Қазақстан Қытайға 1,3 млрд долларға 60 түрлі тауар жеткізбек

6421

Сауда және интеграция министрі экспорттық жеткізулерге қатысты есеп берді.     

Қазақстан Қытайға 1,3 млрд долларға 60 түрлі тауар жеткізбек

Бақыт Сұлтанов баяндамасын отандық тауарларды шетелге шығаруда орын алып жатқан мәселелерден бастады.

"Экономиканы әртараптандырумен қатар, сауда-саттық құрылымын өзгерту қажет. Биыл өткен 10 ай ішінде шикізаттық емес өнімдерді 6 млрд долларға экспорттадық. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға төмен. Бұл 425 млн доллары. Сыртқы сауданың бұлай төмендеуінің бірқатар оъективті, түсінікті себебі бар. Мысалы, ArcelorMittal компаниясындағы апат салдарынан кейбір өнімдер экспортқа шықпай қалды. Сондай-ақ кейбір компаниялардағы техникалық жөндеу жұмыстары тауарды экспортқа қажетінше шығаруға кедергі келтірді. Алпауыт мемлекеттердің бір-біріне экономикалық санкция салуы да сыртқы нарықтағы сауда қатынастарын теріс нәтижеге жетелеуде", - деді ол.

Сауда және интеграция министрі отандық өнімді экспорттауда қандай шара атқарылып жатқанын да айтып берді.

"Министрліктің мақсаты – біздің кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарды ашып, мүмкіндіктерін ұлғайтуға ықпал ету. Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ елдері, Швейцария тәрізді көптеген мемлекетте кездесу өткіздік. Жалпы сомасы 2 млрд доллар болатын тауарлардың 263 түрін шығаруға келістік. Ресейге 250 млн долларға аккумулятор, металл құбыр, болат өнімдері тәрізді 87 тауар түрін шығарамыз. Ең жақын әріптесіміз – Орталық Азия елдеріне жарты млрд долларға дәрі-дәрмек, тыңайтқыш сынды 236 өңделген өнім жөнелтеміз. Министрлік өткізген бес жүзден астам кездесуге үш жүздей отандық компания қатысты. Атқарылған жұмыстың нәтижесінің болуын біз қадағалап отырамыз. Осы іс-шаралар аясында 300 млн долларға 61 экспорттық келісім жасалды. Қазақстандық 13 экспорттаушы 105 млрд теңгенің өнімін экспорттайды", - деді министр.

Бақыт Сұлтанов Қытаймен арадағы сауда айналымына айырықша тоқталды.

"Қытай ерекше жұмыс істеуді талап ететін бағыт. Қытайға тауар шығаруды арттыра береміз. Қазақстан Қытайға 1,3 млрд долларға 60 түрлі тауар жеткізуге келісті.  Сондай-ақ 13 қазақстандық өндірушінің өнімі ұсынылды. Қазіргі уақытта екінші қазақстандық бөлім ашу мен тауарлар желісін кеңейту қарастырылып жатыр. Ухани қаласын көрген басқа провинцияларда Қазақстанмен белсенді жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні 30-40 қазақстандық өндірушімен экспорттық келісімшарт жасау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде экспорттық жеткізумізді 3 млд доллардан арттыруға дайынбыз" – деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, елімізде онлайн сауда жасау арқылы тауар экспорттауға айырықша көңіл бөлінбек.

"Электоронды сауда үлесін 2025 жылға дейін жеке сауда айналымының 10%-ына дейін ұлғайту қарастырылуда. Бірқатар қазақстандық компанияны Alibaba, eBay тәрізді танымал электронды сауда алаңдарына шығару жоспарлануда. Жалпы экспорттық әлеуетімізді 41 млрд долларға жеткізуіміз керек. Орта және шағын бизнестің үлкен мүмкіндіктері бар. Ішкі нарық шағын болғанымен, шағын бизнес пен микро бизнеске азық-түлік өнімдерін шығару, туризм саласында жұмыс істеуге, шеберханалар ашып, кәдесыйлар жасап сатуға зор мүмкіндіктер бар", – деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу