – деді спикер.
Сұранысқа әсері қандай
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин базалық мөлшерлемені көтеру екі негізгі факторға әсер ететінін жеткізді.
Біріншісі – құрылыс материалдарын жеткізумен айналысатын бизнес немесе несиені пйдаланатын құрылысшыларға.
"Сәйкесінше, бұл құрылыстың соңғы құнына әсер етеді әрі шаршы метр құнының өсуіне түрткі болады. Әрине, бұл негізгі фактор емес. Екінші фактор – сұраныстың төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Алайда қазіргі сұраныс құрылымын қарастыратын болсақ, онда 2024 жылы 133 мың ипотека берілгенін көреміз. Бұл сатып алу-сату операцияларының 31 пайызын алды. Яғни, ипотеканың белгілі бір үлесі бар екенін көріп отырмыз", – деді ол.
Сарапшы базалық ставка баспана нарығындағы маңызды фактор емес екенін баса айтты.
"Әрине, ол бағаны өсімін ынталандырады. Әзірге болжам бұрынғыдай. Жыл соңына дейін баспана бағасы бір жылда 12-15 аралығында өсуі мүмкін. Базалық мөлшерлеменің өзгеруі – факторлардың бірі", – деп атап өтті сала маманы.
Лев Тетиннің айтуынша, 2024 жылды сұраныстың өсімімен аяқтадық. Өсім 17 пайыз болған.
"433 мың мәміле жасалды. Биыл да сұраныс 400 мың шегінде сақталады. Базалық мөлшерлемеге, бағаның өсуіне қарамастан, тұтынушылық белсенділік сақталып отыр", – деді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин.