Қытайлық жұптарға үшінші бала тууға рұқсат берілді

3548

Бірақ, коммунистік билік көп перзентті болуға қанша жол ашса да, туу көрсеткіштері бәрібір төмендеп, қоғам тез қартайып барады.  

Қытайлық жұптарға үшінші бала тууға рұқсат берілді

Қытай енді ерлі-зайыптыларға үшінші бала тууға заңды түрде рұқсат бермек. Себебі, демографиялық дағдарыс еңсерілмесе, бұл проблема елдің әл-ауқатының артуына және жаһандық ықпалының өсуіне қауіп төндіруі мүмкін.

Жұма күні салтанатты заң шығарушы орган Коммунистік партияның нұсқауларына сәйкес отбасылардың көлемін белгілеу бойынша ондаған жылдар бойы жүргізілген саясаттың бір бөлігі ретінде "Халық саны мен отбасын жоспарлау туралы" заңға өзгеріс енгізді. Бұл - соңғы алты жылдағы екінші өзгеріс.

1980 -ші жылдардан бастап Қытай ерлі-зайыптылардың көпшілігін бір баламен шектеді. Бұл саясат айыппұлмен салумен немесе жұмыссыз қалдыру қаупімен жүзеге асырылып, оның соңы зорлық –зомбылықтарға, мәжбүрлі аборт жасау оқиғаларының көбеюіне алып келді. Ұлдарды артық көрген ата-аналар қыз бала дүниеге келсе, оны тіпті өлтіруге дейін барып, жыныстар арасындағы баланс бұзылды.

Демографиялқ ережелер алғаш рет 2015 жылы екі балаға рұқсат беру үшін жеңілдетілді.  Өйткені, ол кезде шенеуніктер туу деңгейінің төмендеуі зардапсыз болмайтынын мойындады. Ең үлкен қорқыныш сол - Қытай бақуатты мемлекетке айналмай тұрып, қартайып кетуі мүмкін. 

Қытай ұзақ уақыт бойы өзінің "бір бала" саясатын әлемдегі халқы ең көп елде 400 миллион нәрестені өмірге келтірмеу арқылы ресурстарды үнемдеп, экономикалық өсімге ықпал етті деп мақтан тұтты.

Алайда, Қытайда туу коэффициенті Оңтүстік Кореядағы, Таиландтағы және  Азияның басқа да экономикаларындағы тенденциялардан қалыспай, "бір бала" ережесі енгізілгенге дейін-ақ төмендей бастады. Мәселен, Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1960 -шы жылдары қытайлық отбасыларда орта есеппен алты баладан дүниеге келсе, 1980 жылға қарай бұл көрсеткіш үш балаға дейін азайып кеткен.

Сонымен қатар, соңғы онжылдықта Қытайда еңбекке жарамды адамдардың саны азайып, халық саны әрең өсіп, қартайып бара жатқан қоғамдағы шиеленісті күшейте түсті. Он жылда бір мәрте жүргізілетін үкіметтік санақ халық санының өткен жылы 1.411 миллиард адамға жеткенін көрсетіп берді. Яғни, Қытай тұрғындары 2010 жылмен салыстырғанда 72 миллионға көбейген.

Соңғы статистика байқатқандай, өткен жылы мұнда 12 миллион нәресте дүниеге келді. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 18 пайызға аз: 2019 жылы Қытайда 14,6 миллион бала туған.

Саны 264 миллионға жеткен 60 жастан асқан қытайлықтар 2020 жылы ел халқының 18,7% -ын құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 5,44 пунктке көбейген. Ал, еңбекке қабілетті жастағы халықтың саны он жыл бұрынғы 70,1% -дан 63,3% -ға дейін кеміп кетті.

"Екі бала" ережесіне көшу туу санының уақытша өсуіне әкелгенімен, бұл саясаттың әсері көп ұзамай жойылып, жалпы туу көрсеткіштері қайта төмендеді.  Себебі, көптеген әйелдер тұрмысқа шығуға, перзент сүюге асықпайтын болды.

Жапония, Германия және басқа да бай мемлекеттер қартайған халқын асырау үшін жұмысшы тапшылығы проблемасына тап болды. Алайда, олар зауыттарға, технологияларға және шетелдік активтерге инвестиция тарта алады. Ал, Қытай табысы орташа ел болғандықтан, ауылшаруашылығы мен өңдеу саласына көп еңбекті қажет етіп отыр.

Бүкілқытайлық конгрестің тұрақты комитеті жұма күнгі сессиясында бұрынғы шектеулерді бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың күшін жойып, ата-ана демалысы мен бала күтіміне қосымша қаражат сұрады. Жоғарыда аталған түзетуге сәйкес, "отбасыларға жүктемені жеңілдету мақсатында" қаржы, салық, оқу, тұрғын үй және жұмыспен қамту салаларына жаңа шаралар енгізілуі керек.

Сонымен қатар, бұл заң жұмыс орындарында жүкті әйелдер мен жас аналарды кемсітушілікпен күресуді де көздеп отыр. Айта кетсек, осындай кемсітулер де үйдің тарлығы мен қымбатшылық тәрізді баланы көбірек тууға үлкен кедергі.

Қытайдың еңбек ресурстарында әйелдердің саны көп болғанымен, нәзік жандылардың, әсіресе, балалы әйелдердің 8,4%-ы ғана жоғары және орташа провинциялық деңгейлердегі басшылық лауазымдарды иеленеді. Алдағы онжылдықта тізгінді қолына алатын жас партия лидерлерінің де тек 11% -ы ғана қыз-келіншектер екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу