Бейжің: ұйғыр әйелдері "бала шығаратын машина" емес

9935

Қытай үкіметі Шыңжаңда бала санын мәжбүрлеп шектеді деген айыпты жоққа шығарып отыр.   

Бейжің: ұйғыр әйелдері "бала шығаратын машина" емес

Дүйсенбіде Қытай үкіметінің өкілі Бейжіңнің мұсылмандар арасында бала тууды бақылаудың мәжбүрлі шараларын енгізгенін жоққа шығарды. Мұның алдында осы елдің Вашингтондағы елшілігі Твиттерде компартия саясаты ұйғыр әйелдерін "бала өндіретін машина болудан"  азат етті деп мәлімдеген еді.

Шыңжаң аймақтық үкіметі баспасөз хатшысының орынбасары Сюй Гуисян дүйсенбіде журналистерге  айтқандай, бұл өңірде тууды бақылау туралы шешімдер адамның өз еркімен қабылданады және де "ешқандай ұйым немесе жеке тұлға бұл іске араласа алмайды".

"Ұйғыр халқының өсу қарқыны өзге аз халықтармен және хань (қытайлық көпшілік) ұлтының өсімімен салыстырғанда жоғары. Ал, Шыңжаңдағы этникалық азшылықтардың әйелдерін жатыріші спиралін салдыруға, олардың жатыр түтігін байлауға немесе түсік жасауға мәжбүрлеу туралы айтатын болсақ, бұның бәрі зиян ғой", – дейді Сюй.  

Associated Press агенттігінің маусымда жарияланған зерттеуі Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы ұйғырлардың, қазақтардың және басқа да этникалық азшылықтардың тууын шектеу үшін спираль салдыру, контрацептивтік дәрілерлі қолдану, тіпті түсік жасату мен стерилизациялау тәрізді қатаң шараларды қолданғанын әшкерелеп берді. Ал, үш немесе одан да көп балалы ата-аналар тууды шектеу ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлей алмаса, лагерьлер мен түрмелерге қамалуы мүмкін. Бұл шаралардың нәтижесінде Шыңжаңда туу көрсеткіші соңғы үш жылда 60% -ға төмендеді. Демек, демографиялық дағдарыс күшейіп, хань ұлтының тууын шектеу жеңілдетілсе де, аймақта дүниеге келген балалар саны ондаған пайызға азайып отыр. 

Twitter  Қытай елшілігінің 7 қаңтардағы твитін Бейжіңді ұйғыр мәдениетін жоймақ деп айыптаған топтардың наразылығынан кейін өшіріп тастады.

"Қытай үкіметі қазір этникалық және діни азшылықтарды жою үшін концлагерлерді, мәжбүрлеп жұмысқа жегуді, күшпен стерилизациялауды, түсік түсіруді, сондай-ақ азаптаудың басқа түрлерін ашық мойындап, оларға қошемет білдіріп отыр",– дейді АҚШ-Ислам қатынастары Кеңесінің ұлттық атқарушы директоры Нихад Авад.

Қытай болса, Шыңжаңдағы терроризм мен діни фанатизмге қарсы көптеген жыл бойы күрес жүргізіп келе жатқанын мәлімдеп отыр. Ал, оның елшілігінің твиті осы саясатқа сілтеме жасап: "зерттеу көрсеткендей, экстремизмді жою процесінде Шыңжаңдағы ұйғыр әйелдерінің ақыл-ойы эмансипацияланып, гендерлік теңдік пен репродуктивтік денсаулық көтермеленіп, олар "бала шығаратын машина болудан құтылды", – деп хабарлайды.

Шыңжаңдағы Әлеуметтік ғылымдар академиясының зерттеушісі Ли Сяосидің сөзінше, бұл аймақтағы тууды бақылау шаралары ерікті түрде жүргізіліп жатыр.

Лидің өткен жылдардағы жұмыстары тууды бақылауға бағытталған жаппай шараларды ақтап алуға теориялық негіз болды. 2017 жылғы мақалаларының бірінде Ли көп балалылық "діни экстремизм мен этникалық сепаратизмнің"белгісі екенін айтып, азшылықтар басым аудандар терроризмнің негізін қалап, елге "үлкен саяси қауіп" төндіретінін ескертті.

Бейжіңде дүйсенбіде баспасөз конференциясы өтіп, онда Қытай үкіметі Шыңжаңдағы саясатқа қатысты халықаралық сынға төтеп беруге тырысты. Айта кетсек, қазір Шыңжаңда 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа адамдар түрмелерге ұқсас орталықтарға мәжбүрлеп қамалып, жұмысқа жегілді деген алаңдаушылық туындап отыр. Қытай билігінің мәлімдемелеріне жүгінсек, бұл орталықтар экстремизммен күрес және елді кәсіпке үйрету үшін құрылды. Алайда, сол лагерлердің бұрынғы тұрғындары мен адам құқықтары жөніндегі топтар ол мекемелердің исламға қарсы тұрып, тілдер мен азшылықтардың мәдениетін жоюды көздейтінін айтып отыр.

Аймақтық үкіметтің тағы бір өкілі Элайжан Анаяттың айтуынша, осы орталықтардағы барлық адамдар "2019 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша" оқуын аяқтады. Сонымен қатар, ол Қытай бұл жүйені кеңейтуді жалғастыруда деген хабарды жоққа шығарып отыр.

"Үкіметтің көмегімен олар тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткізді, өмір сүру сапасын жақсартты және қалыпты өмір сүріп жатыр. Қазіргі уақытта Шыңжаңда оқу-жаттығу орталығы жоқ", – дейді Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Анаят.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу