Ким Чен Ын билігіне 10 жыл: Тазартулар, ядролық қарулар және Трамп дипломатиясы

3349

Бастапқыда тәжірибесіз көрінген Ким айбынды көкесі мен басқа да ықтимал қарсыластарын өлтіру немесе жоғары лауазымдардан аластату арқылы билігін тез мықтай білді.  

Ким Чен Ын билігіне 10 жыл: Тазартулар, ядролық қарулар және Трамп дипломатиясы

Жұма күні Ким Чен Ынның билікке келгеніне 10 жыл толады. Ол әкесі кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Корея тізгінін Кимдер әулетінің үшінші ұрпағы ретінде өз қолына алды.

Бастапқыда тәжірибесіз көрінген Ким айбынды көкесі мен басқа да ықтимал қарсыластарын өлтіру немесе жоғары лауазымдардан аластату арқылы лидерлігін нығайтуға дайындығын тез көрсетті. Сонымен қатар оның соңғы жылдағы алапат ядролық және зымырандық сынақтары көпшілікті екінші Корей соғысы басталады деген қорқынышты ойға жетеледі.

Ким бір кездері Батыспен тайталас тақырыбын ауыстырып, тіпті АҚШ Президенті Дональд Трамппен ядролық қарусыздану жөнінде маңызды саммиттер өткізді. Бірақ бұл дипломатия ұзаққа бармады. АҚШ бастаған санкциялар салдарынан ол жаңа дауларға ұласып, ақыры күйреп тынды. Содан кейін пандемия мен санкциялар проблемаларды тіпті ушықтырып, Ким Солтүстіктің шекарасын жауып тастап, дағдарыс дендеген мемлекет экономикасын түзетуге тырысып жатыр.

Ким билігі осы аптада екінші онжылдыққа аяқ басады. КХДР жетекшісі саясатының 2011 жылдан бергі маңызды сәттеріне назар аударсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Ықтимал ізбасар

Ким Чен Ын 1984 жылы қаңтардың 8-де дүниеге келді. Ол – әкесі Ким Чен Ир ұлдарының үшіншісі және кенжесі.

2010 жылдың қыркүйегі Мемлекеттік БАҚ-та Ким Чен Ынның есімі көпшілік алдында алғаш рет аталып, болашақ лидерге 4 жұлдызды генерал атағы берілді.

2010 жылдың қазаны Ким Чен Ын әскери шеруде балконда жүдеу әкесінің жанында тұрып, бірінші рет халықтың және әлем жұртшылығының көзіне түсті. Сол кезде ол алдынан сап түзеп өтіп бара жатқан сарбаздарға, танктерге, зымырандарға күлімсірей қарап, шапалақтап, қол бұлғағаны бар.

"Ұлы мұрагер"

2011 жылдың 17 желтоқсаны Ким Чен Ир 69 жасында дүниеден озды. Бірақ оның қайтыс болғаны туралы хабар екі күн бойы көпке жарияланбады.

2011 жылдың 19 желтоқсаны Ким Чен Ирдің қайтқаны жайлы хабар мемлекеттік телеарнадан арнайы түскі уақытта таратылды. Ал Ким Чен Ынның есімі Ұлттық жерлеу комитетінің тізімінде бірінші тұрып, мемлекеттік БАҚ оны "ұлы мұрагер" деп атады.

2011 жылдың 30 желтоқсаны Ким Чен Ын Солтүстіктің 1,2 миллион адамдық әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл – әкесі қайтқаннан кейін оның қолына тиген алғашқы жоғары лауазым. Келесі айларда Ким биліктегі Жұмысшылар партиясы мен Ұлттық қорғаныс комиссиясы сияқты басқа да негізгі ұйымдардағы басшылық қызметтерді иеленді.

Тазарту

2012 жылдың шілдесі Солтүстік Кореяның әскер қолбасшысы Ли Ён Хо Ким Чен Ынның тазарту шараларының алғашқы құрбандарының біріне айналып, жоғары деңгейдегі барлық лауазымдардан босатылды.

2013 жылдың желтоқсаны Кимнің құдіретті көкесі және бұрынғы тәлімгері Чан Сон Тхэк мемлекетке опасыздық, сыбайлас жемқорлық және басқа да айыптар бойынша өлім жазасына кесілді.

2015 жылдың мамыры Оңтүстік Кореяның барлау агенттігінің хабарлауынша, Ким Чен Ын өзінің Қарулы күштер министрі Хён Ён Чолды мемлекет лидері төрағалық еткен кездесуде шағымданғаны және ұйықтағаны үшін зениттік қарумен атып өлтіруге бұйрық берген.

2017 жылдың ақпаны Ким Чен Ынның бір әкеден туған ағасы Ким Чен Нам Малайзия әуежайында VX жүйке зақымдағыш агентімен жасалған шабуылдан қаза тапты. Екі азиялық әйел қамауға алынды. Бірақ Оңтүстік Кореяның барлау қызметі бұл қастандықтың артында Солтүстік Корея тұр деп есептейді. Солтүстік болса, өзіне тағылған кінәні мойындамады.

Ядролық амбициялар

Желтоқсан, 2012 жыл Солтүстік Корея орбитаға спутник шығарғанын мәлімдеді. Ал сырт көз үшін бұл – Пхеньянның ұзақ қашықтыққа арналған зымыранды алғаш рет сәтті ұшыруы еді. БҰҰ болса, жаңа стартты Солтүстік Кореяның тыйым салынған ракеталық технологияны сынауы деп сипаттады.

2013 жылдың ақпаны Солтүстік Корея үшінші рет ядролық сынақ өткізді. Бұл – Кимнің билігі кезіндегі алғашқы атомдық бомба жарылысы еді.

2016 жыл Солтүстік Корея тағы екі ядролық сынақ жасап, екінші рет спутникті сәтті ұшырды.

2017 жылдың 4 шілдесі Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық зымыранды алғаш рет ұшырды. Мұны Ким АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне арналған "сыйлықтар пакеті" деп атады. Солтүстік Корея 2017 жылы тағы екі мәрте баллистикалық сынады.

2017 жылдың тамызы Трамп Солтүстік Корея "әлем жұрты бұрын-соңды көрмеген от пен долы күшке тап болуы мүмкін" екенін ескертті. Бұған жауап ретінде Пхеньян іле-шала Вашингтонға АҚШ-тың Гуамына алапат зымыран жіберемін деп сес көрсетеді.

2017 жылдың қыркүйегі Солтүстік Корея өзінің алтыншы және бүгінге дейінгі ең қуатты ядролық сынағын жасап, бұл тәжірибеден баллистикалық зымыранға тағылатын сутегі бомбасының өткенін жариялады.

Дипломатия

2018 жылдың сәуірі Ким Чен Ын Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Инмен 1945 жылы екі мемлекет бөлінгеннен бергі үшінші саммитті өткізді. Содан кейін екі лидер тағы екі мәрте жүздесті.

2018 жылдың маусымы Ким Чен Ын мен Трамп 1950-1953 жылдардағы Корей соғысы аяқталғаннан бері АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары арасындағы бірінші саммитті өткізу үшін Сингапурде кездеседі. Ким қарусызданудың егжей-тегжейлі кестесін немесе жол картасын ұсынбай-ақ, Корей түбегін  ядролық қарудан толық тазарту жолында жұмыс істеуге сөз берді.

2019 жылдың ақпаны Ким Чен Ын Вьетнамның Ханой қаласында Трамппен екінші саммитте кездеседі. Ол форум АҚШ-тың Солтүстік Кореяға салған санкцияларына байланысты келіспеушілікпен аяқталды.

2019 жылдың маусымы Ким Чен Ын шиеленіскен Корея шекарасында Трамппен кездеседі. Бірақ олардың күтпеген үшінші жүздесуі келіссөздерге үлкен серпіліс әкелмеді.

Мойындау және АҚШ-пен тайталас

2021 жылдың қаңтары Ким Чен Ын Солтүстіктің Жұмысшылар партиясының соңғы бес жылдағы бірінші съезінде экономикалық даму жоспарлары сәтсіздікке ұшырағанын мойындады. Соған қарамастан Ким АҚШ-тың дұшпандығына наразылық ретінде елдің ядролық арсеналын кеңейтіп, бұрынғыдан да күрделі қару жасайтынын ескертті.

2021 жылдың сәуірі Ким Чен Ын елінің пандемия, тұрақты санкциялар және табиғи апаттар салдарынан "ең нашар жағдайға" тап болғанын мәлімдеді.

2021 жылдың қазаны Ким Чен Ын сирек кездесетін қару-жарақ көрмесі кезінде "жеңілмейтін" әскер құруға уәде берді. Жаңа армия АҚШ-қа жете алатын алыс қашықтыққа арналған зымырандар да иеленуі керек екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу