Airbus пилотсыз басқарылатын ұшақ шығармақшы

4225

Еуропаның әйгілі авиациялық зауыты әлем назарын өзіне аударды.

Airbus пилотсыз басқарылатын ұшақ шығармақшы

Бұл турасында Airbus компаниясы сату департаментінің басшысы Кристиан Шерер "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, еуропалық авиациялық зауыт 2035 жылға дейін гибридтік мотормен және электр қуатымен қозғалатын ұшақтарын сата бастауы мүмкін.  

Дегенмен мұндай әуе машиналары үшін әлі батареялар дайын емес. Бірақ Кристиан Шерердің сөзінше, Airbus ұшқышты қажет етпейтін немесе бір пилотпен ғана ұшатын машинаға қажетті технологияға қазірдің өзінде қол жеткізіп отыр.

"Мәселе технологияда емес – реттеуші органдар мен жолаушылар қауымының идеямызды қабылдап, қолдауында. Оны қашан үлкен коммерциялық ұшаққа айналдырамыз? Бұл жайтты тиісті мекемелермен, клиенттермен талқылап жатырмыз. Технологиялық жағынан ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз", – дейді Кристиан Шерер.

Автономдық, яғни пилотсыз жолаушылар ұшағы туралы әңгіме қозғалғанда, қауіпсіздік – негізгі мәселе. Былтыр күзде және биыл көктемде Boeing 737 Max лайнерлері компьютерлік жүйесіндегі ақауға байланысты апатқа ұшырап, 300-ден астам адам опат болды. Содан бері авиациялық қауіпсіздік бұрынғыдан да өзекті проблемаға айналды.

Кристиан Шерердің сөзінше, бұл екі трагедия "боингке" де, "аэробусқа" да абсолюті қауіпсіздік қажет екенін ұқтырды.

"Біз солтүстік-шығыс Азиядан Оңтүстік Азияға, Таяу Шығыстан Балиге немесе Жапониядан Австралияның шалғайына ұша алатын боламыз", – дейді Кристиан Шерер.

"Боингтің" бағы қайта жанды

Париж авиасалоны Boeing үшін сәтсіз басталды. Көрменің бірінші күні ол ұшақ сату туралы бірде бір компаниямен шартқа отырған жоқ. Мұның басты себебі – Эфиопия мен Индонезияда болған авиациялық апаттардан кейін "Боингтардың" қауіпсіздігіне әлемде күмән пайда болды. Концерн басшысы мәлімдегендей, 737 MAX маркалы бір емес, екі лайнер құлағаннан кейін Boeing Париж әуе көрмесіне  сату үшін емес, репутациясын қорғау үшін қатысқан.  

Дегенмен Boeing концернінің бағы қайта жанып, ол British Airways пен өзге де авиакомпанияларға 737 МАХ маркалы  ұшақтың 200 данасын 24 млрд долларға сату туралы ниет хатына қол қойыды.  

Жасыл авиация

Қазір авиациялық индустрия  2050 жылға дейін атомосфераға улы газ таратуды шектей алатынын дәлелдеуге  әрекеттеніп жатыр. Себебі ұшақ жасаушыларға  зиянды қалдықтарды қысқартуды талап ететін арнайы органдар, экологтар, қоғам белсенділері тарапынан қысым күшейіп келеді. Сондықтан Ла-Буржеде әуе компаниялары мен авиациялық зауыттардың өкілдері ұшақтардан тарайтын улы түтінді шектеуге инвестиция бөлуге уәде берді. Бүгінде керосин тұтынатын ұшақтарды электр қуатымен ғана емес, тіпті сумен ұшатын әуе машиналарымен алмастыратын технология  іздестіріп жатыр.

UBS-тің болжамынша, экологиялық таза көлік заман талабына айналып бара жатқандықтан, жасыл авиация технологияларын дамытуға 2040 жылға дейін 178 миллиард доллар қажет болады.

Тағы бір айта кететін жайт, осы аптаның соңында Еуропа елдерінің қаржы министрлері ауаның ластануымен күрес мақсатында авиациялық отынға салықтық жеңілдіктер жасауды тоқтату мәселесін талқылайды.

Кейінгі кездері әуе өнеркәсібіне автомобиль индустриясын үлгі етушілер көбейді. Алайда автомобильге қарағанда, ұшақтарға аспанға көтерілу қажет, демек, оларға әлдеқайда көп күш керек болады. Сондықтан әзірге электр қуатымен қозғалатын әуе машиналарының көлемі шағын, бағыты қысқа.

Ғалам бойынша атмосфераға тарайтын көміртегінің 2,5 пайызы коммерциялық авиацияның үлесінде. Әсіресе Азияда орта тап қалыптасып келе жатқандықтан, ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшері алдағы жылдары артпаса, кемімейді.

Арыс Әділбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу