Жаңа дүниежүзілік дағдарыс Қазақстанға қалай әсер етеді?

7754

Қазақстан экономикасына жасалған болжамдар.

Жаңа дүниежүзілік дағдарыс Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов болжам жасау үшін үш нәрсеге көңіл аудару қажеттігін айтты. Әуелі, 2018 жылдың есептік-статистикалық деректері мен 2019 жылдың экономикалық дамуының қорытындыларына көз жүгірту керек. Содан кейін, әлемдік экономиканың өсуіне көңіл аударған жөн. Үшінші, әлемдік тауар нарығындағы үрдістерге де зер салу қажет. 

Есептік-статистикалық деректерге қарасақ, Дүниежүзілік банк 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 4,0% мөлшерінде болады деп болжаған. Дегенмен, нақты көрсеткіш сәл де болса жоғарырақ – 4,2% болды. Инфляция деңгейі 5,4%, яғни еліміздің экономика министрінің айтуынша, нысаналы дәлізде қалды, ал инвестициялар 11,3% өскен.

Дүниежүзілік банк 2020 жылы еліміздің ЖІӨ сәл төмендеп, 3,7% болады деп отыр. Банк сарапшыларының әзірлеген баяндамасында 2020 жылы экономиканың өсу қарқыны біршама бәсеңдейтіні баса айтылған, өйткені уақыт өткен сайын фискалдық ынталандырудың оң әсері төмендейді, ал әлсіреген сыртқы орта экономикалық күйзелістерге осалдықты ұлғайта түседі. Баяндамада 2020 жылы жаһандық экономиканың өсуі біршама күшейетіні болжанған. 

Алайда, соңғы кездері РИА Новости тәрізді ресейлік БАҚ осы Дүниежүзілік Банкке сілтеме жасап, 2020 жылы әлеме орасан зор қаржы дағдарысы болатынын жарыса жазуда. Олардың хабарлауынша, болашақ проблеманың негізгі себебі – әлем бойынша жеке және мемлекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің өсуі. Яғни, қарыз алу қазіргі уақытта дүние жүзінде рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Дәлірек айтқанда әлемдегі қарыз – 246 трлн АҚШ доллары. Борышқа бату – әлемдегі барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен. Дамушы елдердің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда сегіз жыл ішінде 168%-ға өскен. 

Келе жатқан дағдарыс 10 жыл бойы қарыз беруді үдеткен Қытайда басталуы мүмкін дейді БАҚ. ҚХР өтелмеген қарызы 20 трлн доллардан асып, Қытайдың ЖІӨ-ге қатынасы 255% құраған. Сол себепті, әлемдегі ең үлкен корпоративтік қарыз кесірінен Қытай жаңа жаһандық экономикалық дағдарыс ошағына айналуы мүмкін екені айтылуда.

Еске сала кетсек, әлемдік экономикадағы дағдарыс соңғы рет осыдан 12 жыл бұрын бүкіл әлемді шарпып өткен еді. Оған Америка Құрама Штаттарындағы ипотекалық дағдарыс себеп болды. Сол кезде несиелерге деген сұраныстың күрт төмендеуіне байланысты, АҚШ банктері қарыз алушыларға қойылатын талабы төмен субстандартты несие ұсынды. Нәтижесінде, банктің бұл құралы ипотекалық несиелердің жаппай кешіктірілуіне ұласып, бірқатар ірі банк банкротқа ұшырады. 

Ол дағдарыс Қазақстанды айналып өтпегені есімізде. Мамандардың есебінше, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, 642 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан, ресми жұмыссыздық 7%-ға жеткен. Республика бойынша өндіріс көлемі де төмендеген.

Дүниежүзілік Банктің экономикалық баяндамасында Еуропалық Одақта (ЕО), Қытай мен Ресейде экономикалық өсім күтілген мөлшерден төмен болса, онда бұл Қазақстанның экспорттық тауарларына деген сұраныс пен олардың бағаларына да жағымсыз әсер етуі мүмкін екені айтылған. Несие алуға корпоративтік сектор тарапынан сұраныстың азаюы мен банктердің тәуекелге баруға ықтиярының болмауы – экономикалық өсімнің төмендеуіне әсер етеді.

Дегенмен, осы баяндамада Қазақстанның Қытай, Еуропа және Орталық Азия нарықтарына жақын орналасуы және олармен сауда қарым-қатынасын жандандыруы – елдің экономикалық өсуі мен экономиканы әртараптандыруына мүмкіндік беретіні де сөз болды.

"Экспорт саласындағы қазіргі динамика мен проблемаларды түсіну – экспорттың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қажетті стратегиялық шешімдер қабылдаудың кілті. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан сауда-саттық жасауды жеңілдету, шетелдік тікелей инвестицияларды тарту мен оларды ұстап тұру және жаһандық жеткізілім тізбегіне қатысуды арттыру саласындағы реформаларды тереңдете алады", – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Самсу Рахарджа. 

Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экспорттық жеткізулерге қатысты жылдық есебінде Қытайды "ерекше жұмыс істеуді талап ететін бағыт" деп атап, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия елдерімен қатар, бұл бағытта дайын өнімдерді сатуды арттыру қажеттігін айтты. 

"Қытайға тауар шығаруды арттыра береміз. Қазақстан Қытайға 1,3 млрд долларға 60 түрлі тауар жеткізуге келісті. Сондай-ақ 13 қазақстандық өндірушінің өнімі ұсынылды. Қазіргі уақытта екінші қазақстандық бөлім ашу мен тауарлар желісін кеңейту қарастырылып жатыр", – деді сауда министрі.

Ал экономика министрі Руслан Дәленовтің мәліметінше, еліміздің ЖІӨ-нің өсуі 2020 жылы 4,1 % деңгейінде болады. Ал 2024 жылы ол 4,7%-ға дейін өседі. Орташа өсу қарқыны 5 жылда 4,4 %-ды құрайды. 2020-2021 жылдары инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 % деңгейде сақталады. Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 млн тоннаға, 2024 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Республикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы 8 трлн теңге, 2021 жылы 8,6 трлн теңге, 2022 жылы 9,4 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Бюджет тапшылығын 2020 жылы ЖІӨ-нің 2,1%-ы, 2021 жылы 1,5%-ға дейін және 2022 жылы 1%-ға дейін төмендетілген мөлшерде белгілеу көзделеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу