Бейсенбек Зиябеков: Теңге ешқашан тұрақты валюта болған емес

4122

Қазақстан экономикасына Ресей мен Украина арасындағы қазіргі геосаяси жағдайдың салқыны тиюі мүмкін.  

Бейсенбек Зиябеков: Теңге ешқашан тұрақты валюта болған емес

Бұл туралы inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында экономист Бейсенбек Зиябеков айтты.

– Солтүстіктегі көршіміздің Украинамен күрделі қарым-қатынасы ұлттық валютамызға қалай болғанда да әсер етеді. Әлем елдері тарапынан Ресейге жан-жақтан санкция салынып, түрлі шектеу қойылды. Орыстардың қор нарығы қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Рубль құнсыздана бастады. Ресейдің Луганск халық республикасы мен Донецк халық республикасының тәуелсіздігін ресми мойындауы "жығылғанға жұдырық" болды.

Қазақстан экономикасына Ресей мен Украина арасындағы қазіргі геосаяси жағдайдың салқыны тиюі мүмкін. Бізге алаңсыз отыруға болмайды. Экономикалық тәуекелдің алдын алу үшін нақты іс-қимылға көшу керек.

– Соңғы 3 күнде ұлттық валютамыз 7 теңгеге арзандады. Ресей рублінің құнсыздануы мен теңгенің "тайғанауында" өзара байланыс бар ма?

–  Рубль факторының теңге бағамына қатысы бар екені даусыз. Ресей біздің негізгі экономикалық серіктесіміз. Біз бір экономикалық кеңістікте тұрмыз. Дегенмен теңгенің құнсыздануын тек Ресейдегі жағдаймен байланыстыру дұрыс емес.

Ұлттық валютаның тұрақсыздығы бір мезеттік оқиғаларға байланысты болмайды. Жалпы теңге ешқашан тұрақты валюта болған емес. Теңге бағамының құбылуын басқа факторлардан іздеу қажет.

Біздің елде қаржы жүйесіне қарапайым тәртіп жетпей жатыр. Қазір теңге бағамын Ұлттық банк тұрақтандырып тұр. Рубльдің құнсыздануы теңге үшін жақсы емес. Себебі теңге бағамын қолдан ұстап тұру тиімсіз.

–  Ұлттық банк теңгені қолдау үшін интервенция жүргізіп жатыр ғой...

Иә, осыған дейін теңгені тұрақтандыру үшін 240 млн доллар жұмсалғаны ресми мәлімделді. Бұл барлық сауда-саттықтың 50%-ға жуығын құрайтын көрсеткіш.

Геосаяси тәуекел ұлттық валютаның бағамын өзгертеді. Алайда бұл үрей туғызатын мәселе емес. Өйткені теңгенің еркін айналымы валюта бағамын реттеуге мүмкіндік береді. Аса қажет болған жағдайда Ұлттық банк интервенция жүргізіп, ұлттық валютаның сыртқы құнына, яғни оның валюталық бағамына әсер ете алады.

– Біздің елдің Ресеймен де, Украинамен де алыс-берісі бар. Қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, әрі қарай қалай әрекет етуіміз керек?

– Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де дипломатиялық және сауда-экономикалық қатынасын сақтап қалады деп үміттенемін. Соңғы жылдардағы қырғи қабақ қатынасына қарамастан, Ресей мен Украина бір-бірімен экономикалық байланысын үзген жоқ. Біз жоғарыдағы екі елмен, олар бізбен саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттағы байланысын жалғастыра береді деп ойлаймын.

– Рубльдің арзандауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Ресей импортының бағасы арзандайды. Экспорттың бағасы өседі. Еуропа Одағы мен АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы рубльдің құтын қашырады. Белгілі бір дәрежеде рубльге тәуелді болғандықтан, жоғарыдағы жағдай теңгеге соққы болып тиеді. Біз долларды қымбатқа сатып алуға мәжбүр боламыз. Байлардың ел аумағынан капиталын жылыстатуы ұлттық валютаға жанама әсер етеді. Теңге тағы да құнсызданады. Дегенмен девальвацияның алдын алуға болады. Бұл үшін Қазақстан экономикасы инфляциялық тәуекелге бел бууға тиіс.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу