Алдағы демалыс күндерінде Беларусь елінде алғаш рет аюға қарсы аңшылық басталады.
Еуразиялық одаққа кіретін осы елде тұңғыш рет тосын "ұтыс" (розыгрыш) өткізілді. Кілең аңшылар және қарудан ата алатын адамдар ғана қатыстырылған бұл ұтыстың жеңімпаздарына "аю аулау құқығы" тарту етілді.
Беларусьтің Аңшылар және балықшылар қоғамының мәліметінше, ұтысқа елдің әр атырабынан жалпы саны 140 адам қатысқан. Негізі о баста 161 адам өтініш беріпті. Осы қалғандары ішінен тек 7-еуі ғана жеңіске жетті.
Қоғамның түсіндіруінше, олар "арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен" іріктеп алынды. Дегенмен, журналистер қатысушылардың арасынан жеңімпаздар интернеттегі қарапайым рандомайзер генераторы арқылы таңдалғанын айтады.
"Наша Нива" басылымының хабарлауынша, енді әрбір жеңімпазға ұйым өкілдері хабарласып, "қорбаңбайды" аулайтын нақты орны мен уақытын келіседі. Бірінші аулау алдағы сенбі-жексенбі күндеріне жоспарланған.
Ереже бойынша егер аңшылардың бірі аюды өлтіріп, терісін, басын, тырнағын және басқасын олжаласа, ол осы жыртқышты аулауға енді ағымдағы аңшылық маусымда әрі қарай қатыса алмайды.
Егер аң жаралы не аман күйде бас сауғалап, қашып үлгерсе, аңшы келесі ұтысқа қайтадан қатысу құқығына ие болады.
Бұл қатыгез шарт қоғамда пікірталас туғызды. Тұрғындардың алаңдауынша, кейбір қарау, қаскүнем жан "жауыздықтан алатын ләззатын" ұзарту үшін аңды тез өлтірмей, әдейі жаралап, келесі жолы аулауға қайта шығуы мүмкін.
Жергілікті ақпарат құралдары аталған қоғамға (РГОО "Белорусское общество охотников и рыболовов") сілтеме жасап, биыл Беларусьте аю аулау маусымы 1 шілдеден 31 желтоқсан аралығына дейін созылатынын жария етті.
Бұл қатал аңшылық күндіз де, түнде де жүретін болды. Аңшыларға бұл жыртқышқа торуылда отырып, күтіп алып, тұтқиылдан тап беруге де, сондай-ақ жортуыл арқылы тауып, өлтіруге де рұқсат етілді.
Алайда 2 жағдайда да аңшы жалғыз жүре алмайды, аңның ау-жайы мен жергілікті жердің мән-жайын жақсы білетін арнайы нұсқаушыға еріп жүруге міндетті.
"Город Брест" (Brest city) порталы аю аулау мемлекеттің Беларусьтің Аңшылар және балықшылар қоғамына бекітіліп берген аңшылық алқаптарда жүргізілетінін нақтылады. Аулау құқығы әрбір аңшыға бір күнге ғана беріледі.
Бұл ретте аю атуға Беларусь аумағындағы 7 орман шаруашылығында рұқсат етіліпті. Жергілікті журналистердің мәліметінше, мемлекет бұған "аюлар санының елеулі артуына" байланысты барып отыр. Мұндағы сылтау Қазақстанда киік атуға рұқсат етудегі себепке ұқсас.
"Қорбаңбайды" өлтіру үшін тегіс ұңғылы қаруды (гладкоствольное) да, сондай-ақ қысқа ойық ұңғылы қаруды (нарезное оружие) да қолдануға болатыны мәлімделді.
Аулау кезінде пілдің өзін сұлататын ірі оқтар пайдаланылатын көрінеді. Мұнда тегіс ұңғылы қарудың оғы 16 калибрден кем болмауға тиістігі ескертілді. Одан ұсақ болса, жыртқыш өлмеуі, аңшыларға тап беруі мүмкін.
"Аю аулауға аңшының өзімен бірге аңшы тұқымды иттерді ала шығуына рұқсат етілді. Бірақ аңшы иттің қандай тұқымдарын ертуге болатынын жергілікті биліктер айқындайды. Аю аулауға аңшылық тәжірибесі 3 жылдан асатын адамдар ғана қатыса алады", – деп мәлім етті "Наша Нива" басылымы.
Сонымен, "майтабан" қоңыр аңды аулау келесі орман шаруашылықтарында жүргізіледі: Бегомльский, Богушевский, Витебский, Лиозненский, Суражский, Ушачский және Борисовский опытный. Міне, соларда аюлардың көбі шоғырланған деп есептеледі.
Бір оғашы сол, Беларусь Үкіметі аюлардың ары қарай да құру алдында тұрған түр ретінде "Қызыл кітапта" қала беретінін, осы себепті оны аулау "өте қатаң ережелер бойынша жүргізілетінін" хабарлады.
Аю аулау тегін емес, оған қатысқысы келетіндер тиісті жарналарды мемлекетке төлеуі қажет. Осы арқылы бұл "одақтасымыз" аюлар есебінен бюджетті толтыруды да қаласа керек.
Бұл жаңа "дәстүр" қоғамның бір бөлігінің көңілін жабырқатты.
Өз кезегінде жергілікті ақпарат құралдары Беларусьтің Аңшылар және балықшылар қоғамының басшысы Игорь Шуневичтің әйелі Татьянамен бірге аюды ату конкурсына қатысқанын, алайда ондай құқықты жеңіп ала алмағанын хабарлады. Бұл ұтысты Шуневичтің өз ұйымы өткізгені белгілі.
Шуневич – аңшылар отбасы екенін әрдайым паш етуден жалықпайды. Әлеуметтік желі Игорь мен Татьянаның қандай да бір олжамен – өздері атып алған құспен не аңмен түскен фотоларына толы. Тек бұрын рұқсат етілмегендіктен теңкиіп өліп жатқан аюмен түскен фотосы ғана жоқ еді.
Жалпы алғанда, ресми дерек бойынша Беларусь үкіметі биыл 20 аюды атып алуға рұқсат етті.
Өздеріне үлкен қауіп төнгенін сезсе керек, Беларусьтен Литваға қашып тығылу үшін екі ел ортасындағы өзенді кешіп өтіп жатқан аюларды жергілікті тұрғындар дүркін-дүркін фото, видеоға түсіруде.
"Аю Беларусьтен Литваға қашып кетуге талаптанды. Литвалық шекарашылар жыртқыштың түн қараңғылығында Неманды 50 метрден астам қашықтық бойы жүзіп өтіп, Литва жағалауына шыққанын тіркеді. Судан шыққан соң аю орманға кіріп жоқ болды", – деп хабарлады Nashaniva.com.
Әйтсе де, аюлар бәрібір ұзай алмайды. Өйткені қарулы қақтығыстың алдын алуға дайындық аясында Литва тарапы Беларуьспен шекарасындағы аумақтарды биік дуалдармен қоршап қойған. Ендеше қорек табу үшін қорбаңдарға бәрібір "Отанына" оралуына тура келуі мүмкін.