"Биологиялық Фукусима": Бразилия пандемияда АҚШ-ты басып озуға жақын

3292

Бұл мемлекет күніне коронавирустан 4 мыңнан астам адам жоғалтып, ғаламдық пандемияның эпицентріне айналып отыр.  

"Биологиялық Фукусима": Бразилия пандемияда АҚШ-ты басып озуға жақын

Бразилияда COVID-19-дан өлгендер саны күрт өсіп, бұл мемлекет көп ұзамай Америка Құрама Штаттарында қаңтарда тіркелген  рекордты бағындырады деген болжам бар.  Ғалымдар мұндай пайымды сейсенбіде  4000-нан астам тұрғын "ковидтың" құрбанына айналып, ауруханалар коронавирусқа шалдыққан науқастарды қабылдап үлгере алмай жатқандықтан айтып отыр.

Бразилия осы індеттен қайтыс болғандардың жалпы саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр: елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 337 000-ға жуық адам жан тәсілім етсе,  АҚШ-та 555 000-нан астамы қаза тауыпты.

Бірақ  Бразилияның Денсаулық сақтау жүйесі бетбұрыс кезеңін бастан кешіп жатқандықтан, елдегі COVID-19 құрбандарының жалпы саны АҚШ-тағы өлім-жітімнен асып кетуі мүмкін. Айта кетсек, бұл мемлекет тұрғындарының саны Америка Құрама Штаттары халқының үштен екісіне ғана пара-пар. 

"Бұл - бақылаудан шығып кеткен ядролық реактор. Және де ол - биологиялық Фукусима", - дейді вирустарды қадағалайтын бразилиялық дәрігер және Американың Дьюк университетінің профессоры Мигель Николелис "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Сейсенбіде елдің денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағатта  4195 адамның COVID-19-дан өлгенін  хабарлады. Бразилияда ақпан айының соңынан бастап апта сайын өлім-жітімнің күнделікті саны тіркеліп келеді. Өйткені жұқпалы инфекцияның жергілікті нұсқалары анықталып, әлеуметтік алшақтық ережелері мардымсыз орындалып жатқандықтан, індет қайта өршіп барады.

Молада орын жоқ

АҚШ-та жаппай вакцинациялау науқаны вирусты ауыздықтап жатқанда, Бразилия пандемияның эпицентріне айналып отыр. Мұнда әлемде коронавирустан бір күнде қайтыс болған адамдардың төрттен бірі тіркеліп отыр.

Айта кетсек, сәуірдің 1-де Сан-Паулуда коронавирус құрбандарын жерлейін орын табылмай жатқандықтан, ескі қабірлерді қазып, бұрын қайтыс болғандардың сүйектерін өзге жаққа көшіру операцияларын жеделдету туралы шешім қабылданды.

Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары вирустың таралуын төмендетудің ең жақсы тәсілі - маскалар мен локдаундар деп қанша кеңес берсе де, президент Жаир Болсонару бұлардың бәріне әу-баста қарсы болды.

Өткен жылы әлем вакциналау науқанына асыға кірісіп жатқанда, Бразилия шабандық танытып,  ұлтты иммундау жұмыстарын кеш бастады.

Жақында пандемия қайта өрши түссе де, Бразилия шенеуніктері елді таяуда  баяғы тіршілігіне оралатынына сендіріп отыр.

"Біз екі-үш айдан кейін Бразилия бизнеске оралуы мүмкін деп ойлаймыз. Әрине, экономикалық белсенділік төмендеуі ықтимал, бірақ бұл өткен жылғы құлдыраудан әлдеқайда жеңіл ... және әлдеқайда қысқа болады,”-  дейді экономика министрі Паулу Гуедес сейсенбіде өткен онлайн-конференцияда.

Болсонару өзіне қарсы күшейіп келе жатқан саяси қысымға жауап ретінде бес министрді ауыстырып, негізгі посттарға сыбайластарын қойып, келесі жылы екінші мерзімге сайлану үшін бәсекелестеріне қарсы қатаң науқан бастап кеткендей.

Дегенмен, кейінгі кездері президент өзі бір кездері місе тұтпаған вакциналарды жарнамалау арқылы иммундау жұмыстарына деген көзқарасын өзгертті. Және де бұрынғы әсіре оңшыл армия капитаны экономикалық белсенділікке қарсы мемлекеттік және муниципалдық шектеулерді алып тастау үшін соттарда күресті жалғастырып жатыр.

Кедейлер қатарына тағы 17 млн адам қосылды

Тhe Getulio Vargas қорының дерегінше, пандемия кесірінен үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Бразилияда кедейлер үш есеге немесе 17 миллионға адамға көбейген. Зерттеушілердің өзге бір дерегінше, қазір 27 миллион тұрғын немесе ел халқының 12,8 пайызы кедейшіліктен де төмен (айына 44 долларға жуық табысқа) деңгейде өмір сүріп жатыр.

Николелис те,  Фиокруз медициналық институтының зерттеушісі Кристовам Барселос та  Бразилия Америка Құрама Штаттарынан өлімнің жалпы саны бойынша да,  күндік өлім-жітім жағынан да асып түсетінін болжап отыр.

Вашингтон университетінің Денсаулық көрсеткіштері мен бағалау институтының (IHME) моделіне сәйкес, келесі аптада Бразилия COVID-19 өлімінің орташа жеті күндік көрсеткіші бойынша АҚШ-тың рекордын бұзуы мүмкін. Құрама Штаттарда күнделікті өлімнің орташа деңгейі қаңтарда 3285 адамға жеткені белгілі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу