"Бек Эйр" ұшақтарынан май ағып жүр – Линда Орлэди

Тозған дөңгелек, шұрық-тесік еден, май аққан борт, бүлінген қанат. 

"Бек Эйр" ұшақтарынан май ағып жүр – Линда Орлэди

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі "Бек Эйр" әуе компаниясының ұшақтарына жүргізген тексерудің қорытындыларын жариялады. Акционерлік қоғамның ұшу қауіпсіздігі  жөніндегі басшысы Линда Орлэди 20 қаңтар күні жариялаған алғашқы қорытындылардың барлығы расталғанын айтады. Сол ақпаратта көрсетілген ақаулардың барлығын фото және бейне айғақтармен дәлелдеп көрсеткен маман сөзінің арасында "Мен пилот болсам, мұндай ұшақтармен әуеге көтерілуден бас тартар едім" деген сөзді қайта-қайта айтып отырды. Линда Орлэди әуе комапниясына тиесілі кейбір ұшақтардың сыртқы келбетінің өзі көңілге күмән туғызатынын айтады.

"Мына суретке қарасаңыздар, ұшақтың тұмсығында бүлінген тұстар бар екенін көресіздер. Ұшақ тұмсығында локаторлық байланыс тетіктері болатыны ескерсек, мұндайға жол берілмеуі керек. Ал ұшақтың ішіне үңілсек, 2 қозғалтқышта да деректерді біріздендіру кестесі жоқ. Қозғалтқыштардың жарамдылығын анықтау үшін бұл өте қажетті дерек болып саналады. Халықаралық тәртіп бойынша қозғалтқышта мұндай кестенің болуы маңызды. Тым болмағанда, компания қозғалтқышты біріздендіру кестесін алып тастамас бұрын оны құжаттап, себебін түсіндіруі керек болған. Осыдан қозғалтқыштардың ұшуға жарамды болғанына күмән туады. Біздің инеспекторлар "Бек Эйр" әуе кемелерінің 50%-ында осындай қозғалтқыш кестесі жоқ екенін анықтады. Барлық ұшақта осындай жағдай болуы мүмкін деген қаупіміз бар. Бұл бізді қатты алаңдатып отыр", – деді маман.

Линда Орлэди бұл тексеру Батыс елдері мамандарының қатысуымен өткенін баса айтты. Шетелдік меймандарды ұшақтардан май мен өзге сұйықтықтар ағып жүргені қатты таңғалдырған көрінеді.

"Инспекторлар ұшақтан сұйықтық аққан жоқ па деген сұраққа жауап іздеген. Май аққанын мына суреттен анық көре аласыздар. Мен ұшқыш болсам, мұндай жағдайға қатты алаңдаған болар едім. Техникалық қауіпсіздік мамандары мұндай ақауды тіркеп, әрі қарай не істеу керектігі туралы нұсқаулық беруі керек еді. Біз ақаулар реестрінде май ағуына қатысты жазба таппадық. Инспекторлар тұрақтағы кейбір ұшақтың астына жайпақ ыдыс қоятынын анықтады", – деді ол.

Пилот кабинасының терезесінен де ақаулар табылыпты. Бұл ақау айтарлықтаң маңызды болмаса да, уақытында тіркеліп жойылуы керек болған.

"Инспекторларды жүк бөліктерінің панельдері бір-біріне тығыз орналасқаны алаңдатып отыр. Бұл, әсіресе, өрт қауіпсіздігінің ережелеріне қайшы. Мына суретте ұшақ дөңгелектері өте қатты желінгені көрініп тұр. Ұшқыш болсам, мұндай дөңгелегі бар ұшақпен ұшпас едім. Тағы да бұл ақау ешбір құжатқа тіркелмеген. Дөңгелек тозуының лимиті қатаң сақталуы керек. "Бек Эйр" компаниясында ол да болмаған", – деді Линда Орлэди.

Авиациялық әкімшілік өкілі "Бек Эйр" ұшақтарында корпустың сырылуы, еден жабыныны жыртылуы, кейбір босаған қуыстарды скточпен дәнекерлеу, жолаушыларды отырғызу картасындағы қателіктер сияқты кемшіліктер де бар екенін айтады.

"Жолаушы салонында белгісіз сұйықтықтың ізі байқалды. Ол сұйықтық не екенін мені қатты алаңдатып отырған жоқ. Бірақ бұл да жол берілмейтін ақау. Жалпы халықаралық тәжірибеде ұшақта скотч қолдануға болады. Бірақ ол арнайы скотч болуға тиіс және ол туралы құжатқа тіркелуі керек болған. Сондай-ақ ұшақ қанаты нығыздағыш резеңкемен толықтай жабдықталмаған. Мына суреттен қанаттағы саңылау резеңкемен толық нығыздалмағанын көресіздер", – деді  маман.

Линда Орлэди ұшақ қанатын мұз қатудан сақтау бойынша жіберілген қателіктер туралы да көптеген мәлімет берді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу