Алдағы жазда дипломы бар қазақстандықтардың тізімі жариялана бастайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11956

Елімізде жалған дипломдарды анықтау үдерісі жаңа деңгейге шығады.

Алдағы жазда дипломы бар қазақстандықтардың тізімі жариялана бастайды Фото: bnews.kz

Білім және ғылым министрлгі осы жазда цифрландырылған дипломдар жүйесі іске қосылатынын жариялады.  Маманның жоғарғы оқу орнында оқып, оны табысты бітіргенін растайтын дипломдар туралы деректер базасы жыл сайын қазақстандықтардың шамамен жарты миллиард теңгедей қаражатын үнемдеуге тиіс.

"Жоғарғы білім туралы дипломдар – Қазақстандағы үлкен коррупциялық тәуекел. Интернетте дипломдар саудасы туралы хабарландыруды көруге болатыны, олардың метро ішінде, басқа да жасырын жерлерде сатылатыны құпия емес. Сондықтан біз бүгінде Қазақстанда берілген барлық дипломдарды, олар туралы тарихи деректерді жинап, цифрландырудамыз. Әзірге электронды түрге көшірілгендерінің көлемі көп емес. Бірақ бұл жұмысты жалғастырудамыз және университеттермен жұмыс жүргізудеміз", – деді білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.

Ол бұл жүйе пилоттық жоба түрінде елімізде осы жылы қолданысқа енгізілетінін жеткізді.

"Биылғы екінші жартыжылдықта, жазда-ақ бұл жобаны іске қосамыз. Нәтижесінде, кез келген жұмыс беруші, кәсіпкер, кәсіпорын соның көмегімен деректер базасына қосылып, өзіне жұмысқа алғалы тұрған кандидаттың немесе лауазымды қызмет атқаратын тұлғаның дипломының растығын не жалғандығын онлайн режимде тексере алады", – деді вице-министр.

БҒМ мәліметінше, болашақта қазақстандық барлық ЖОО әр жылдары берген дипломдар тегісімен цифрландырылады деп күтілуде. Қазақстанда тұңғыш жоғарғы оқу орны – педагогикалық университет 1928 жылы ашылғаны белгілі. Содан бері мемлекетімізде жүздеген жаңа жекеменшік ЖОО-лар пайда болды, олардың біразы бертінде жабылып қалды, талайын министрліктің өзі күштеп таратты. Осы орайда сарапшылар кеңес кезінде де, тәуелсіздік жылдары да біраз құжаттардың жоғалып қалғанын еске салады. Демек, білім шенеуніктері дипломдар туралы тарихи құжаттардың барлығын бірдей таба алмауы да ғажап емес. 

Бірақ БҒМ "электронды күнделік" секілді бизнеспен бірге монетизациялауға болатын кезекті жобаға үлкен ынта білдіріп отыр. Және оның қарапайым халыққа да пайдасы зор боларына бек сенімді.

"Бұл жоба не береді? Біріншіден, жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушіге дипломның нотариус растаған көшірмесін апарып жүрудің қажеті болмай қалады. Осының өзі азаматтардың жыл сайын шамамен жарты миллиард теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Әйтпесе, қазір қаншама адам жұмысқа тұрған сайын дипломын растап, нотариустар қызметіне шығындалуға мәжбүр", – дейді Рүстем Айдарбекұлы.

Қандай да бір алаяқтар әлдебір кандидатты жолдан шығарып тастау үшін бұл жүйеге бұзып кіріп, оның дипломы туралы ақпаратты өшіріп тастауы мүмкін ғой? Дегенмен, БҒМ-ның биік лауазымды өкілі мұны жоққа шығарды: оны болғызбау үшін блокчейн қолданылатын көрінеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – блоктар тізбегі болады және олардың әрқайсысы уақыт таңбасын иеленеді, оның үстіне әр блокта алдыңғы блокка сілтеме жасалады. Тиісінше, егер қандай да бір ақпарат (блок) жасанды түрде жойылса, ол әшкере болып қалады.

"Деректер базасы оған сырттан араласу мүмкіндігін болдырмау мақсатында блокчейн технологияларына негізделетін болады. Ертең әлдекімдер "Рүстем Биғари орталықта отырып алып, қандай да бір дипломды базаға өз бетінше енгізе салады" деп айтпас үшін мәлімдеймін: блокчейн технологиясында мұндай мүмкіндік жоқ. Өйткені онда барлық цифрлық іздер мүлдем айқын болады және кез келген өзгерістер, болмаса, диплом туралы жазбаға қатысты манипуляциялар барлығына көрінеді", – деді вице-министр. 

Министрлік осы жүйенің ендірілуі жалған, сатып ала салған дипломмен жұмысқа орналасқан, алайда кейіндері өз саласында жақсы жағынан танылып, үздік атанған мамандарға қауіп төндіретінін мойындады. 

"Әрине, мұндай тәуекелдер де бар. Бірақ басты міндет – ең алдымен білім жүйесін мөлдір ету болып табылады. Салада бұрыннан жұмыс жасап жатқандар туралы айта алмаймын. Ал менің міндетім – шынайы, адал жолмен алынған дипломдарды цифрлап шығу болады. Сонда қолданыста жүрген дипломдардың қайсысы рас, ал қайсысы – жалған екенін бәріміз білетін боламыз", – деп түйді Рүстем Биғари.

Бұл салада біраздан реформа жүруде. Соның нәтижесінде, 2021 жылдан бастап, Қазақстанда жоғары білім туралы диплом жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайтын болып қалады. Өйткені диплом сыртында ЖОО түлектерінен жұмыс беруші біліктіліктің тағайындалғаны туралы сертификатты да талап ететін болады. 

Себебі, отандық барлық ғылым ордаларының әрқайсысы өзінің төл үлгісіндегі дипломдарын беруге көшеді. Яғни, қазіргідей ортақ мемлекеттік үлгідегі диплом беру тәжірибесі жойылады.

Мемлекет бұған амалсыздан баруда. Отандық жоғарғы білім сапасының сын көтермейтіні сонша, қазақстандық дипломды дамыған елдер түгіл, тіпті Ресей де мойындамайды. Ал сертификаттау жүйесі жоғарғы білім сапасын қамтамасыз ететін шара ретінде енгізілмек.

Сарапшылар бұл бағытта да проблемалар жетіп артылатынына назар аудартады. Мәселен, кәсіби стандарттардың саны жеткіліксіз. Яғни, кейбір мамандықты бітіріп шыққан түлектің біліктілігін бағалаудың ортақ өлшемшарттары жоқ. Бұдан өзге, сертификаттаумен айналысатын арнайы орталықтардың саны тым аз, барында кадр тапшы. Сондықтан БҒМ-ға сертификаттауды енгізуді 2021 жылға қалдыруға тура келген. Дипломмен қатар біліктілік сертификатын талап ету сынақ ретінде медициналық салада, бірқатар заңгерлік бағыттарда, аудиторлар арасында ендірілуде екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу