Баяндама: Шыңжаңда бала туу көрсеткіші екі жылда 48 пайызға төмендеп кеткен

3482

Қытайдың басым бөлігінде әйелдер көп бала тууға үгіттеліп жатса, мұсылмандар тұратын аймақта ұрпақ өрбітуге шектеу қойылып отыр.  

Баяндама: Шыңжаңда бала туу көрсеткіші екі жылда 48 пайызға төмендеп кеткен

Қытайдың батыс шалғайындағы Шыңжаңда 2017 - 2019 жылдар аралығында туу деңгейі күрт төмендеген. Бұл турасында Австралия Стратегиялық Саясат Институтының (АССИ) жаңа баяндамасында айтылды.

Институт материалды көпке жария етпес бұрын Associated Press (АР) агенттігіне эксклюзивті түрде берген. Сараптамаға жүгінсек, бала туу көрсеткіші көптеген ұйғырлар, қазақтар және басқа да негізінен мұсылмандық этникалық азшылықтар шоғырланған аудандарда 48,74% құлдырап кеткен.  Тың сараптама Қытай үкіметінің он жылға жуық жүргізген статистикасына сүйене отырып жасалыпты.

Негізінен азшылықтар тұратын аудандарда туу көрсеткіштері тек 2017- 2018 жылдардың өзінде 43,7% -ға төмендеп, өмірге әдеттегіден 160 мыңнан астам сәби аз келген Ал, Қытайдың ханзулар көп қоныстанған аудандарында туу деңгейі сәл де болса өскені байқалып отыр.

АССИ-дің  зерттеушісі және сараптама авторларының бірі Натан Русердің сөзінше, БҰҰ-ның туу туралы әлем бойынша мәлімет жинай бастаған 71-жылдық тарихында бала туу көрсеткіштерінің мұнша құлдырауы тіпті азаматтық соғыс жүріп жатқан Сирияда да, Руанда мен Камбоджадағы геноцид кезінде де байқалмапты.

"Бір білерім - бұл ең үлкен құлдырау. Осының бәріне қарап, отбасын жоспарлау саясатының, қысымның, билік тарапынан бақылаудың ауқымын түсінуге мәжбүр боласыз", - дейді Русер.

AССИ-дің есебі AP –ның мақаласы мен өткен жылы неміс зерттеушісі Адриан Зенц жасаған баяндамадағы деректерді растап отыр. Онда Қытай үкіметі жүйелі түрде ұйғырлардың тууын стерилизация, аборт және жатырішілік құралдармен қысқартып, үш және одан да көп балалары бар адамдарға айыппұл салып, қамауға алғаны айтылған еді.

Қытай Сыртқы істер министрлігі мен Шыңжаң үкіметі бұл мәселеге қатысты шетелдік журналистерге түсініктеме бермеді. Алайда, Зенц пен AССИ Бейжің тарапынан  жиі шабуылға ұшырап отырғандарына және өздерінің АҚШ үкіметі мен басқа батыс елдерінің қаржыландыруына сүйенді деп айыпталғанына шағымданып отыр. Және де AP өзі келтірген көптеген сандардың Қытай үкіметінің статистикасына негізделгенін алға тартады .

Агенттіктің мәліметінше, соңғы төрт жылда Қытай билігі Шыңжаңның байырғы тұрғындары – түркітілдес ұйғырларды мәжбүрлеп ассимиляциялау науқанын қатал жүргізген. Сонымен қатар, шенеуніктер сепаратист-ұйғырлар бірнеше жарылыс жасап, пышақпен шабуыл жасағаннан кейін миллиондаған немесе одан да көп адамды жаңа салынған лагерьлер мен түрмелерге қамады. Бұл шаралар халықаралық санкцияларға себеп болды. Сәрсенбі күні Батыстың бірқатар елдері Қытайдың ұйғырларға қатысты саясаты бойынша БҰҰ-да іс-шара өткізбекші.

Шыңжаңның орталығындағы Корла қаласының тұрғыны – ұлты ұйғыр Ейса Имин өз ауданында көп бала туғаны үшін ұсталған сегіз адамды біледі. Бұл азамат 2017 жылы тергеу абақтысына тоғытылған кезде төрт балалы болғаны үшін қамалып, азапталған ескі сыныптасымен бір камерада жатқан.

"Олар оны тұтқындаған кезде, сенде экстремизмнің белгісі бар деген. Үкімет көп балалы болуды ислам экстремизмімен байланыстыра бастады. ... Олар бізді жойғысы келетін сияқты", - дейді Имин.

Сарапшылардың айтуынша, бала тууды бақылауды қатаңдату - шаралары Шыңжаңдағы азшылықтарды қорқыту саясатының бір бөлігі.

"Өзіңіздің немесе отбасыңыздың қамалуынан қорқып және өз басыңызды аман алып қалу үшін сіз көпшіліктің талабын орындайтын боласыз. Кез-келген қарсылықтың нышаны үшін қайта тәрбилеуге жіберілуіңіз ғажап емес", - дейді, Индианадағы Роуз-Хулман технологиялық институтының Шыңжаң бойынша маманы және профессор Тимоти Гроуз  АР –ға берген сұқбатында.

Қытай ондаған жылдар бойы әлемде аз ұлттарға жеңілдік жасаудың ең кең жүйесін жасап, оларды жұмысқа алу үшін квота енгізіп, колледжге барамын деушілерге оқуға түсу емтихандарында қосымша ұпайлар берді. Сонымен қатар, Коммунистік үкімет этникалық азшылықтарға екі-үш бала тууға рұқсат етіп, ханзулардың көпшілігін бір баламен шектеді.

Бұл артықшылықтар Қытайдың соңғы онжылдықтардағы ең авторитарлы көшбасшысы Си Цзиньпиннің басшылығымен жойылды. Мемлекет қолдауына ие болған ғалымдар болса, діни азшылықтардың үлкен отбасыларын терроризм мен экстремизм өсіп-өнетін орда деп қарастыруға үндеді. Ал, 2017 жылдың сәуірінде Шыңжаңның жоғары лауазымды шенеунігі осы аймақтың, әсіресе, ұйғырлар көп тұратын оңтүстігінде "баланы заңсыз тууды тиімді шектеуге" шақырды.

Қытай үкіметінің мәлімдеуінше, Шыңжаңда жасанды түсікке ешкім мәжбүрленбейді және ханзулар да, ұйғырлар да екі балалы болуға құқылы.

Алайда, азшылықтар тұратын округтерде туу көрсеткіштері шамамен үштен екіге төмендесе, Үрімшіде ханзулар көп қоныстанған аудандарда бала туу қарқын алғаны байқалып отыр. АССИ-дің өзге бір мәліметінше, Шыңжаң шенеуніктеріне тууды төмендетуге квота беріліп, отбасын жоспарлау мақсаттарына жете алмаған аудандардың басшыларына жаза қолданылып жатыр. Сонымен қатар, ұйғырлар тұратын уездерде туу көрсеткіші Оңтүстік Кореяның туу деңгейінен де азайып, әлемдегі ең төменгі дәрежеге түскен.

Сейсенбіде Қытай халқының соңғы онжылдықта әрең өскені белгілі болды. Ал, Шыңжаңдағы уездік деңгейдегі 106 әкімшілік бірліктің жартысына жуығы 2019 жылғы туу көрсеткіштері туралы статистиканы әлі жария етпеген.

 "Бұл статистика саяси проблемаға айналды. Оны жарияламау оңайырақ", - дейді Русер АР агенттігіне берген сұқбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу