Дипломды күте көзі талды

7905

Оқу бітірген студенттер құжатын ала алмай жатыр. 

Дипломды күте көзі талды

Жоғары оқу орындары қашықтан оқыту режимінде қалыпты жұмыс істеуге қауқарсыз болып шықты. Соның бір дәлеліндей, ұзақ жылғы оқуын тәмамдаған шәкірттер университеттерден соны дәлелдейтін тілдей қағазын ала алмай жүргеніне шағымдануда. Салдарынан, біразы жұмысқа тұра алмаған. Ал енді бірі шетелде білім алу мүмкіндігінен қағылды.

Елордадағы беделді "Астана" университетін бакалавр бойынша бітірген Шынар Молдахан осындай қиындыққа кезігіпті.

"Дипломымды ала алатын емеспін. Әбден мазам кетті. Соның кесірінен не мемлекеттік тестілеуді тапсыра алмадым, не жұмысқа орналасу мүмкін емес. Тіпті дамиын, оқиын десең, ол жол да жабық. Барлық жерде бетімді қайтарады, бәрінің айтатын себебі бір: диплом керек. Университет әкімшілігінің табалдырығын тоздырдым, ондағылар әлдебір бланк жоқ, білім министрлігінің соны беруін күтіп отырмыз дейді. Неге министрлік сол бланкті беріп қоймайды?! Студенттерде еш кінә жоқ, біраз жыл іздендік, тер төктік, барлық талапты орындадық. Ақылы оқитынымыз сұраған оқу ақысын уақытылы төлеп тұрдық. Енді диплом беруін зарыға күтіп жүрміз. Күтуден жалықтық", – дейді Шынар.  

Осы ғылым ордасының түлектеріне әлі де күте тұруына тура келуі мүмкін. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз блогында "суық хабар" жариялады.

"Қазіргі уақытта "Астана" университетінің аккредитациясының мерзімі бітіп қалды. Сондықтан қайта аккредиттеуден өту үшін университет "Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы" мекемесімен келісімге отырды. Яғни, ЖОО аккредитациялық қызметтер көрсетуге тапсырыс берді. Мемлекеттік үлгідегі дипломдардың бланкілері тек университет сол аккредиттеуден өткеннен кейін ғана беріледі", – деді министр.

Тағы бір түлек Динара Тілемісова биыл шет тілдері мамандығы бойынша ЕҰУ магистратурасын аяқтаған екен.

"Дипломымызды 16 шілдеде берді. Кейбір студент 22 шілдеде поштамен алған. Мұны "дипломға қосымшада қателік кетуіне байланысты" деп түсіндірді. Мен биыл Германияның университетіне құжатымды тапсыруды жоспарлағанмын. Бірақ еуропалық ЖОО тек 15 шілдеге дейін қабылдады. Бізде дипломдардың кеш берілуі салдарынан одан қалып қойдым. Қазіргі кезде мемлекеттік грантқа бюджеттен жұмсалған қаражатты өтеу үшін мектепте мұғалім болып жүрмін", – дейді Динара.

Дегенмен, ол оқуын жалғастырып, Еуропаның білім шыңын бағындыруға келесі жылдары талаптанып көрмек.

Жас дәрігерлер неге наразы?

Интернатура түлектері де денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хат жазыпты. Өйткені олар резидентураға түсуде кедергіге жолықты.

"Қазақстанның бірқатар университеті жоғарғы білім туралы дипломды мерзімінен кешігіп берді. Мәселен, Қарағанды медицина университетінде диплом табыстау 17 шілдеде басталды. Бұрын студенттер ол құжатты 2020 жылғы 30 маусымда алатыныны көрсетілген болатын. Қазақстан-Ресей медициналық университеті дипломды тек 20 шілдеде ұсынды. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті 18 шілдеде ішкі қосымшасыз тапсырды. Дипломмен бірге ЖОО-лар арнайы өкім таратуға кірісті. Оған сәйкес, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарына жіберілген 2020 жылғы түлектер дереу, 22 шілдеден бастап сол өңірлерде қандай да бір қызметке кірісіп кетуге тиіс болды", – дейді хат иесі Азамат Тұрдыметов.

Бұл пандемияға байланысты болса керек. Өйткені ол кезде өңірлердің біразында COVID-19 індеті өршіп тұрған болатын.

Ал негізі, клиникалық тәжірибеге жіберілу үшін түлектерге "маман сертификаты" қажет еді. Оны алу үшін түлектер eGov.kz немесе elicense.kz порталдары арқылы өтініш беріп, 5 күн күтуі керек. Алайда дипломдарының қолына кеш тиюі салдарынан оған мүмкіндігі болмапты.

6 облыстан өзге өңірлерге жолданған түлектерден 1 тамыздан бастап жұмысқа орналасу талап етілген екен. Сонымен бірге резидентураға түсуге құжат тапсырғандардан жіберілген жерінде жұмысқа тұрғаны туралы анықтама алып келу талап етіле бастапты. Бұрын резидентураға түсу үшін қажет құжаттар тізімінде ондай анықтама болмайтын. Түлектер мұның не үшін қажет болғанын түсінбейді.

"Осы қысқа уақыт ішінде түлек жұмыс таба алғанның өзінде резидентураға түскеннен кейін бәрібір ол жұмысынан шығады. Себебі, резидент оқу кезінде бірде-бір ұйымда жұмыс істемеуге құқылы. Бірақ Қазақ ұлттық медициналық университеті, Астана медициналық университеті секілді бірқатар медициналық ЖОО-лар COVID-19 сырқаттарын емдеуге тартылған медұйымдарда 4 ай міндетті түрде жұмыс істеу шартын қойып отыр. Біз індет ошағында жұмыс істеуден бас тартпаймыз, бірақ провизорлық және инфекциялық ауруханаларда жұмыс орны шектеулі", – дейді хат жазған интернатура түлектері.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті мәселе барын жоққа шығармады.

"Түлектер кешігіп болса да, дипломын алды, енді сертификацияға құжат тапсыра алады. Дипломын ала алмағаны болса, өз ЖОО-сына хабарласуы керек. Университеттерге дипломдар мен ішкі қосымшасын тездетіп табыстау туралы нұсқаулар берілді. Ары қарай резидентураға түсетін түлектерді аурухана әкімшілігі емтихан күні жұмыстан босатуға тиіс. Біз облыстар мен республикалық маңызды қалалардың денсаулық сақтау басқармаларын резидентураға түсушілерді емтиханға босату керектігі туралы құлақтандырамыз", – деді ДСМ департаменті.

Оның түсіндіруінше, резидент-дәрігер енді жұмысы мен оқуын қатар алып жүруіне, халыққа медкөмек көрсетуге қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте ол аурухана-емханада 0,5 ставкамен жұмыс істей алады.

Министрлік медуниверситеттерге нұсқаулық хат бағыттапты. Ол бойынша COVID-19 пандемиясы кезеңінде медициналық көмек көрсеткен жас мамандарға 2020–2021 оқу жылында резидентураға түсу емтиханында міндетті түрде қосымша балдар берілетін болды.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу