Белді университетте дау өршіп барады

4821

ЖОО құрылымы бір жылда 3 рет ауысқан. 

Белді университетте дау өршіп барады Фото: 2gis.kz

"Астана" медициналық университеті – еліміздегі маманданған беделді ғылым ордаларының бірі. Бүгінде ол ішкі қайшылықтардан безгек ұстағандай қалшылдауда. Университет ұжымының бір бөлігі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға арызбен жүгінді.

"2020 жылдың тамызынан бері университетте күрделі әрі шиеленіскен моральдық-психологиялық климат қалыптасты. АМУ ұжымы мен оның басшылығы, сондай-ақ директорлар кеңесі арасында текетірес туындады. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы оның себебін түсініп, байыбына бармақшы болды. Комиссия жұмысының қорытындысында денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ұжыммен кездесу өткізді. Ол басшылыққа ұжыммен жақсы қарым-қатынасын жолға қоюға, қызметкерлерді қудаламауға және жұмысынан босатпауға кеңес берді. Өкінішке қарай, бұл ұсынымды басшылық елеусіз қалдырды. Қудалау және жұмыстан аластау жалғасуда", – дейді ұжым атынан хат жазған белгілі химик, биолог ғалым, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Гүлнұр Утенова.

Гүлнұр Мағауияқызы аталған университеттің Оқу процесін жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау орталығын басқарады. ЖОО сайтындағы дерек бойынша ол осы университетте 2013 жылдан бері жұмыс істейді.

Оның баяндауынша, кезекті қақтығыс 2020 жылғы қазанда университеттің жаңа құрылымының бекітілуіне байланысты тұтаныпты.

"Жаңа құрылым тіпті ұжыммен, сондай-ақ осы салаға жетекшілік ететін проректор Гүлнар Жақсылықовамен талқыланбастан бекітіліп кетті. Салдарынан негізінен білім беру блогы 50%-дай қысқаруға ұшырады. Егер АМУ-дың білім беретін ЖОО екенін ескерсек, бұл масқара жағдай. Таяуда, 4 желтоқсанда әкімшілік-басқарушылық персонал қызметкерлеріне олармен еңбек келісімшартының бұзылатыны туралы хабарлама беріле бастады. Алайда ұжым бұған қарсы тұрып, наразылығын білдірді, тек содан кейін ғана басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің басшысы ұйымдастырушылық құрылымды қайта өзгерту бойынша шара қабылдады", – дейді Гүлнұр Утенова.

Кәсіподаққа қырын қарады

ДСМ-ге қарасты "Астана" университетінің ұйымдастырушылық құрылымы биылғы бір жылда 3 рет өзгеріпті. Бірінші рет 2020 жылғы 14 шілдеде, екінші рет – 2 қазанда, содан соң 15 желтоқсанда. Осыдан-ақ ЖОО-да не болып жатқанын аңғаруға болатындай.

Директорлар кеңесіне және басқармаға бірде бір кәсіподақ өкілінің кірмей қалғаны ұжым өкілдеріне ұнамайды. Олар бұл мәселені әлденеше рет көтеріпті. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігімен арадағы салалық келісімде директорлар кеңесі құрамында кәсіподақ өкілі болуға тиістігі көрсетілген көрінеді. Нәтижесінде, қызметкерлерге қатысты қандай шешімдер талқыланып жатқанын ұжым алдын ала білмейді. Шешім қабылдауға қатыса алмайды. 

Енді ұжым оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Жақсылықовамен де қош айтысты. Директорлар кеңесі осы университетке 12 жыл ғұмырын арнаған, 3 ректор кезінде проректор болған, университеттің аккредитация сынақтарынан ұзақ жылдар бойы табысты өтіп келуіне үлес қосқан Гүлнәр Әділханқызымен арадағы еңбек шартын бұзу туралы шешімді 21 желтоқсанда қабылдап қойыпты.

"Гүлнар Жақсылықованың қандай негізбен жұмыстан қуылғанын түсіндірмеді. Оның орнына бұған дейін университетте ғылыми жұмыс жөніндегі проректор болған, алайда қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін қызметінен кеткен адамды отырғызды. Артынша оны университеттің стратегиялық даму орталығының басшысы етіп те тағайындады. Бұл ретте ол кісінің университетте, жұмысында жүргенін ешкім көрген жоқ. Ал одан басқа әкімшілік-басқарушылық персоналдың бәрі жұмыс орындарында отыр. Комиссия қорытындысында айтылғандай, жаңадан тағайындалған проректордың басшылық лауазымдардағы жұмыс өтілі 1 жыл 3 айды құрайды. Бірақ ұжымды басқа сауал мазалайды: лауазымынан қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін босатылған адам қалай проректор болған?" – деген Г.Утенова мұның меритократия қағидатына да қайшы екеніне назар аудартады.

Талай министрдің құлағын шулатқан...

Бір қарағанда, бұл шағым "домалақ арызға" ұқсайды. Дегенмен, соның өзі білім ошағында қандай ахуал қалыптасқанынан хабар беретіндей.

Жалпы, бұл осы университетке қатысты жалғыз жанжал емес. 2018 жылғы сәуірде, Білім және ғылым министрлігінің екі тексеруінен кейін "Астана" медициналық университеті бірден 117 студентін оқудан шығарып тастады. Олардың барлығы магистратура, резидентура және докторантураға түсу үшін жалған IELTS сертификаттарын ұсынған көрінеді. Бұған наразы жүзден аса жас сол кездегі БҒМ басшысы Ерлан Сағадиевті сотқа бермекші болды. Әйтсе де, IELTS базасында аты-жөні жоқ болғандықтан, салмақты қарсы дәйектеме таба алмаса керек.

Бұл ретте сарапшылар олардың барлығы бірдей сауатсыз болмауы мүмкіндігіне назар аудартады: араларында нағыз дарындылары, ғылымды ынты-шынтысымен таңдағандары болуы ықтимал. Бірақ жалған сертификат алуға жүгінуі олардың ағылшын тілін тиісті дәрежеде меңгермегенін паш етеді. Бұл әсіресе, дәрігерлер үшін кемшілік. Өйткені әлемде медицина саласындағы ең озық білім, ғылыми жаңалықтар алдымен ағылшын тілді басылымдар мен ресурстарда жарияланады.

Бұдан бөлек, биылғы тамызда АМУ-дің оқу бітірген студенттері дипломдарын ала алмай жатқаны туралы Inbusiness.kz жазды. Соның кесірінен түлектердің біразы жұмысқа тұра алмады, енді бірі шетелде оқуын жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұны "Астана" университетінің аккредитациясының мерзімі біткенімен түсіндірді. ЖОО өз сайтында аккредитациясының барын көрсетті. Қазіргі уақытта "Астана медицина университеті" акционерлік қоғамының "АМУ" коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылуына байланысты онда барлық нормативтік-құқықтық құжаттарды жаңарту науқаны жүргізілуде.

Елордалықтар бұл ғылым ордасында қолайлы ахуал тезірек орнауына тілектес. Себебі, АМУ ғалымдары мен интерндері Нұр-Сұлтанның клиника-ауруханаларында жұмыс істейді. №2 қалалық көпбейінді ауруханада университет кафедраларының бөлімшелері ашылған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу