"Бек Эйр" экипажы сапар алдында ұшақ қанатын тексермеген

Қазақстанның авиация әкімшілігі Алматы әуежайының бейнетаспаларына талдау жасады.

"Бек Эйр" экипажы сапар алдында ұшақ қанатын тексермеген

Алматы түбіндегі ұшақ апатын негізге алған Қазақстанның авиация әкімшілігі "Бек Эйр" компаниясының эксплуатация және ұшуға жарамдылық сертификаттарын тоқтатты. 

"Соңғы 3 жылда әуе компаниясында екі ірі ұшақ апаты болды. Жолаушы тасымалындағы  қауіпсіздік проблемаларын осы уақытқа дейінгі ұшу сағаттарына шақсақ,  шекті мөлшерден асады. Тексеру кезінде көптеген заңбұзушылықтар анықталды", – делінген баспасөз мәліметінде. 

Авиация әкімшілігі өздері анықтаған ақаулардың ішінде екі заңсыздықты бөле жарып атап отыр. Оның екеуі де ұшуға жарамдылық сертификатына қатысты. 

"Біріншіден, "Бек Эйр" АҚ толық әрі тиісті есеп жүргізу арқылы әуе флотының ұшуға жарамдылығын бақылауда ұстай алмаған. Техникалық журналдағы мәліметтер ұшақ компоненттерін бір әуе кемесінен екіншісіне ауыстыру процесінің нақты жағдайымен сәйкеспейді. Мұндай әрекет компоненттердің қызмет мерзімі мен қолданыс сағатын тіркеу мәліметтеріне күмән туғызады. Бұл жайт "Бек Эйр" АҚ-ның ескі ұшақтарға қосымша бөлшектерін алуға қаржыжеткізе алмағанына куә", – делінген ресми мәліметте.

Тексеру барысында әуе компаниясы ұшақ қозғалтқыштарындағы сериялық нөмірлерді алып тастағаны анықталыпты. Осы нөмір бойынша қозғалтқыштың қанша сағат ұшуға қатысқаны және оның жиілігі анықталады. Сериялық нөмірі жоқ қозғалтқышты тексеру де мүмкін емес.
Тексерілген бірнеше қозғалтқыштың сериялық нөмірі жоқ екенін көрген авиация әкімшілігі әуе компаниясына тиесілі ұшақ қозғалтқыштарының жалпы жарамдылығына секемденіп отыр. Атышулы  Fokker-100 ұшақтарына қатысты да күмәнді жайттардың беті ашылыпты.
"Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарын өндіруші Rolls Royce компаниясы "Бек Эйр" сапындағы ұшақтар Қазақстанда қолданысқа түскеннен бастап, қозғалтқыштарының күрделі жөндеуден өткені туралы ақпарат түспегенін хабарлады. Rolls Royce қозғалтқыштағы сериялық нөмір сияқты деректерді алып тастау туралы талап қоймағандарын, тәжірибеде ондай рәсімдер жоқ екенін және ондай әрекетке компания тарапынан рұқсат берілмегенін жеткізді", – делінген "Авиация әкімшілігі" АҚ таратқан ақпаратта.

Авиация әкімшілгінің мамандары  "Бек Эйр" АҚ базасында бір ұшақтың бөлшегін екінші ұшаққа алып салу қалыпты жағдайға айналғанын айтып отыр. Бөлшектерді түгендеу де жүйелі жүргізілмеген. 

"Бұл процесс жүйелі бақыланбағандықтан, әуе кемелерін жөндеу жұмыстарына қатысты терең тексеру жүргізу қажет. Апаттық радиомаяк пен өртке қарсы жүк бөліктеріне, құтқару кеудешелеріне қатысты да көптеген заңбұзушылықтар бар.  Жалпы алғанда "Бек Эйр" флотының жағдайы қанағаттандырмайды. Компанияға тиесілі ұшақтардың "жасын" ескерсек, мұндайды күтуге болатын еді. Заңбұзушылықтардың көптігіне байланысты ұшуға жарамдылық сертификаттары барлық кемшілік жойылғанша қайта күшіне ене алмайды. Кемшіліктер жойылып, әуе кемелері тиісті деңгейде жарамды болғанына біздің көз жеткізуіміз қажет", – делінген ресми ақпаратта.

Тексеру кезінде ұшақ эксплуатациясына қатысты да айтарлықтай олқылық анықталғанға ұқсайды. Мамандар "Бек Эйр" компаниясындағы маман даярлау ісіне де алаң көңілмен қарап отыр. 

"Оқытудан өткендердің тізімі бұрмаланып жасалған. Оның шынайы екенін күмән туындайды. Маман даярлау ісін жетілдірмей болмайды. Сонда ғана экипаж ұшақтарды дұрыс тізгіндей алады", – делінген тексеру қорытындысында. 

Алматы әуежайынан алынған бейнематериалдар  да біраз былықтың бетін ашқан сыңайлы. "Бек Эйр" экипаждары ұшақты сапарға дайындау барысында сыртынан айнала қарамайтыны, қанаттарын тексермейтіні дәлелденіп отыр.

"Fokker 28-100 кемесін пайдалану нұсқаулығында ұшақ қанаты әр сапар алдында тексерілу керектігі айқын жазылған. Бұл типтегі ұшақт экипаждарына мұндай талап Македонияның Скопье қаласында 1993 жылы болған апаттан кейін міндеттелген. Ұшақ қанатының үстіңгі, астыңғы және алдыңғы бөліктерін қолмен сипау арқылы мұз қатпағанына көз жеткізу қажет. Егер мұз болса, одан арылту керек. "Бек Эйр" ұшақтарының әуеге көтерілген сәті түскен бейнетаспалардан мұндай тексерулер жүргізілмегені айқын көрінеді", – деп жазады авиация әкімшілігі.

Ал жаттығу есептерінде ұшақты қыста пайдалану дайындықтары туралы мәлімет табылмапты. 

"Бұл қысы қатал Қазақстан үшін маңызды мәселе. "Бек Эйр" акционерлік қоғамындағы тексеру жалғасып жатыр. Тексеру біткеннен кейін Bek Air басшылығы 10 күннің ішінде Қазақстанның авиация әкімшлігіне кемшіліктерді жою жоспарын ұсынуы тиіс. Ал көрсетілген кемшіліктер 6 ай ішінде жойылмаса, эксплуатация сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаты қайтарып алынады. Бұл істер аяғына жеткенше аталмыш сертификаттар тоқтатыла тұрады", – делінген Қазақстанның авиация әкімшілігі берген мәліметте.

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу