2019 жылғы планета: қаңтар-желтоқсан

4697

Inbusiness.kz биылғы жылдың басты халықаралық жаңалықтарының қысқаша шолуын ұсынады.

2019 жылғы планета: қаңтар-желтоқсан

Егер 2019 жылдан аздап қажысаңыз, онда жалғыз емессіз. Тарих қойнауына еніп бара жатқан доңыз жылы күллі әлем жұрты үшін мазасыз болды. Ал, жаңалықтарда бітпейтін жоғары деңгейдегі кездесулер, саммиттер, шерулер мен қақтығыстар үстемдік етті. Дүниені елең еткізген және келесі жылы да жалғасын табуы мүмкін сол оқиғалардың бір парасын шолып өтсек. Олардың қысқаша мазмұны төмендегідей:

Импичмент жыры

Биыл әлем назарын елең еткізген басты оқиғалардың бірі – Дональд Трамптың Америка тарихында импичмент жарияланған үшінші президент атануы. Бұның жыры шілдеде басталды. Сол кезде Ақ үй қожайыны украиналық әріптесі Владимир Зеленскийге сайлаудағы қарсыласы Джо Байден мен оның ұлы Хантерді тергеу туралы қысым жасағаны әшкереленді. Осы жанжалға байланысты, желтоқсанның 19-да Конгресстің өкілдер палатасы Трампқа екі айып тақты: қызметін асыра пайдаланды және парламент жұмысына кедергі жасады деген. Енді президент тергеліп, отставкаға кете ме, әлде орнында қала ма? Бұл мәселені қаңтарда Сенат шешуі керек. Бірақ, жоғарғы палатада отырғандар – мемлекет басшысының партияластары, республикалықтар. 

Лагерь ме, орталық па?

2019 жылы Қытайға да назар ерекше болды. Вашингтон бұл елмен сауда соғысын жалғастырып қана қоймай, Шыңжаңдағы жағдай үшін оның кейбір шенеуніктері мен компанияларына алғаш рет санкция жариялады. Құрама Штаттар әкімшілігіне, БҰҰ-ға, адам құқығын қорғау ұйымдарына сенсек, Қытай миллиондаған ұйғырды, қазақты және тағы басқа мұсылмандарды еркінен тыс лагерьлерге қамап отыр.  Алайда ресми Бейжің бұны үнемі жоққа шығарып, шыңжаңдықтардың лагерьлерге емес, кәсіп үйрететін орталықтарға жіберілгенін мәлімдеп келеді.  

Ұшпайтын Boeing

Өтіп бара жатқан жылы дүние жұрты көз тіккен оқиғалардың бірі - Boeing 737 MAX 8 ұшағының  наурызда Эфиопия астанасы Аддис-Абебадан әуеге көтерілгеннен кейін жерге қарай құлдилауы. Бұл апаттан 157 адам қаза тапты. 2018-дің күзінде Индонезияда дәл осындай лайнер апатынан 189 адам мерт болды. Екінші трагедиядан кейін бүкіл әлемде "макстер" жерге қондырылып, "Боинг" компаниясы миллиардтаған доллар шығынға батты. Желтоқсанның 23-де корпорация президенті Деннис Мюленбург отставкаға жіберілді.  

Жаңа Зеландия: мешітке шабуыл

Биылғы жылы  наурыздың 15-де Австралия азаматы Брентон Таррант Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласындағы екі мешітте жұма намазына жиналған жамағатқа оқ жаудырды. Шабуылдан кемінде 50 адам мерт болып, тағы 50-і жараланды. Бұл қанды қырғын бірнеше күн бойы халықаралық ақпарат құралдарының назарынан түскен жоқ. Ел үкіметі болса, сұмдық трагедиядан соң жартылай автоматтық қару мен әскери винтовкаға заңмен тыйым салды.

Доғарылған, доғарылған, доғарылған "Брексит" 

Ұлыбритания мен Еуропа одағының ажырасу процесі өз алдына бір қисса. "Брексит" келісім жобасын премьер-министр Тереза Мэй 2019 жылы парламенттен үш рет өткізе алмады. Сондықтан, елді интеграциялық блоктан бөлу мерзімін қайта-қайта доғаруға тура келді. Халық қалаулыларына сөзі өтпеген Мэй ақыр соңында өзі отставкаға кетті. Ал, оның орнын басқан Борис Джонсон желтоқсанның 12-інде өткен парламенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Біріккен Корольдікті 2020 жылы қаңтардың 31-інде одақтан шығаруға жол ашып отыр.  

Францияның символы - өрт құрбаны

Ал,  сәуірде Францияның әлемге әйгілі символы – Париждің Нотр-Дам кафедралдық соборы өртеніп кетті. 850-жылдық шіркеудің сүмбісі мен шатыры құласа да, басты құрылымы мен екі мұнарасы, діни реликвиялары мен баға жетпес өнер туындылары аман. Лапылдаған жалын күллі французды қайғыртып қана қоймай, бүкіл әлемге мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау қажеттігін ескерткендей. Қазір готикалық үлгідегі ғимарат қайта қалпына келтіріп жатыр. Бірақ оны толық қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.  

Лас мұнай

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында халықаралық баспасөзде Беларусьтен Германияға барар жолда миллиондаған баррель мұнайдың ластанғаны туралы хабар-ошарлар тарады. Осыған байланысты Ресей мұнайының "Дружба" құбырындағы ағыны тоқтап, бір баррель "қара алтынның" бағасы 75 доллардан асты. Бұл – соңғы жарты жылдағы максимум еді. Былғанған шикізат құрамында қазақтың 590 мың тонна мұнайы да болды. Кейіннен Мәскеу сол бүлінген шикізаттың әр баррелі үшін Қазақстанға 15 доллар өтемақы төлеуге келісті.   

Түркия, Трамп, Бағдади

Қазанда АҚШ "Даиш" террористік тобымен соғыстағы басты одақтасы – күрдтерді қолдауды доғарып, Сирияның солтүстік-шығысынан әскерін әкететінін жария етті.  Осы үшін Трамп әкімшілігі "сатқын" атанып отыр. Ал, Түркия Америка тастап кеткен аймаққа іле-шала қарулы күштерін кіргізіп, күрд отрядтарына қарсы операция жүргізді.  

Күздің тағы бір айтулы жаңалығы – 2014 жылы Сирия мен Ирактың үштен бір бөлігін басып алып, "халифат" жариялаған "Даиш" лидері Әбу Бәкір әл-Бағдади Құрама Штаттардың арнайы қызметі жүргізген рейд кезінде мерт болды. Бұл қаза онсызда Таяу Шығыс пен әлемдегі ықпалы әлсіреген радикалдық ұйымға үлкен соққы болып тиді.  

"2019 – Шерулер жылы"

2019 жылды кейде шерулер жылы деп атайды. Биыл тіпті Иран жұрты да көтеріліп, мұнда бензин бағасының қымбаттауына қарсы демонстрациялар елдің 100-ден астам қаласына тарады. Жүздеген адам қаза тауып, мыңдағаны тұтқындалды. Ал, Гонконгта маусымда басталған қарсылық акциялары әлі жалғасып жатыр.  Жергілікті тұрғындардың қазіргі талабы – халықтың демократиялық құқықтарын кеңейту. Айта кетсек, қарашада өткен муниципиалдық сайлауда Гонконгта қытайшыл кандидаттар ойсырай жеңілді. Бұл саяси тайталас келесі жылы да жалғасуы мүмкін.

Шерулер жер шарының өзге мемлекеттерінде де өтті. Сәуірде Алжирді ондаған жылдар бойы басқарған Әбделәзиз Бутефлика билікке қарсы манифестациялар нәтижесінде отставкаға кетті. Сәуірде Судан жұрты көшеге шығып, президент Омар Хасан әл-Башир үкіметін құлатты. Ал, күзде Ливан мен Иракта сан мың адам демонстрацияларды бірнеше апта бойы тоқтатпай, премьер-министрлерін портфелін тапсыруға мәжбүр етті. Чили, Никарагуа, Боливия, Ресей, Үндістан тұрғындары да жаппай көшеге шықты. Боливия басшысы Эво Моралес шетелге қашып, Аргентинадан саяси баспана сұрады. Осылайша, биыл әлемде миллиондаған адам өз өмірлерін қауіпке тігіп, көтеріліп келе жатқан авторитаризмге наразылық білдіріп, билікке талап-тілектерін орындату жолында күрес жүргізіп жатыр.

ОПЕК: Бағаны өсірмес пәтуа

2019 жылы мұнай бағасы бірде өсіп, бірде түсіп, тағы да тұрақсыздығымен ерекшеленді. Нарықта көбейіп бара жатқан энергетикалық шикізатты азайтып, көмірсутегінің нарқын қымбаттату үшін ОПЕК+  желтоқсанда өндірісті қысқарту туралы жаңа пәтуаға қол қойды. Алайда, The Wall Street Journal газеті бірер күн бұрын әлемнің негізгі 13 банкі арасында сауалнама жүргізіп, мұнай бағасының бұл келісімге қарамастан 2020 жылы да төмендеп, орта есеппен 61,23 долларға сатылатынын болжап отыр. Айта кетсек, биыл қыркүйекте "Рейтер" агенттігі хабарлағандай, Қазақстан да ОПЕК+ аясында өндірісті арттырмау міндеттемелерін орындап келеді.

"Жыл адамы", Амазон

Биыл "Тайм" журналы швециялық экология белсендісі Грета Тунбергті "Жыл адамы" деп атады. Қыркүйекте Грета атмосфераны ластамайтын қайықпен Нью-Йоркке жүзіп барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттық саммитінде сөз сөйледі және де сол жиында ол әлем лидерлерін "бос сөзбен арманым мен балалық шағымды ұрладыңдар" деп айыптады. Осы ренішімен қаршадай қыз қоршаған ортаны қорғау проблемасына төрткүл дүниенің назарын аударып, жер шарында миллиондаған жасты климаттық шерулерге ынталандырды.

Планетаны улы газдан қорғаудағы маңызы зор Амазон ормандарында өрт тіпті қаулап,  2019 жылы онда оттың 80 000 ошағы анықталды. Күлге айналып жатқан джунглиге қарап, Франция президенті Эмманюэль Макрон "үйіміз жанып жатыр" деген еді. Ғалымдарға сенсек, Амазон нуы саваннаға айналатын болса, атмосфераға миллиардтаған тонна күйе тарауы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу