Бизнес пен банк білімге қаржы салғысы келмейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2946

Білімге салынған инвестицияның үштен бірі Түркістан облысына тиесілі.

Бизнес пен банк білімге қаржы салғысы келмейді

Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция былтырғы бірінші тоқсандағыдан 11,1%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде білім саласына салынған инвестиция өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда керісінше 9,2%-ға азайып, 23,2 млрд теңгені құрады. Былтыр бірінші тоқсанда білімге салынған инвестиция жалпы инвестицияның 1,3%-ына тең болса, биылғы бірінші тоқсанда көрсеткіш 1,1%-ды ғана құрап отыр. Республика бойынша жалпы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2017 жылы өзгеріссіз қалғанын есептемек, жалпы 2014 жылдан бері тұрақты өсіп келеді. 2014 жылы республика бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 0,9 трлн теңге болса, 2015 жылы 1 трлн теңге, 2016 және 2017 жылдары 1,2 трлн теңге болып, 2018 жылы 1,9 трлн теңгеге бір-ақ көтерілсе, 2019 жылы көрсеткіш 2,1 трлн теңгеге жетті.

Ал білім саласы негізгі трендтен айтарлықтай алшақ. 2014 жылдың бірінші тоқсанында 18,9 млрд теңге болған инвестиция 2015 жылы 16,7 млрд теңгеге азайып, 2016 жылы 17,5 млрд теңгеге, артынша 2017 жылы 21 млрд теңгеге және 2018 жылы 25,5 млрд теңгеге жеткенімен, биыл алғашқы үш айда қайтадан 23,2 млрд теңгеге төмендеп отыр.

Салаға салынған қаражаттың азайып кетуіне негізінен бизнестің салған өзіндік қаражатының азаюы түрткі болды. 2018 жылы білім саласындағы кәсіпорындар 10,3 млрд теңге өзіндік қаражатын құйса, биыл көрсеткіш 8,65 млрд теңге ғана.

Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер де білім ошақтарына беретін қаражатты әжептеуір азайтқан. Былтыр үш айда 6,84 млрд теңге инвестиция салған жергілікті бюджет биыл білімге тек 6,16 млрд теңге ғана қаржы бөлген.

Сонымен қатар банктер былтыр үш айда 0,83 млрд теңге несие бөлсе, биыл әзірге мүлде несие бермеген. Банктерден басқа жерден алынған қарыздар да былтырғы 0,92 млрд теңгеден биыл 0,02 млрд теңгеге азайып отыр.

Білімге қаржы бөлуді көбейткен тек республикалық бюджет қана. Былтыр орталық органдар салаға 6,65 млрд теңге инвестиция салса, биыл көрстекіш 8,35 млрд теңгеге жетті.

Өңірлер бойынша білімге ең көп ақша салған өңір -Түркістан облысы. Оңтүстіктің білім ошақтарына 5,7 млрд теңге салынып, бұл республика бойынша жалпы көрсеткіштің 24,6%-ын құрап отыр.

Одан кейін Нұр-Сұлтан мен Алматы облысы да тиісінше 3,3 млрд және 3 млрд теңгеден қаражат алған. Осы үздік үштік республикадағы білім саласына салынған инвестицияның тең жартысын иеленіп отыр.

Ал үздік бестікте бұл үшеуден басқа Алматы мен Шымкент қалалары  бар. Әрқайсысына 1,8 млрд теңгеден қаржы салынған.

Білімге "көңіл бөлмейтін" өңірлердің көш басында Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстары. Батыстың қос облысында үш айда білімге салынған қаражат небәрі 47,3 млн және 85,6 млн теңге ғана.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу