Қытай үшін ғарыштық станцияның маңызы неде?

3211

Қытайдың өзі салып жатқан жаңа орбиталық ғарыш станциясына экипаж аттандыруы - өсіп келе жатқан космостық держава үшін тағы бір маңызды жетістік. Осыған қатысты негізгі оқиғалардың сипаты төмендегідей:  

Қытай үшін ғарыштық станцияның маңызы неде?

МІНДЕТ ҚАНДАЙ?

Үш адамнан тұратын экипаж алдағы үш айды "Тяньхе" немесе "Аспандағы гармония" атты станцияның негізгі тұрғын үй модулінде өткізуі керек. Олар ғылыми тәжірибелер жүргізіп, техникалық қызмет көрсетіп, ашық кеңістікке шығады және орбиталық бекетті келесі жылы екі қосымша модуль қабылдауға дайындайды.

Қытай ғарыштық станция құрылысында кешігіп қалғанын мойындағанымен, өз жабдықтарын озық деп есептейді. Сонымен қатар, оның бекеті қызмет мерзімі аяқталуға жақын Халықаралық ғарыш станциясынан ұзақ жасауы мүмкін.

Бейсенбідегі ұшырылым бес жылдық үзілістен кейін Қытайдың ғарыш бағдарламасының қайта жанданғанын әлемге паш етіп отыр. Осы үш астронавты қосқанда, Бейжің бас-аяғы 14 ғарышкерді орбитаға жіберген екен. Қытай мұндай ерлікке алғаш рет 2003 жылы барып, сол кезде бұрынғы Кеңес одағы мен АҚШ-тан кейінгі үшінші космостық державаға айналды.

ҚЫТАЙ НЕЛІКТЕН ҒАРЫШ СТАНЦИЯСЫН САЛЫП ЖАТЫР?

1990-шы жылдардың басында Қытай экономикасы қарқын ала бастаған шақта ғарышты игеру жоспарын тұжырымдап, сол жобаны мұқият әрі табандылықпен іске асырып  отыр. Халықаралық ғарыш станциясының жұмысына Қытайдың қатысуына тыйым салынды. Себебі, АҚШ-қа бұл мемлекеттің космостық бағдарламасының құпия сипаты мен әскермен байланысы ұнамады. Дегенмен, Қытай бәрібір өз станциясын салуы мүмкін еді. Өйткені, ол үлкен ғарыштық держава мәртебесіне ұмтылды.

Сәрсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Қытай ғарыш агенттігі директорының көмекшісі Джи Циминь Цзюцюань ұшыру орталығына жиналған журналистерге ғарыш станциясының құрылысы мен жұмысы Қытай технологиясын жетілдіріп, "барлық адамдар үшін тәжірибе жинауға көмектеседі"деп мәлімдеді.

Бұл ғарыш бағдарламасы Қытайды тіпті өршіл миссияларды орындау жолына қойып, Ресеймен, еуропалық елдермен, сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ғарыш мәселелері жөніндегі басқармасымен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

САЯСАТ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК

Қытайдың ғарыш бағдарламасы - ұлттық мақтаныштың ауқымды қайнар көзі. Өйткені, ол соңғы 40 жылда әлемнің екінші ірі экономикасының кедейліктен шыққанын білдіреді. Сонымен қатар, бұл бағдарлама коммунистік партияның авторитарлық билігін нығайтуға да көмектеседі. Себебі, экономика өсіп келе жатқанда, көптеген қытайлықтар саяси белсенділіктің шектелуіне төзуге дайын.

Ғарыштағы жетістіктер президент және партия басшысы Си Цзиньпинмен тығыз байланыста. Ал, Джи өзінің бір мәлімдемесінде Сиді Қытайды көкке жетелеуге бағытталған жаңартылған күн тәртібін анықтаушы ретінде сипаттады. Тағы бір айта кететін жайт, станцияға алғашқы сапар маңызды саяси оқиға - партияның келесі айда өтетін жүзжылдық мерекесі қарсаңыда жүзеге асырылып отыр.

Сонымен бірге, Қытай өзінің қарулы күштерін қарқынмен модернизациялап, көршілерін ғана емес, АҚШ пен НАТО-ны да алаңдата бастады. Бейжің теңдік пен өзара құрмет негізінде ғарышты бейбіт игеруді қолдаса да, көптеген адамдар 2007 жылдың қаңтарында болған бір жайтты ұмыта қойған жоқ. Сол кезде Қытай істен шыққан метеорологиялық спутникті жою үшін ғарышқа баллистикалық зымыран жіберді. Ал, осы операция барысында қалыптасқан қоқыс өрісі әлі күнге дейін қауіпті саналып келеді.  

АСТРОНАВТАР - КІМДЕР?

Осы миссияның 56 жастағы командирі Нье Хайшэн, оның 54 жастағы астронавт әріптестері Лю Бомин және 45 жастағы Тан Хунбо - халық-азаттық армиясы әскери-әуе күштерінің бұрынғы ұшқыштары және ғылыми дәрежесі мен үлкен ғылыми тәжірибесі бар ғалымдар. Барлық қытайлық астронавттар қарулы күштерден жалданып келеді. Осының өзі олардың ғарыштық бағдарламамен тығыз байланыста екенін көрсетеді.

Нье үшін бұл -  ғарышқа үшінші саяхат. Ал, Лю 2008 жылы ашық кеңістікке шыққан алғашқы қытайлық атанып, орбитаға екінші рет аттанып отыр. Ал, Тан 2010 жылы ғарышқа ұшуға кандидаттыққа таңдалып, бейсенбі күні бірінші рет космосқа самғады.

Шенеуніктердің айтуынша, қытайлық станцияға болашақта әйелдер де ұшып,  орбиталық бекетте жұмыс істеу миссиялары алты айға созылып, экипаж ауысу кезінде бұл станцияда алты астронавт болуы мүмкін.

Джи мәлімдегендей, шетелдік ғарышкерлердің станциядағы қытайлық әріптестеріне қосылуы – уақыттың еншісіндегі мәселе ғана.

ҚЫТАЙ ҒАРЫШТА ТАҒЫ НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

 Қытай роботтық ғарыш аппараттарының көмегімен Күн жүйесін зерттеуге батыл қадам басты. Өткен айда ол Марсқа "Юронг" ровері бекітілген зондты қондырды. Бұл ровер бірқатар зерттеулер жүргізіп, Қызыл планетада тіршілік болды ма деген сауалға жауап табу үшін онда су іздеп жатыр.

Мұның алдында Қытай Айдың аз зерттелген артқы жағына да зонд пен ровер отырғызды. Сонымен қатар, Қытай Айдың алғашқы үлгілерін Жерге алып келіп, келешекте сол Айға астронавттарын жіберіп, тіпті онда зерттеу базасын салғысы келетінін мәлімдеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу