Бэби-бокс – тастанды сәбидің алғашқы "үміт бесігі"

3269

Тастанды сәбиге арналған бэби-бокс Қазақстанда да пайда болды. 

Бэби-бокс – тастанды сәбидің алғашқы "үміт бесігі" Фото: sputniknews.kz

Алматы облысы, Есік қаласы, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы жанынан ашылған алғашқы "үміт бесігіне" мемлекет емес, қоғамдық ұйымдар мен ынталы топ өкілдері бастамашы болған.

Есіктегі "бесік"

Қазақ – бар байлығын бауырындағы баласымен өлшеген халық. Сондықтан бэби-бокс деген – біз үшін жат түсінік. Кезінде бұл мәселе талай талқыланды. Алайда қоғам тарапынан қолдау таппағандықтан жүзеге аспаған еді. Бұл бастаманы "Aspan space" қоғамдық қайырымдылық тобы қайтадан көтеріп, қаржы жинап, еліміздегі алғашқы бэби-боксты ашып отыр.

Әлеуметтік жоба "Үміт бесігі" деп алады. Ұйымдастырушылар тастанды бала көрінген жерде қалғанша осындай қауіпсіз жәшікте жатқаны дұрыс деп шешіпті. "Aspan space" қоғамдық қайырымдылық тобының өкілі Құндыз Төреханованың айтуынша, Еңбекшіқазақ  ауданында ашылуына осы өңірде болған оқиға себеп болған. Бір әйел баласын үйде босанып, оны сөмкеге салып, дүкеннің есігіне іліп кеткен. Осы оқиғадан кейін, ынталы топ өкілдері алғашқы бесікті Есіктегі аурухананың жанынан орнатуға шешім қабылдаған. Бұған жергілікті тұрғындардың ұсынысы да себеп болған. 

Бэби-бокс балаға пана бола ала ма?

"Aspan space" қоғамдық қайырымдылық тобының өкілі Құндыз Төреханованың айтуынша, бэби-бокста баланың қауіпсіздігіне арналған барлық жағдай жасалған. Іші жылы, арнайы жұмсақ жөргөктер төселген. Бала "жәшікке" түсе салысымен, дабыл қағылып, аурухана қызметкерлеріне белгі береді. Бұдан кейін дәрігерлер баланы бастан-аяқ тексеруден өткізеді. Егер денесінде қандай да бір жарақат ізі болса, полиция шақырады. Ары қарай балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады. Тіпті бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін.

"Мұндай бэби бокс бала үшін ғана емес, ана үшін де тиімді. Мысалы, анасы жаңа туған нәрестесін далаға, қоқыс жәшігіне, басқа да жерге тастап кетсе, сол әйел қылмыскер болып саналып, жауапкершілікке тартылады. Тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал бэби бокста қалдырса, әйел жауапкершілікке тартылмайды. Қауіпсіз орынға тасталған болып есептеледі", – дейді Қ.Төреханова. Ол сондай-ақ, баланы тастаған әйел камераға түсіп қаламын деп қорықпаса да болатынын айтты. Бала үшін орнатылған камерада ананың бет-әлпеті көрінбейді, тек сұлбасы ғана қалады.

Бэби-бокс аурухананың адам аяғы көп жүре қоймайтын далдалау жерінде орналасқан. Сырты терезе іспетті. Оның сыртына "Сәбидің жанын сақтайтын орын" деп жазылған және анаға ескерту ретінде: "Есікті ашқаннан кейін, сен буыр етіңнен бас тартасың. Балаңды басқа біреу бауырына басады. Тура қазір ойыңнан айнып, балаңа қамқор болғың келсе, полицияға не әлеуметтік қорғау ұйымдарына жүгін. Олар сенің балаға қажеттілігіңді анықтайды. Сондықтан шешіміңді тағы да ойла!" делінген. "Егер оған да қарамай терезені ашып, баласын тастаған анаға ойлануға 30 секунд уақыт беріледі. Осы мерзім өткеннен кейін, терезе тарс етіп жабылады да құлыпталып қалады", – дейді қоғамдық топ өкілдері.

Бастамашыл топ мұндай "үміт бесігін" басқа қалаларда да ашуды жоспарлап отыр. Олардың пікірінше, бэби-бокстар анасына керексіз болып қалған талай сәбидің өміріне араша бола алады. Мұндай жәшіктер орнатқан Ресейде – 114, Чехияда – 47, Германияда – 30 шақты сәбидің өмірі аман сақталып қалған. "Ресейдің бас қаласында бэби-бокстар жоқ. Есесіне, өзге өңірлерінде бар. Кейбір әйелдер балаларын осындай қауіпсіз орынға қалдыру үшін 800 шақырымдай жол жүрген жағдайлар кездескен. Сондықтан біз қолға алған "Үміт бесігі" де көптеген нәрестені аман алып қалады деген үміттеміз. Біз ашқан бэби-бокстың мекенжайы 2gis картасына да енгізілді", – дейді Құндыз Төреханова.

Әбестік пе әлде шарасыздық па?

Бэби-боксты Қазақстанда орнату жөніндегі қоғамның пікірі екіге жарылған. Кезінде экс-депутат Бақытгүл Хаменова бұл мәселені көтеріп, бірден жұртшылықтың қарсылығына тап болғаны есімізде. Қайсыбір жылдары Денсаулық сақтау министрлігі де бэби-бокс орнатуды көздеген. Ол да аяқсыз қалды. Дегенмен де жаны қиналған ананың қасынан табылып, дүниеге келген нәрестенің кіндігін кесіп жүрген акушер-гинеколог мамандар мұндай "бесіктің" пайда болуына қарсы емес. Нұр-Сұлтан қаласы №3 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Сержан Әбдешевтің пікірінше, баланы тастауға оқталған шарасыз аналарды тоқтату қиын. Олар қай жерде болсын, тастап кетеді. Сондықтан сәби қоқыс жәшігінде, әжетханада өлім аузында жатқанша, осындай қауіпсіз орында болғаны дұрыс.

"Негізі баладан бас тартатындардың көбі жүктілігі бойынша есепке тұрмағандар. Олар әу баста бауыр еті баласына салқынқандылық танытады. Оның денсаулығын ойлап, басын қатырып жатпайды. Мұндай әйелдер ауруханада арнайы бланк толтырады. Егер әйел баладан бас тартса, босанғаннан кейін құжаттар толтырылады. Сәби ауруханада бірнеше күн өткеннен кейін балалар үйіне ауыстырылады. Менің тәжірибемде де баладан бас тартқан жағдайлар кездесті. Бірден сондай шешім қабылдаған әйелді райынан қайтару қиын...Сондықтан дүние есігін жаңадан ашқан шақалақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бэби-бокстер керек", – дейді дәрігер.

Қоғамның тағы бір бөлігі бэби-боксқа түбегейлі қарсы, бұл қадамды әбестік деп санайды.  Әлеуметтік желіні қолданушылар мұндай жәшіктер көбейсе, баласын алаңсыз тастап кететін безбүйрек аналар көбейеді деп қауіптенеді.

Бэби-бокс туралы Біріккен Ұлттар ұйымы бала құқықтарын қорғау комитеті сарапшыларының пікірінше, сәби қорапшаға  жасырын тасталатындықтан, оның аты-жөні, тегі белгісіз болып қалады. Ал бала ержеткенде өз тегі туралы білуге құқылы. "Осы тұрғыдан келгенде бэби-бокс – баланың құқын шектейтін қадам",– дейді мамандар.

Қымбат Тоқтамұрат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу