Boeing дағдарысы

4838

Эфиопиядағы апаттан кейін Boeing концерні үшін оның ең жаңа ұшақтары дүниежүзілік проблемаға айналып отыр.

Boeing дағдарысы

Boeing 737 MAX 8 ұшақтарын ұшырмау әлемдік сипат алып, Boeing компаниясы дүниежүзілік деңгейде дағдарысқа душар болды. Сәрсенбі күні АҚШ пен Канада да "макстарды" қондырған елдер қатарына қосылды. Өйткені, Эфиопия мен Индонезияда болған ұшақ апаттарының себептері бірдей екені дәлелденіп отыр.

Наурыздың 10-да Ethiopian Airlines компаниясының Boeing 737 Max 8 лайнері Аддис-Абебадан Найробиге аттанып, арада алты минут өткенде Эфиопия астанасынан шығысқа қарай 60 шақырым жерге құлап, 157 адам мерт болды. Құрбандар – әлемнің 35 елінің азаматтары. Олардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен байланысты агенттіктердің 22 қызметкері бар.

Бұл – осы үлгідегі ұшақтардың соңғы бес айдағы екінші апаты: 2018 жылы қазан айының соңында Индонезияның Lion Air компаниясының Boeing 737 Maх 8 лайнері Ява теңізіне құлап, 189 адам мерт болды.

Индонезиялық ұшақтың "қара жәшігінен" алынған мәліметтерге қарағанда, Boeing 737 Max 8 лайнерінің "тежелудің алдын алу жүйесі" ұшақтың тұмсығын қайта-қайта төмен қарай бағыттай берген, ал пилот сол кезде ұшаққа ие болуға жанталасқан.

Ethiopian Airlines компаниясының ұшқышы да апат алдында өзі басқарған әуе машинасында дәл осындай проблеманың барына шағымданып, әуежайға оралуға тырысқан.

АҚШ-тың Федералдық Авиациялық Әкімшілігінің уақытша басшысы Даниэль Элвеллдің мәлімдеуінше, "құлар алдында эфиопиялық ұшақтың траекториясы Lion Air лайнерінің траекториясына ұқсас" болды. Сондықтан, Құрама Штаттар бұл типтегі әуе машиналарының сапарын доғару жайлы шешім қабылдап отыр. Ал, Трамп оларды түгелдей жерге қондыруды бұйыра отырып,  "бізді ең алдымен барлық америкалықтардың қауіпсіздігі алаңдатады", деп мәлімдеді.

Пилоттардың  шағымы
Lion Air-дің 610-шы рейсі апатқа ұшырағаннан  кейін төрт америкалық пилот Boeing 737 Max 8 ұшақтарының жерден көтерілгеннен кейін-ақ тұмсығы төменге қарай тартатынына шағымданған. Мұны Америка ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА-ның Авиациялық оқиғаларды ерікті түрде жария ету жүйесінің құжаттарына сілтеме жасап "Франс пресс" агенттігі хабарлап отыр.

Lion Air апатынан соң жарияланған өзге екі анонимдік хабарламаға қарағанда, осындай маркалы лайнермен рейске шыққан ұшқыштар автопилотты өшіріп, ұшақтың ұшу траекториясын реттеген жағдайлар да кездескен. Және де олардың бірі  осынау "аспан машинасының" неліктен "агрессивті түрде тұмсығын жерге бағыттай беретінін" түсінбейтінін айтқан.

АҚШ-тың көлік органдары бұл инциденттерді тексере ме, ол жағы әзірге белгісіз. Бір анығы – Америка Федералдық авиациялық әкімшілігі осы аптада мәлімдегендей, ол Boeing компаниясын ұшу бағдарламасын  жаңартуды және пилоттарға осындай маркалы ұшақтармен ұшуға қайта машықтауды міндеттеген.

Тағы бір айта кететін жайт, Lion Air трагедиясынан кейін Boeing  басшылығы 737 ұшқыштарына "тежелудің алдын алу жүйесінің" қызметі жайлы жөнді ақпарат бермеді деп сынға ұшырады.

Әуеге жол жоқ
Boeing 737 MAX 8 ұшақтары жаңа модельге жатады. Олар алғаш рет аспанға 2016 жылдың қаңтарында көтерілді. Ал, Ethiopian Airlines компаниясының жолы болмаған лайнері осыдан 4 ай бұрын ғана рейске шыға бастаған.

Сәрсенбі күні Канада, АҚШ, Чилиден кейін Мексика, Панама, Бразилия да MAX 8 және 9 ұшақтары үшін әуеге жолды жапты. Сонымен қатар, көптеген авиациялық кәсіпорындар мұндай шешімді биліктің бұйрығынсыз өз еріктерімен қабылдап жатыр.

Аталған мемлекеттерге дейін Қытай, Қазақстан, Нигерия, Ливан, Мысыр, Сербия, Вьетнам, Жаңа Зеландия, Гонконг, Түркия, Индонезия, Сингапур, Еуропа одағы елдері, Аустралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Малайзия, Оңтүстік Корея да "макстарды" түгелдей қондырды. Жалпы алғанда, әлемде шамамен 40-тан астам ел осындай шешім қабылдаған.

Енді сол мемлекеттердегі кейбір авиациялық кәсіпорындар "макстардың" ұшпауынан зиян шектік деп, Boeing-тің есігін қағуы мүмкін. Ал, америкалық концерн шығынды өтеуден бас тартса, оны сотқа беретін компаниялар да табылып қалады. Бұған мысал: осыдан бірер күн бұрын  Norwegian Airlines жоғалтқан бизнесін қайтару үшін әділет органдарына шағымданатынын мәлімдеді. Бұл қадам әлемнің өзге компанияларына үлгі болуы ғажап емес. Қысқасы, көп сатылып, табысты молайтады деген MAX 8 және 9 ұшақтары енді Boeing үшін үлкен үлкен халықаралық проблемаға айналып отыр.

MAX-тар Boeing-тің ең тез сатылған модельдері қатарында болды. АҚШ Федералдық авиациялық әкімшілігінің  дерегінше, Эфиопиядағы апатқа дейін Құрама Штаттарда мұндай ұшақтардың 74, әлемде 387 данасы қолданыста болған. Және де оларды дүниежүзінде 59 авиациялық компания сапарға аттандырып келді.

Трамптың бұйрығынан кейін Boeing-тің акциялары 3 пайызға арзандады. Қазір сол құнды қағаздардың бағасы Эфиопиядағы апатқа дейінгі нарқынынан 10,6 пайызға төмен болып тұр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу