Қазақ-Қытай шекарасындағы бейберекетсіздікті Үкіметке айтқанбыз. Бұл туралы "Iskermen" өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Тимур Жаркенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кеше Мәжіліс отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада "бейберекетсіздік" орнағанын мәлімдеген.
"Бюджет кірісін арттырудың сыры шекарада тәртіп орнатуда жатыр. Әсіресе Қытаймен шекараны реттеу керек. Ондағы нағыз бейберекетсіздік бәріне белгілі. Көліктер тексерілмейді, салық төленбейді. Қытайдың кеден органдары статистикадағы айырмашылық млрд-таған долларға жететінін көрсетіп отыр. Заңға бағынбайтын уәкілетті операторлар бар. Мемлекет салық түрінде ондаған млрд теңгеден айырылып жатыр. Бұлай болмайды", – деген еді Мемлекет басшысы.
Тимур Жаркенов шекарадағы мәселені заң аясында реттеу керегін, бұл экономика үшін маңызды екенін атап өтті.
"Әрине, мәселенің анық-қанығын білу керек. Заңсыздықтарды кімдер ұйымдастырғанын анықтау шарт. Менің ойымша, бұл салада тәртіп орнатылса, ол экономикаға оң әсерін тигізеді", – деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, бюджетке нақты қанша қаржы түспегенін мемлекеттік органдар анықтауы керек.
"Шекарада қомақты қаржы айналымы болғаны анық. Оны Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің үлесімен салыстыруға болады", – деді Тимур Жаркенов.
Ол Қытаймен шекарада кейбір компания басымдыққа ие болғанын, бұл бейберекетсіздікті Үкіметке айтқанын жеткізді.
"Біз Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға хат жібергеміз. Онда шекарадағы кейбір жағдайларға назар аударып, тиісті жұмыстарды жүргізу керегін жазғанбыз. Бұл өткен жылдың соңында болған жағдай. Менің ойымша, мәселені шешу үшін мемлекет кедендегі жағдайды бақылауы керек. Ондағы қызмет көрсету рәсімдерін жеңілдетіп, барлығын цифрландыру керек. Ондағы қызмет түрлері қызмет алушыларға түсінікті болуы шарт", – деді басқармаға төрағасы.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымындағы деректердің айырмашылығы бұрыннан бар. Мұны 2017 жылғы маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген.
"Қытайдың шекара қызметінің дерегінше, қос ел арасындағы тауар айналымы 46%-ға, қазақстандық деректер бойынша 30%-ға өскен. Мұндай айырмашылық неден туындағанын білмеймін. Мәселе әртүрлі есептеу әдісінде шығар", – деген еді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Осыған дейін Қытайдан тауар жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер жанайқайын жеткізген еді.
Дәурен Ерболат