Байден ұйғырлардың құлдық еңбегімен өндірілген өнімді импорттауға тыйым салды

3246

Бұдан былай америкалық кәсіпкерлер Шыңжаңнан әкелінген тауарды Құрама Штаттарға кіргізу үшін сол өнімнің еңбекке мәжбүрлеумен әзірленбегенін дәлелдеуге міндетті.  

Байден ұйғырлардың құлдық еңбегімен өндірілген өнімді импорттауға тыйым салды

Бейсенбі күні Президент Байден Ұйғырларды еңбекке мәжбүрлеуге жол бермеу туралы Заңға қол қойды. Бұл – екіпартиялық заң. Оған сәйкес, кәсіпкер Шыңжаңнан әкелген тауарының біреуді күштеп жұмыс істету арқылы өндірілмегенін дәлелдеуі керек. Сонда ғана ол өнім Құрама Штаттар аумағына ене алады.

Конгрестің Өкілдер палатасы мен Сенат бұл шешімді өткен аптада қабылдады. Екі тараптың да заң шығарушылары Байденнің халықаралық заңға қол қоюына қошемет білдірсе, заң авторларының бірі демократ-сенатор Джефф Меркли АҚШ-тың Қытайда адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарамайтынын білдіру үшін "қуатты қоспартиялық белгі" жолдайтынын мәлімдеп отыр.

"Геноцид пен құлдық еңбек сияқты зұлымдық қай жерде орын алса да, Америка оларға қарсылық білдіріп, екі ойланбай дауыстап сигнал жеткізуі керек. Ұйғырларды еңбекке мәжбүрлеуге жол бермеу туралы құжат президенттің үстеліне жетіп, қол қойылып, заңға айналғандықтан, америкалық тұтынушылар мен кәсіпорындардың Қытайда адам құқықтарын сұмдық бұзу арқылы өндірілген тауарларды сатып алмайтынына кепілдік пайда болды", – дейді Меркли.

Байден Меркли мен осы заңның тағы үш демеушісі – Сенатор Марко Рубиоға, өкілдер палатасының мүшелері – Джим Макговерн мен Кристофер Смитке алғысын білдірді. Сонымен қатар Президент Нэнси Пелоси мен Сенаттағы көпшілік лидері Чарльз Э. Шумерге де осы істі алға ілгерілетуге қосқан үлестері үшін рахметін айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки мәлімдегендей, америкалық компаниялар "адам құқықтарын қорғап, репрессияларға қарсы тұрғаны үшін ешқашан кешірім сұрауды қажетсінбеуі керек".

"Осыған дейін де айтқанымыздай, біз барлық салаларды мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарларды сатып алмауға шақырамыз. Шындық сол, мәжбүрлі еңбекпен және өзге де адам құқығын бұзушылықтармен күреспейтін компаниялар Құрама Штаттарда, Еуропада және әлемнің өзге елдерінде салмақты заңдық, репутациялық, клиенттік тәуекелдерге тап болады", – дейді Псаки.

Жаңа заңның күші "барлық тауарларға, бұйымдарға, Шыңжаңда толық немесе жартылай өндірілген өнімдерге" жүреді. Айта кету керек, 2017 жылдан бері Қытайдың қиыр батысындағы кең байтақ аймақта ұйғырлар, қазақтар және өзге де этникалық топтар жаппай "қайта тәрбиелеуден" өткізілген.

1930 жылы АҚШ-та қабылданған тарифтер туралы заңға сәйкес, елге еңбекке толық немесе жартылай мәжбүрлеу арқылы әзірленген өнімді енгізу заңсыз болып саналады.

Ғалымдардың есебінше, Шыңжаңда 1 миллионнан астам адам лагерлерге қамалып, олардың кейбіреулері босатылса, өзгелері түрмелерге ауыстырылып, басқалары фабрикаларда жұмыс істеуге мәжбүрленген.

Өзінің адам құқықтары жөнінде наурызда жарияланған жыл сайынғы баяндамасында, Байден әкімшілігі Қытайдың ұйғырларға қатынасын геноцид деп атады. Осылайша, Құрама Штаттардың Шыңжаңдағы азшылық топтарды стерилизациялау және жаппай тұтқындау науқандарына қатысты ресми ұстанымы айқындалып отыр.

АҚШ әкімшілігіне сенсек, ұсталғандар кейде Шыңжаңның сыртына шығарылып, фабрикаларға, соның ішінде, тігін, тоқыма, электроника, күн энергиясы және автомобиль секторларына жұмысқа жегіледі.

Кейбір алпауыт корпорациялар болса, бұны растамай отыр. Apple, Nike және Қытайда өндірісі бар басқа да ірі фирмалар өздерінің өндірісінде немесе жеткізу тізбегінде еңбекке мәжбүрлеудің белгілерін таппағанын айтты.

АҚШ үкіметінің болжамынша, тау-кен ресурстарына бай Шыңжаңда еңбекке мәжбүрлеумен өндірілген тауарлар арасында шикі мақта, қолғап, қызанақ өнімдері, кремний мен вискоза, балық аулау құралдары мен күн энергиясының компоненттері бар. Бұл өңір, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп саласының отаны саналады.

Қытай Шыңжаңда тұрғындардың еңбекке мәжбүрленгенін талай рет жоққа шығарғанымен, биліктің сепаратизм мен діни экстремизмге бейім деген адамдарды "кәсіпке үйрету бағдарламасына" тартқанын мойындап отыр.

Тұрғындар орамал тартқаны, сақалын ұзын қылып өсіргені, екеуден артық бала туғаны, демалысын шетелде өткізгені үшін ұсталып, қамалған.

Өкілдер палатасының спикері Пелосидің мәлімдеуінше, ұйғырларды еңбекке мәжбүрлеу туралы заңды мақұлдай отырып, Байден мен Конгресс "Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекті пайдаланумен күрес жолында шешуші қадам жасады".

"Конгресс екіпартиялық және екіпалаталық негізде Қытай коммунистік партиясының Шыңжаңда адам құқықтарын бұзуын және Гонконгтан бастап Тибетке дейінгі аралықта заңсыздықтардың орын алуын талқылап, олармен күресуді жалғастыра береді. Егер коммерциялық мүддені ойлап, Қытайда адам құқықтарын қорғауды талап етпесе, Америка әлемнің кез-келген жерінде осындай құқықтарды қорғауға моральдік билігін жоғалтып алады", – дейді Пелоси.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу