Ресей өтемақы төлеуге келісті

4384

"Дружба" құбырында ластанған мұнай үшін Мәскеу Қазақстанға ондаған миллион доллар төлеуі мүмкін.  

Ресей өтемақы төлеуге келісті

Қазақстан мен Ресей қазақтың ластанған мұнайының әр баррелі үшін 15 доллар төлеу туралы келісімге қол жеткізді. Мұны бейсенбі күні "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Айта кетсек, энергетикалық шикізат көрші мемлекеттің "Транснефть" компаниясының құбырында бүлінгені белгілі.

Бұған дейін халықаралық агенттікке осы индустриядағы үш ақпарат көзі мәлім еткендей, өтемақының жалпы құны 76 млн долларға жетіп, оған сапаның жоғалуына, тұрып қалуға және қоймада сақтауға қатысты компенсациялар кіреді.

"Оларға өндірушілермен келіссөздерді аяқтау ғана қалды. "Транснефть" қазақстандық экспорттаушылардан шығын туралы қосымша дәлел талап етпейді",– деді Бозымбаев жақында Нұр-Сұлтанда өткен энергетикалық конференцияда.

Мұнайдың ластанғаны туралы жаңалық биыл сәуір айының соңында тарады. Сол кезде Балтық теңізі жағалауындағы Усть-Луга портына жеткен және  Германияға, Польшаға, Украинаға, Беларуське, Чех Республикасына баратын "Дружба" құбырындағы мұнайдан химиялық элемент табылғаны белгілі.

Ластанған көмірсутегі ағыны тоқтатылмас бұрын, Усть-Лугадан "Дружба" арқылы Ресейдің 5 млн тоннадай бұзылған мұнайы Орталық Еуропаға жетіп үлгерген. Соның құрамында "Витол" сауда үйі сатып алған 700 мың тоннадай қазақ мұнайы да бар еді.

Өндіріс тұрақты

Биыл Қазақстанның мұнай өндірісі өзге кеніштерді қолдауға байланысты біраз кідірді. Соған қарамастан, еліміз 2020 жылы өндірісті тоқтатпай 90 млн тонна мұнай шығаруды көздеп отыр.

Биылғы жылы Қазақстан 89 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған еді. Алайда өндіріс көлемі одан асып кетеді деген болжам бар. 

Қанат Бозымбаевтың есебінше, Қазақстанның мұнай өндірісі 2023 жылға дейін тәулігіне 1,8-1,9 млн баррелді құрап, өз тұрақтылығын сақтамақ. Содан кейін өндіріс айтарлықтай өсуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, еліміз ОПЕК-ке кіретін және оған мүше емес мемлекеттермен бірге келесі жылдың наурызына дейін өндірісті қысқарту туралы келісімге қатысып жатыр.

Энергетика министрінің өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы шетелдік акционерлермен арадағы ұзақ дауы сотта реттеледі. Энергетика министрінің айтуынша, Shell мен Қарашығанақ газ конденсатын дамытып жатқан Eni компаниясымен арадағы дауға қатысты арбитраж жалғасын табады.

Ресейдің "Лукойл" компаниясы өкілдерінің айтуынша, Қазақстан 2015 жылы Қарашығанақты игеріп жатқан шетелдік фирмаларға қарсы 1,6 млрд доллардың шағымын түсірген. Өйткені еліміз бұл операциялардан түсетін табыстан әділ үлесін ала алмай отыр.

Былтыр тараптар бір шешімге жақындап қалғанын мәлімдеді. Оған сәйкес, шетелдік акционерлер Қазақстанға 1,1 млрд доллар төлеп, болашақ табыстарының айтарлықтай бөлігін беруге уағдаласқан. Бірақ  бұл пәтуа әлі толық жасалып болған жоқ.

"Соңғы сот тыңдалымы қазанда өтеді. Яғни, келесі аптада басталады. Арбитрларға шешім шығару үшін әдетте жарты жылға дейін уақыт қажет болады. Бірақ мәселе оған дейін де шешіліп қалар",– деді "Рейтерге" берген сұхбатында энергетика министрі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу